Жаңалықтар

Фотобайқау: Наурыздағы Отырар кереметі

Фотобайқау: Наурыздағы Отырар кереметі
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 24.03.2023 10:10 3399

Түркістан облысы Отырар ауданында 21-23 наурыз аралығында «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған республикалық фотобайқау аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл фотобайқау – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті мен «National Geographic-Qazaqstan» журналының қолдауымен және Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың ұйытқы болуымен аудандағы ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын ерекше есте қалдыру және елімізде кенжелеп келе жатқан фотоөнерін бұқара арасында кеңірек насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Фотобайқау: Наурыздағы Отырар кереметі

Байқауға Өскемен, Астана, Алматы, Тараз және Түркістан қаласынан жиыны он фотосуретші қатысты. Олардың барлығы «Фотоөнер» ҚБ-нің мүшелері және жас ерекшелігі әр түрлі. Бірі зейнеткер болса, енді бірі кеше ғана студент атанған бозбала. Бірақ олар бұл байқауға дейін Қазақстанда алғаш рет өткізіліп жатқан «Деректі фото» курсына қатысып, алдын ала іріктеуден өткен.

Фотобайқау: Наурыздағы Отырар кереметі

Отырардағы Наурыз тойы биыл ерекше сән-салтанатымен өтті. Аудан орталығы Шәуілдір кентінің орталығына ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, «Нұр себеле – әз Наурыз!» атауымен кең көлемдегі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Орталық алаңдағы театрландырылған қойылым бойынша Наурыз тойына ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз бастаған ұлы көш келді. Көш басында Мысыр шаһарын 17 жыл басқарған Сұлтан Бейбарыс пен күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы, ән падишасы Шәмші Қалдаяқов, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтердің бейнесін сомдаған және әнші-күйші, жыршы өнерпаздар легі болды.

Фотобайқау: Наурыздағы Отырар кереметі

Алаңға тігілген киіз үйлер ұлы тұлғалардың есімімен «Әл-Фараби», «Арыстан Баб», «Өзбекәлі Жәнібеков», «Шәмші Қалдаяқов», «Мұхтар Әлиев», «Қажымұқан», «Мұхтар Шаханов», «Әселхан Қалыбекова», «Қаныбек Сарыбаев» ауылдары деп аталғанының өзі ерекше жарасып тұрды. Аудан тұрғындары мен қонақтары киіз үйлерде жайылған ақ дастархан үстіндегі ұлттық тағамдар мен Наурыз көжеден дәм татты.

Фотобайқау: Наурыздағы Отырар кереметі

Сонымен қатар көрермендер боз кілемдегі балуандар бәсекесін ерекше ынтызарлықпен тамашалап, гір тасын көтеру, қол күресі, арқан тартыс сайыстарынан бақ сынасты. Сондай-ақ, мерекеде қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылып, соңы өнер жұлдыздарының концертік бағдарламасына ұласты.

Фотобайқау: Наурыздағы Отырар кереметі

Фотографтар аудан орталығындағы Наурыз мерекесінен бөлек Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы сынды тарихи-мәдени орындарды, Арыс жағалауы сияқты көрікті жерлерді, музейлер мен ескерткіштерді күндіз-түні түрлі ракурста әртүрлі тәсілде түсіріп жарысты.

Мінекей осындай кереметтің әрбір сәтін фотографтар үш күн ішінде өз объективтері арқылы тарихқа айналдыра отырып 30 жұмыстан дайындап Қазылар алқасының назарына ұсынды.

Фотобайқау: Наурыздағы Отырар кереметі

Қазылар алқасының құрамы төмендегідей болды: Серік Мұқышұлы, Алтай аймақтық фотосуретшілер қоғамы төрағасының орынбасары (ҚХР), Қазақстан «Фотоөнер» қоғамдық-бірлестігінің мүшесі, «Деректі фото» курсының жетекшісі, төраға, Айдос Құлмаханов, Отырар ауданы әкімінің орынбасары, Асылхан Әбдірайымұлы, «Фотоөнер» қоғамдық-бірлестігінің төрағасы, елімізге белгілі фотограф.

Фотобайқау: Наурыздағы Отырар кереметі

Фотобайқауға жіберілген жұмыстардың ішінен үздіктерді анықтау оңай болмағанын Қазылар алқасының төрағасы Серік Мұқышұлы былай жеткізді:

Байқауға келіп түскен жұмыстардың деңгейі өте жоғары болды. Осының алдында Алматы қаласында өткен «Сын сағатында» айтылған сын-ескертпелерді фотографтардың ескергендерін және әрбір қатысушының шеберлігі анағұрлым көтеріліп қалғанын айта кетейін. Себебі біз үздік үштікті анықтауға бес сағат уақытымызды сарп еттік. Осындай байқаулар ұйымдастыру арқылы қазақ фотосуретшілерінің деңгейін әлемдік деңгейге шығарсақ деген асыл арманымыз бар. Біздің о бастағы мақсатымыз да осы еді, - деді.

Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздар анықталып дипломдар мен сертификаттарға: 1 орын Данагүл Әбдікәрім 100 000 теңгеге (Өскемен), 2 орынды иеленген Әкбар Үркінбайұлы (Алматы) мен Мейірбек Тажкуранов (Астана) 70 000 теңгеге, 3 орын алған алматылықтар Ернұр Манапхан, Бақдәулет Әбдуәлі және Ерқанат Аманкел 50 000 теңгеден сый-сыяпатқа ие болды. Сонымен қатар байқау ұйымдастырушылары мен сайыс жеңімпаздары Аудан әкімінің атынан арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.

Фотобайқау: Наурыздағы Отырар кереметі

Айта кетейік, мұндай байқау еліміздегі фотосуретшілердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше септігін тигізетіні белгілі. Алдағы уақытта мұндай байқауларды еліміздің өзге де өңірлерінде өткізу жоспарлануда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға