Флюорографиядан өткен 5,6 млн адамның 4 мыңынан туберкулез анықталды

Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылықтың тұрақты төмендеуі байқалады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Соңғы 6 жылда аурушаңдық 27%-ға, өлім-жітім 50%-ға төмендеді. 2024 жылы 5,6 млн адам флюорографиядан өтіп, 4016 жағдайда туберкулез анықталды. Диагностикада молекулалық-генетикалық әдістер, Манту сынағы, Диаскинтест және флюорография белсенді қолданылады.
Қазіргі таңда 6380 науқас амбулаториялық ем қабылдауда. Олардың 59,4%-ы емханаларда, 36,9%-ы смартфон арқылы бақыланатын қашықтан емделеді. Көптеген дәріге көнбейтін туберкулезді емдеу мерзімі 18 айдан 9-12 айға қысқарды. 2024 жылы жаңа претоманид препараты қолданылатын 6 айлық қысқа режим енгізілуде.
Қазақстанда туберкулезді емдеу тиімділігі жоғары – дәріге сезімтал түрінде 90%, ал дәріге көнбейтін түрінде 82%. Барлық пациенттер дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген, ал алдын алу шаралары белсенді жүргізілуде.
