Жаңалықтар

Фасфудтың үш алыбы: май, тұз, қант

Адам ағзасының үш жауы
Фасфудтың үш алыбы: май, тұз, қант
01.02.2018 12:46 15712

Жылдам тамақтанудың үш негізгі алыбы – май, тұз бен қанттың алдында неге біз әлсізбіз? «Енді фасфуд жемеймін» деп қанша бекінсек те өзімізді ұстай алмай нәпсімізге ерік береміз. Осы бір химиялық қоспалар неге бізді билеп тұр?

Тұз

Біз тұзсыз өмір сүре алмаймыз, бірақ оны мөлшермен тұтынуды үйренуіміз керек. Адамзаттың ағзасында орташа есеппен 113,4 натрий хлориды (NaCl) бар. Оны біз күн сайын жоғалтып, орынын тамақ арқылы толтырып отырамыз. Алайда фастфуд тағамдарының құрамындағы тұздың мөлшері күнделікті нормадан сан есе көп екенін естен шығармаған жөн. Тұзды шектен тыс тұтыну әлем халықтарын тұзға тәуелді етіп отыр.  

Өндірушілер тағамдарын неге сонша тұзға бөктіріп отыр? Жауабы қарапайым: тұз – фастфуд пен жартылай фабрикат өнімдердің саудасын өрге домалататын тағам. Ең әуелі тұз қосылған өнім дәмді, ал кейде тіпті сол тағамның кейбір кемшіліктерін жасырып тұратын да қасиеті бар. Мәселен, тұз қосылмаған жүгері үлпектерін жеп көрсеңіз дәмі темір татып кетеді, крекерлер ащы ал тұзсыз шұжықты татып көрсеңіз созылмалы резеңкеден айырмашылығы болмай қалады. Жалпы тұз өндірушілерге өнімнің сақталу мерзімін ұзартуға сондай-ақ патогенді бактериялар жоқ деп кепілдік беруге мүмкіншілік береді. Мұның бәрі әлбетте тұтынушылардың қамы үшін жасалатындай. Алайда, фастфуд пен жартылай фабрикат тағамдарға шектен тыс тұз қосудың арты артериалды гипертонияға әкеліп соқтыратыны ешкімге жасырын емес. Натрий хлоридінің көптігі қан құрамындағы сұйықтықтың мөлшерін арттырып, жүректің жұмысына салмақ салады. Сол себепті де жүрек-қан тамырлары аурулары әлемде өлім бойынша көш бастап тұр.

Тұзды көп пайдалану – бүйрек ауруларына да шалдықтыратынын естен шығармаған жөн. Шектен тыс көп натрий хлоридін ағзадан қуып шығару үшін бүйрек зорыққанша жұмыс істейді. Осылайша бүйрекке салмақ түседі. Өндірушілер тағамдарына тұз қосудан неге бас тартпайды дегенге келсек, тұзға үстеме дәм беретін консерванттың арзандығы өндірушілерге тиімді. Екінші жағынан тұз адамды шөлдетеді. Фастфуд жеген адам шөлін басу үшін газдалған сусынға құмар. Ол сусындардың құрамындағы қанттың мөлшері «алып» екеніне ешкімнің басы ауырып жатқан жоқ.

Қант

Адамдар тумысынан тәттіге құмар. Калориялы фруктоза мен глюкоза (C 6H12O6) мидың жұмысына өте қажет. Алайда қанттың екінші «жаман» қыры барын да естен шығармаған абзал.

Уақыт өте келе қант нағыз табыс көзіне айналды. Газдалған сусындар, жаттығу залына арналған қоспалар, дәруменді сусындар, энергетиктер, шокаладты сүт –  «сұйық тәттілер» ретінде танылған бұл өнімдер фастфудтың құрамында бар. Мысалға, бір банка газдалған сусынның құрамында 5,5 қасық қант бар. Ал балалар үшін күндізгі норма – 1 қасық қант. Бұл дегеніңіз тұтынатын қант 5 есеге көп деген сөз.

Тәттіні шектен тыс тұтынудың қаупі қандай?

Мәселе физиологияда – глюкоза ағзадағы жасушаға керек. Ол ең алдымен ми үшін өте пайдалы. Ұйқы безінде инсулин гармоны түзіліп, глюкозаны қанның құрамында оңай еруіне көмектесіп, жасушаларға тез сіңіп кетуіне жағдай жасайды. Егер ұдайы тәттіні шектен тыс тұтынсаңыз ұйқы безінің жұмысы бұзылып, инсулиннің түзілуі тоқтап қалуы мүмкін. Сол кезде қант диабеті деген жаман аурумен танысуыңыз ғажап емес. Сол үшін сақ болыңыз.

Тағам магнаттары неге өнім құрамындағы қант мөлшерін азайтпайды? Адамзаттың тәттіге деген құмарлығын қаржы мен табыс көзі үшін пайдалану өндірушілер үшін өте тиімді. Ал, оның өтеуі – тістері бүлініп, қант диабетіне шалдыққан миллиондаған тұтынуышының мойынында. Кейде «тәттіге оранған» жартылай фабрикаттар ағзаға пайдалы тағамның астарын епті қалқалап тұруы бек мүмкін. Мәселен, ағзаны қажет минералдар мен дәруменге толтыратын жүгері ұлпасынан жасалған таңғы астың қорабына үңілсеңіз құрамының 50% қант деп тұрады. Мұқият болыңыз. Фастфуд өнімдерін тұтынушылардың арасында қант өте танымал. Бургер жеген адам бірден газдалған сусын ішкісі келіп тұрады, жоғарыда сөз еткеніміздей тұзға көмкерілген фастфудтан кейін ағза шөлдейді. 0,5 литр газдалған сусын ішкен бойда инсулин көшкін тәрізді жылдам қарқынмен түзіледі де қан құрамындағы глюкоза азаяды. Осы сәтте адам қайта қарыны ашқан тәрізді күйге бөленеді.

Май

Май әдетте тәтті, қышқыл, ащы, тұзды дәмнің қатарында алтыншы дәм болып саналады. Біз бұл жерде олеогустус туралы айтып отырмыз. Индианадағы Пердью университетінің зерттеушілері майдың дәмін дәл осылай атаса керек. Таза күйінде майдың дәмі жағымсыз. Алайда тағамға қоссақ өте жағымды әрі қайталанбас дәмге ие. Майдың ноталары көптеген тағамдардың дәмін өлтіріп, керісінше өзгеше дәм береді.

Сол себепті де май – фастфуд өндірушілердің негізгі қаруына айналған. Келбеті көз тартатын гамбургер мен бутербродтың арасындағы котлеттің майы ағып тұрған сайын тұтынушылардың тәбетін ашып, оларды өзіне тарта түседі. Тізімді ары қарай жалғасақ, жаңа ғана майға қуырылған картоптан жасалған фри мен қытырлақ чипсы, ащы тауық қанаттары көз тартпай қоймайды. Холестерин майдың ажырамас бөлігі, ағзаға пайдалы. Алайда, мәселе тағы мөлшерге келіп тіреледі. Фастфуд дәмханалар ұсынатын бір порция тағамның құрамындағы холестерин ұдайы тұтынсаңыз атеросклерозға әкелуі мүмкін. Қан тамырлары майға толып қалса ерте қартаю мен жүрек инфаркты сондай-ақ инсульт ауруының қаупі бар.

Майды шектен тыс тұтыну тек холестеринмен шектелмейді. «Трансмай» (трансжир) деген қорқынышты сөз бар. Бұл – сұйық өсімдік майын қатты майға айналдыратын өнім. Трансмайды өндірушілер әдетте маргарин, өсімдік майы гидрогенизирлі пальма майы, сүт құрамындағы майды алмастыратын қоспа сынды өнімдердің көлеңкесінде жасырады. Фастфуд өндірушілер осы трансмайларды арзандау болғаны үшін тұтынады. Десе де 2009 жылы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы рационға трансмайды қоспауға кеңес берсе де оны тұтыну азаймай отыр. Әлбетте тағам құрамындағы көп мөлшердегі май семіздік ауруларына, жүрек, қан-тамыр, диабет сондай-ақ онкологиялық ауруларға жол ашып береді.

Әлемдегі жылдам тамақтану саласы мен жартылай фабрикат тағамдар өндіретін кәсіпкерлердің адамзатқа тигізер зиянын темекі өнімдерін шығаратын компаниялармен теңестіруге болады. Жалпы дұрыс тамақтану, ағазаға пайдалы тағамдар туралы көбірек білгіңіз келсе сайтымыздың «Дастарқан» айдарынан оқи аласыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға