Жаңалықтар

Франкфуртта Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті

Франкфуртта Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті
Фото: «Отандастар Қоры» КЕАҚ 26.10.2024 22:24 398

Қазақстан Республикасының күніне орай «Отандастар Қоры» КЕАҚ ұйымдастыруымен, ҚР-ның Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен мерекелік шара өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Франкфурттағы Dr. Hoch’s Консерваториясының көркем сахнасында Алматы қалалық Мәдениет басқармасына қарасты «Сазген Сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті. Бұл шара қазақтың бай рухани мұрасын дәріптеуге және ұлттық өнерді халықаралық деңгейде танытуға арналды.

«Сазген Сазы» ансамблінің орындауында қазақтың терең тарихын, кең даласын, ұлы мұрасын паш ететін ән-күйлер мен әлемдік классика туындылары орындалды. 

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Тілегеновтың құрған бағдарламасында көрермендер Хамидидің "Бұл-бұл" әнін Наденова Надияның нәзік даусында тыңдап, Делибтің әсерлі "Испандық балеросы", Имрэ Кальманның "Сильва ариясы" сынды шығармалардың орындалуынан ерекше рухани ләззат алды. Сазсырнаймен Кашкимбаева Эльмира орындаған "Жетісу" күйі көрермендердің жүрегін тебірентті, ал Ержанов Женіс шырқаған халық әні "Жәриям айдай" қазақтың рухани әлемін аша түсті. Қобызда Ногайбаева Гүлназ орындаған В. Монтидің "Чардашы" мен домбырада Әлімбетова Сымбат орындаған В.А. Моцарттың "Түрік маршы" концертке ерекше әуенді бояу қосты.

Концертке 300-ге жуық көрермен жиналды. Олардың қатарында қазақ диаспорасының өкілдері, жергілікті тұрғындар, дипломаттар мен этникалық музыкаға ынтызар жанкүйерлер болды. Германияның 14 қаласынан, сондай-ақ Чехия мен Норвегиядан арнайы келген шетелдегі отандастар мен этникалық қазақтар бұл шараны рухани Отандарымен қайта қауышудың символы деп бағалап, қазақтың ұлттық өнеріне деген шынайы сүйіспеншіліктерін білдірді. Олар жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, бұл мерекелік шараның рухани байланысты нығайтудың маңызды үлгісі екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурттағы Бас консулы Таубалды Үмбетбаев өз сөзінде қазақ мәдениетін халықаралық қауымдастықпен бөлісудің Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызды рөлін ерекше атап өтті. Ол екі ел арасындағы достық қарым-қатынастардың мәдени алмасу арқылы дамып, қазақ және неміс халықтарының өзара түсіністігі мен ынтымақтастығын арттыруға ықпал ететінін баса айтты. Басконсул осындай мәдени іс-шаралардың елдер арасындағы достық көпіріне айналып, рухани құндылықтарды бағалауда ерекше орын алатынын жеткізді.

"Отандастар қорының" КеАҚ президенті Данияр Қадыров концерттің табысты өтуіне қолдау көрсеткен барша қауымға алғыс білдіре отырып, осындай іс-шаралардың қазақ өнерін дәріптеудегі маңыздылығын ерекше атап өтті. Мұндай шаралардың шетелде қазақ мәдениетінің байлығын әлемге танытудағы және диаспораның рухани бірлігін нығайтудағы ерекше рөліне тоқталды. 

Мерекелік кеш көрермендерге қазақ халқының рухани тереңдігі мен ұлттық мәдениетінің әсемдігін жаңа қырынан танытты. Бұл концерт қазақтың рухани қазынасын ХХІ ғасырға жеткізудің жарқын үлгісіне айналды, ал оның әсері көрермендердің жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға