Фермерлер өнімдерін өткізе алмай жүр - депутат
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерболат Саурықов ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге ауыл шаруашылығы саласындағы шағын және орта бизнес өкілдері субсидиялау және мемлекеттік қолдау мәселелеріне қатысты бірқатар қиындықтарын тізбектеп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы саласындағы шағын және орта бизнес өкілдерінен субсидиялау және мемлекеттік қолдау мәселелеріне қатысты көптеген өтініштер келеді.
Бүгінгі таңда ауыл кәсіпкерлері мен тауарөндірушілер бірқатар шұғыл шешуді қажет ететін күрделі проблемаларға тап болуда. Айналым қаражатының жетіспеушілігі және несиелендірудегі қиындықтар бар. Фермерлер өз қызметін жүргізу үшін қажетті қаражат тапшылығын сезінуде. Банктік несиелерді алу қиындықтары кепілдік мүлкіне төмен бағалау коэффициенттерін (0,5) қолдану салдарынан күшейіп, қаржыландыруға қолжетімділікті шектейді. Инфрақұрылымның болмауы да мәселе тудырып отыр. Бөлінетін жер телімдері көбінесе негізгі инфрақұрылымы (электр, газ, су, жол) жоқ алыс аудандарда орналасқан. Инфрақұрылымды тарту шығындарының жоғары болуы ауыл шаруашылық өндірісін қаржылық тұрғыдан тиімсіз етеді. Сертификаттау және нарыққа қолжетімділіктің қиындығын да атап өту керек. Өнімді сертификаттауға қойылатын қатаң талаптар шағын тауарөндірушілердің нарыққа шығуына кедергі келтіруде. Өнімді өткізуге қолдаудың болмауы бар.Фермерлер өнімді өткізу мәселесіне тап болуда, себебі олардың сатылым бойынша тәжірибесі жеткіліксіз, сауда желілерімен жұмыс істеу талаптары күрделі (жалдау ақысы, ретро-бонустар), сондай-ақ субсидиялау жүйесінде ірі тауарөндірушілерге басымдық беріледі, - дейді депутат.
«Ауыл» партиясының» фракциясы келесі шараларды ұсынады.
- Шағын тауарөндірушілерге «Даму» қорының кепілдіктеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету, олардың бөліну тәртібін қайта қарау.
- Ірі және шағын өндірушілер арасындағы серіктестік жүйесін құру, шағын фермерлерді қолдағаны үшін мемлекеттік преференциялар ұсыну.
- Жер телімдері мен ауыл шаруашылығы ғимараттарын кепіл ретінде қабылдай отырып, төмен пайыздық мөлшерлемемен және ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие беру бағдарламасын әзірлеу.
- Жергілікті әкімдіктерге бөлінетін жер телімдеріне инфрақұрылым жүргізу міндетін жүктеу, шығындарды мемлекет тарапынан өтеу мүмкіндігін қарастыру.
- Шағын тауарөндірушілер үшін сертификаттау рәсімдерін жеңілдету немесе кооперативтік сертификаттау моделін енгізу.
- Сауда желілерін жергілікті өнім өндірушілерге сөре орындарын ұсынуға міндеттеу немесе олардың өткізу шығындарын өтеу.
- Маркетингтік және сату қызметтерін субсидиялау, шағын өндірушілерге сату бойынша мамандарды тартуға мүмкіндік беру.
- Мемлекеттік қолдау шарттарын теңестіру, шағын өндірушілердің ірі кәсіпорындармен тең дәрежеде субсидия алуын қамтамасыз ету.
Осы шараларды іске асыру ауыл шаруашылығындағы шағын және орта бизнестің дамуына, шаруашылық қызмет жүргізу жағдайларын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Қаржыландыруға қолжетімділік, бюрократиялық рәсімдерді жеңілдету және өнімді өткізуге қолдау көрсету ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тұрақты дамуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін арттырып, ел экономикасын нығайтады.