Жаңалықтар

Француз инвесторлары Шымкентте бірлескен жобаларды қолға алады

Француз инвесторлары Шымкентте бірлескен жобаларды қолға алады
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі 09.02.2025 21:16 362

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге бастаған француз кәсіпкерлерімен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

EDF, Veolia, AZ Syndicat, C3Medical, Dualest, СП ALMGT, Richel Group сияқты жетекші француз компаниялары мен Франция-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының (CCIFK) өкілдері Шымкентте бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.

Қала басшысы мегаполиске ерекше назар аударған француз делегациясына алғыс білдіріп, бизнес-форум аясында өткен B2B және G2B кездесулерінің ынтымақтастықты нығайтып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.

Стратегиялық әріптестік және инвестициялық мүмкіндіктер

Кездесу барысында 2025–2028 жылдарға арналған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Жол картасына қол қойылды. Бұл құжат екі ел арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Жол картасы аясында:

  • Мәдени және білім алмасуды дамыту,
  • Қала құрылысы мен инфрақұрылымға заманауи француз технологияларын енгізу,
  • Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ғылым және білім салаларындағы әріптестікті арттыру жоспарланған.

Сонымен қатар, келісім аясында туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Оның ішінде Шымкентте Франция мәдениеті күндерін өткізу, Францияда Шымкент күндерін ұйымдастыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және іскерлік байланыстарды нығайту шаралары қарастырылған.

Кездесудің маңызды бөлігі ретінде арнайы гастрономиялық кешкі ас ұйымдастырылды. Француздың атақты шеф-аспазы Карлос Марсал мен қазақстандық шеф-аспаз Артём Канцев қонақтарға қазақ және француз тағамдарының ерекше үйлесімін заманауи үлгіде ұсынды. Бұл шара Париждегі Мишлен жұлдызды мейрамханалардың бірінде қазақ ұлттық асханасын таныстыру аясында басталған халықаралық бастаманың жалғасы болды.

Кешкі астың басты мақсаты – екі елдің мәдениеті мен гастрономиялық мұрасын біріктіру, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты тереңдету. Кездесу Мемлекет басшысының инвестиция тарту, инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу шарттарын оңтайландыру жөніндегі тапсырмасы аясында ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға