Жаңалықтар

Француздар, орыстар және бiз

... ХIХ ғасыр. Дәл уақытын айтсақ, 1830 жылдың 25 ақпаны.
30.06.2014 13:02 4080

... ХIХ ғасыр. Дәл уақытын айтсақ, 1830 жылдың 25 ақпаны. Әйгiлi Париж. Жаңашылдығымен мәлiм Комеди-Франсез театрының маңы. Қара суыққа, кезектi қойылымның басталуына төрт сағаттай уақыт барлығына қарамай, театр төңiрегiне қарақұрым халық жиналып қалған. Түрлерiне, киiнген киiмi, өздерiн ұстау мәнерлерiне қарап, әртүрлi топтың өкiлдерi екендiгiн аңғаруға болады. Жасы да, кәрiсi де бар. Бәрi әлденеге тастүйiн дайын болып келген секiлдi. Бұлардың сұсты жүздерiнен қаймыққандай кездейсоқ көше жүргiншiлерi оларды айналып өтiп жатыр. Тезiрек бұл арадан жылыстап кеткiсi келетiндей.

Кенет айқай-шу шыққан. Әлдебiр үйiрiлiп тұрған топ тағы бiр ұйысқан ортаға қолдарындағы жемiс-жидек қалдықтарын лақтыра бастаған. «Бомбалау» эпицентрiнде қалған топ қорғануға көшкен.

Бұл француз әдебиетiндегi байырғы классицизм өкiлдерi мен жаңа қанат жайып келе жатқан романтиктер арасындағы қақтығыс едi. Ал осы күнi театрда романтиктер көшбасшысы Виктор Гюгоның «Эрнани» драмасының тұсаукесер қойылымы ойналатын-ды. Өз бағыттарына берiк классицизм жақтаушылары романтиктердi қалайда сүрiндiруге тырысқан. Ол үшiн актерлерге ойнауға мүмкiндiк бермеу, ысқыру, қаралау, қажет болса сахнаны күл-қоқыспен көмiп тастау, романтиктердi төбелеске арандату, мiне, осындай әдiс-амалдардың бәрi жан-жақты қарастырылған-ды. Осы таласта романтиктер жағында жазушы Бальзак пен композитор Берлиоз, студенттер Теофиль Готье мен Жерар Нервальдар қажыр-қайрат көрсетiстi. Тiптi Бальзактың басына ап-ауыр капуста түйнегi тиiп, бiршама жарақат та алды. Ал бұлардың бәрi кейiн ұлы француз мәдениетiне үлестерiн қосқан көрнектi тұлғалар болатын.

Ендi тағы бiр ғасырға кейiн шегiнейiк. Бүкiл орыс әдебиетiнiң (әртүрлi ағымдардың) өкiлдерi жиналып алып поэзиядағы «имажинистер» деп аталатын топтың ұстанымдарын «соттауда». Бас айыптаушы символизмнiң айтулы өкiлi Брюсов. Жауап берушiлер бүлiкшiл Сергей Есенин, Мариенгоф және т.б. Бiр қызығы, араға бiраз уақыт өткесiн осындай «әдеби соттың» алдында Брюсов және басқа символистер де жауап бередi.

Францияда бүлiк сипатында көрiнiс берген әдебиеттегi түсiнiсу шаралары мұнда бейбiт халде өтуде. Әрине, айтыс-тартыссыз емес. Осындай айтыс-тартыстан ұтатын кiм деген сауалға, бүгiнгi күннiң биiгiнен қарап тұрып, тек қана әдебиет деп жауап беруге әбден болатындай. Оған әдебиет тарихы дәлел. Ал, бiзде ше?..

Алда Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруы­­мен өтетiн әдеби жыл қорытындысы (наурыз айының орта тұсы деп жоспарлануда) жақындап келедi. Басқосуға әртүрлi әдеби бағыт, көзқарас, ұстанымдардың қаламгерлерi жиналатыны белгiлi. Мiнберден әрқилы пiкiрлер де айтылатындығы анық. Әйтеуiр, әдеттегiдей, ысқырусыз, еден тепкiлеусiз өтпейтiндiгi мәлiм. Ешкiмдi менсiнбей жүрген модернист, посмодернистер де бiр шеттен туларын көтерiп келiп, қатысып жатса тiптi ғажап бола түспек. Өйткенi, ендiгi олардың да бiршама қарасы бар топ екендiгi белгiлi. Есесiне, романтиктер, реалистер, символистер, сюрреалистер де табылып қалар. Тiптi, қу шөппен аузымызды сүрте бермесек, француз, орыс, мына жапонда да жоқ әдебиеттегi қазақы жаңа бағыттың шаңырағы көтерiлiп қалуы да әбден мүмкiн. Ең бастысы, қаламгерлер өзара айтысып, тартысып, бүгiнгi қазақ әдебиетiнiң қандай деңгейде екендiгiн, ендiгi қанша көтерiлерiн бағамдап берсiн. Осы басқосуда қайсы бағыттың әдебиеттегi негiзгi салмақты көтеретiндiгi анықталып жатса тiптен құба-құп.

Рас, бiздiкi дәме ғана. Француздар мен орыстарға жету қайда деймiз iштей. Әйтсе де жыл қорытындысында әде­­биеттiң әртүрлi жанрлары бойынша жасалатын баян­да­ма­лардың мазмұнды, қаламгерлердiң өз бағыттарын қорғауда табанды болатындығына сенгiң келедi. Әйтпесе, артында бiр түйiр сөз қалмайтын алқалы жиындар қайда өтпей жатыр дейсiз. Ең болмаса «төбелесiп» тарқасу керек қой.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға