Жаңалықтар

Фейк: «Қазақстандағы барлық дәрі-дәрмектің алтыдан бір бөлігі – контрафакт»

Фейк: «Қазақстандағы барлық дәрі-дәрмектің алтыдан бір бөлігі – контрафакт»
Фото: © Pixabay.com 09.09.2023 18:15 1205

ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мұның бәрін жоққа шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Видеодағы адам бірден бірнеше жалған тезис келтіреді. Біріншісі: Қазақстандағы дәрі-дәрмектің алтыдан бір бөлігі – контрафакт. Екіншісі: ҚР кеденінде «Фастум гель» препаратының партиясы тәркіленді, оның вазелин бұрыш және лимон сығындысынан тұратыны анықталған. Үшіншісі: Қарағандыда 35 жастағы автобус жүргізушісі «анальгин» ішіп, жарты сағаттан кейін қайтыс болған, дәрінің құрамында егеуқұйрыққа қарсы у болған. Бұл препараттан тағы 16 адам уланған екен. Төртіншісі: Алматыда дәріханаларды тексеру кезінде «Но-шпа» препараты деп кәдімгі борды сату фактісі тіркелген.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бұл тезистердің бәрін жоққа шығарды.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері бұл мәлімдеме бойынша Қазақстан Республикасының аумағында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласында бұзушылық фактілерін анықтаған жоқ және тіркемеген. Яғни, белгісіз дәріскер айтқан «фактілердің» ешқайсысы расталмады, демек, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Айта кетейік, елімізде барлық дәрі-дәрмек дәріханаларға жеткізілмес бұрын қауіпсіздік мен тиімділік жағынан міндетті сараптамадан өтеді. Кешенді бағалауды Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптаудың ұлттық орталығының сарапшылары жүргізеді (ДЗМБСҰО). ДЗМБСҰО сарапшылары құжаттарды мұқият талдайды, клиникалық және клиникаға дейінгі зерттеулер бойынша деректерді зерттейді, зертханалық зерттеулер жүргізеді. Соның қорытындысы негізінде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тіркеу куәлігін, яғни Қазақстан Республикасының аумағында өткізуге рұқсат береді. Сонымен қатар дәрі-дәрмектерге тұрақты фармакологиялық қадағалау және қолдану кезеңінде медициналық өнімдерге мониторинг жүргізіледі, яғни препараттар мен медициналық өнімдердің сапасын талдау және бағалау бүкіл өмірлік циклде жүзеге асырылады. Бұл жұмысты Комитет ұлттық орталықпен бірлесіп атқарады, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ таралған роликтің жаңа емес екенін атап өткен жөн. Суреттерді кері іздеу құралының көмегімен видеоның алғаш рет 2019 жылдың наурыз айында Facebook әлеуметтік желісінде жарияланғаны анықталды. Бірақ онда кімнің сөз сөйлеп тұрғаны және оның қайда түсірілгені жазылмаған. Кейін бұл ролик YouTube және Instagram сияқты платформаларда да шыққан, бірақ кеңінен таралмаған.

Ролик тараған 2019 жылы да, одан кейінгі жылдары да БАҚ пен әлеуметтік желілерде Қарағандыда қайтыс болған жүргізуші, шекарада белгілі жақпа май партиясын тәркілеу, Алматыда дәріханаларда ауырсынуды басатын дәрі ретінде бор сатылғаны туралы ақпараттар шықпаған. Қорыта айтқанда, бұл оқиғаларды ролик кейіпкері ойдан шығарған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға