Жаңалықтар

Far In Gate: Рок – қазаққа жақын жанр

Ерекше жанрдағы музыкалық топ
Far In Gate: Рок – қазаққа жақын жанр
Фото: Far In Gate 09.11.2017 16:26 12611

Far In Gate – қазақ тілінде поп-панк пен индидің ықпалынан туған альтернатив шығармалар орындайтын алматылық топ. Қазіргі уақытта «Sound Lab Records» лейблімен жұмыс істейді. Топтың құрамында 5 адам бар: Жанель Жүсіпова (вокал), Ильяс Қабиев (гитара), Рауан Сахидаулетов (бас-гитара), Сейдолла Қамидолла (гитара) және Аким Айтбакиев (барабан).

Автордан: Интернеттен кездейсоқ көріп қалып, қазақ тілінде альтернатив рок ойнайтын топ бар екен деп таң қалғаным есімде. 2016 жылы Ғалымжан Молданазардың концертінде Far In Gate-ті алғаш рет «тірідей» көрдім. Қазақстандық нарық үшін ерекше музыка ойнайтын топтан сұхбат алу сол кезде мақсатыма айналған еді. «Бұйырған кетпейді»: Жанельмен, Рауанмен және Сейдолламен кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті. Сонымен...

Димаш: «Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, бұл қайдан келді деп таң қалмаңыздар, менің Far In Gate-ті тыңдап жүргеніме бір жылдай болды. Таңертең өзі мені оятатын үш ән бар, ол – Молданазардың «Қалалық ақ қызы», Qonyratbay.fam-ның «Кім сені» және сіздер орындайтын «Алыста». Сондықтан төтесінен қоятын бірінші сұрағым: алғашқы альбомдарыңыздың жайы не болып жатыр? Қашан шығады, қандай жаңалық әкелесіздер?

Рауан: Сіз айтып қалған «Алыста» – сапалы шыққан, елге таныстырылған жалғыз әніміз. Енді қараңыз, бізде сондай әлі оншақты трек бар.

Жанель: Он екі нақтысы.

Рауан: Қазір соларды жазып жатырмыз, жақын арада бітіреміз деп үміттеніп отырмыз. Осы сұхбат біткен соң барып, бас-гитараны жазамыз. Кеше барабанды жазып бітірдік. Үлкен, қарқынды, толыққанды жұмыс жүріп жатыр. Альбомның сыртқы бетінде не бейнеленеді, оны халыққа қалай ұсынамыз, қалай жарнамалаймыз, жалпы концепті қандай болады – осы ойластырылып жатыр.

Нақты қашан жарық көретінін айту қиындау, мына кезде деп алып, артынан шығара алмай қалсақ, ыңғайсыз болар.

Димаш: Әлеуметтік желідегі жеке парақшаларыңыздан алғашқы клиптеріңіздің эскизін көріп қалдым. Ол бұрыннан келе жатқан әннің клипі бола ма, әлде жаңа әнге түсірілген бе?

Рауан: Құпиямызды ашайын, сіз естімеген ән болады. Бұл біз үшін бір маңызды сәт болып тұр. Бұрын, кәсіби лейблге көшпей тұрып, қолымыздағы бар ресурстармен түсіре салсақ деп ойлайтын едік. Соның жүзеге аспай қалғанына осы күні қуанамын. Себебі бірден жоғары деңгейдегі, сапалы дүние жасай алдық. Ақтық нұсқасын өзіміз де тағатсыздана күтіп жүрміз. Түсірілім жұмыстары бітті, қазір пост-продакшнда жатыр. Продюсер ештеңе айтпайды, жасырып ұстайды, бәрі дайын болғанда бір-ақ көресіңдер дейді. Ол туралы ойламауға тырысамыз. Бір білетінім – оны тек көзбен көру керек, сөзбен айтып жеткізу қиындау.

Димаш: «Sound Lab Records» лейблімен серіктестік орнатқандарыңызға қанша болды?

Жанель: Бір жылдан асты.

Димаш: Бұл сіздерге кәсіби тұрғыдан не беріп отыр? Дейін және кейін деп салыстырып қарайтын болсақ, мысалы?  

Рауан: Айырмашылық жер мен көктей. Кезінде шетелдік лейблдің қол астына кетеміз, бүйтеміз-сөйтеміз деген сұмдық жоспарларымыз болған. Қиялшыл, кәсіби нарықты түсіне бермейтін кезіміз ғой.

Бұл лейблге келуіміз де қызық. Хард Рок Кафесінің халық көп білмейтін топтарға өз сахнасын ұсынатыны бар. 2015 жылы жеке әндерімізбен осы Хард Рокта ел алдына шықтық. Ол уақыттағы орындау деңгейімізді қазір естісек, өзіміз шошимыз. Бірдеңе қылып, концерт бердік. Сол кезде қазір осы лейблдің өкілі болып отырған Данил мырза бір жағы бардан кофе алуға, бір жағы кім ойнап жатыр екен, білейінші деп жоғарыға көтеріліпті. Бізді көріп, осылардың болашағы бар-ау деп ойлапты. Содан есінде қалған екенбіз. Кейін бір шарада жолығып қалып, өзіміз туралы айттық, әлеуметтік желілерде пікір алмасып, видеоларымызды жіберіп тұрдық.

Біраз уақыттан соң Данил бізді жеке кездесуге шақырды. Ойымызда ештеңе жоқ, осы сіз отырған жерге келіп, біз де отырдық. Әңгімесін айтып-айтып келіп, соңында біз сіздермен келісім-шартқа отырсақ дейміз, қалай қарайсыздар дегені! Оған сенер-сенбесімізді білмейміз, сыртқа шығып айқайлап, қатты қуандық. Соған қарамай «ойланайық» деп қоямыз өзімізше.

Студияның атмосферасы, музыка аспаптарын көріп, үлкен әсер алдық. Ақыры өткен жылдың бірінші маусымында келісім-шартқа қол қойдық.

Лейблмен серіктестік бізді қатты дамытты. Маман ретінде өстік, жалпы музыкаға деген ой-пікіріміз өзгерді. Күнде жаңалық ашамыз, күнде білмеген дүниемізбен танысамыз.

Димаш: Музыка туралы пікір демекші... бір сұхбаттарыңызда «Музыкантқа музыкалық білім емес, музыкалық ой-өріс керек» дейсіздер. Әлі де осы пікірдесіздер ме, әлде академиялық білім алу дұрыс деп ойларыңызды өзгерттіңіздер ме?

Рауан: Музыкалық білім керек, бірақ ол үшін оқу орнын бітіру міндетті емес деп ойлаймыз. Қазір керек ақпаратты үйде отырып-ақ, интернеттен табуға, үйренуге болады. Немесе білетін адамдардың жанына бар, білмегеніңді солардан ал. Әрине, музыкалық шығарма жазған кезде  терминдермен сөйлейсің, ол үшін академиялық базаң болуы тиіс, бірақ оны ЖОО-ға бармай-ақ ала аласыз.

Димаш: Әнді негізінен қазақша жазасыздар. Ал аудиторияларыңыз кім? Сіздермен рухани үйлесімдегі, бір толқындағы адамдар екені белгілі, бірақ олардың қоғамдағы орны қандай? Осы музыканың айналасында жүргендер ме? Бәлкім, тоғыздан алтыға дейін кеңседен шықпайтын менеджерлер шығар?

Жанель: Кішкентай қыздар (күледі).

Рауан: Біз жайында өзіңіз қалай білдіңіз?

Димаш: Мен бір сілтемеден бір сілтемеге өтіп отырып, тап болдым сіздерге. Кездейсоқ.

Рауан: Дәл жауап беру қиын сияқты. Біздің тыңдармандар...

Сейдолла: Біздің тыңдармандар – адамдар.

Рауан: Меніңше, бізді ізденіп жүретін, осы жанрдағы әндерді тыңдайтын, бізде де осындай бар ма екен деп қарастыратын адамдар тыңдайды. Сіз секілді, мысалы. Бір қызығы, соңғы кезде аудиториямызға жасөспірім қыздар қосылып жатыр. Қазіргі заманауи қазақстандық музыканың әсері шығар. Бұл бір жағынан қуантады, біздің жеңісіміз деп ойлаймын.

Димаш: Аудиториямен жұмысты қалай жүргізесіздер? Жалпы көпшілікке танылу жоспарларыңызда бар ма, әлде осымен қанағаттанып, «жайлы аймақта» қала бергенді хош көріп отырсыздар ма?

Сейдолла: Біз үшін шек жоқ.

Рауан: Бір жылдан кейін не болатынын елестетуге қорқамын, білмейсің өйткені.

Димаш: Білмегеннен қорқасыз ба, жоқ әлде үлкен жоспарлар құрып тастап, соның қалай жүзеге асатынын елестеткіңіз келмей ме?

Рауан: Елестетуден қорқамын. Мысалы, қазір жайбарақат отырмыз, ал бір жылдан кейін қалай болады – белгісіз, бәлкім 5 минут бөлуге де уақытымыз болмас. Тек Қазақстанмен шектеліп қалмай, шетелге де шыққымыз келеді, мәселен, бірақ іс жүзінде қалай болатынын көре жатармыз.

Димаш: Ай-күні белгіленген детальды жоспардан бөлек жалпы шығармашылықтарыңызды көктей өтетін бір үлкен мақсат-миссияларыңыз бар деп ойлаймын. Қателеспесем, топтың осындай атауға ие болғанын Рэй Брэдберидің «Фаренгейт 451» атты шығармасы әсер еткен екен. Сіздер бір сұхбаттарыңызда сол кітапта айтылған философияны, ойды жеткізгіміз келеді дейсіздер. Ол қандай ой? Не істегілеріңіз келеді?  

Рауан: Халық алдына шығу – үлкен жауапкершілік. Сен қанша жерден өзің үшін жаз, бірақ бәрібір еңбегіңді ел алдына шығарған соң, ол үшін жауаптысың. Себебі тыңдарман сен берген дүниеден өзін іздейді. Сен оның болмысына ықпал етесің. Біздің әндер таза өз тәжірибемізден, өзіміз бастан өткізген сезімдерден туады. Сәйкесінше, тыңдарманымыз біздің шығармашылықтан өзін көре алса, ол оған бір көмек-қолдау, ары қарай не істеу керек деген бағыт-бағдар беріп жатса, бұл – мақсатымыздың орындалғаны.

Қазақстандағы музыка сапасын көтеруге үлес қосқымыз келеді. Қалыптасып қалған шаблондарды құртып, өзгеше дүние ұсынсақ дейміз.

Біз үшін қазақ тілінің дайы да үлкен маңызға ие.

Сейдолла: Бұл бір үлкен мәселе болып кетті ғой. Тіпті тіл үшін шеттетуге дейін барып жатыр. Қазақ тілін оқуға талпынбайтындар көп. Жағдай ушығып кетпеуі керек.

Рауан: Иә, біз осы жасағанымыз арқылы қазақ тіліне деген қызығушылық тудырсақ, әндерімізді тыңдайтын жандар осы сөздер не білдіреді деп ізденсе, еңбегіміздің бекер болмағаны.

Димаш: Сонда сіздерді сөздеріңізді түсінсе де, әуендеріңізді қабылдай алмайтын орта емес, керісінше әуендеріңізге қызығатын, сол арқылы қазақ тілін білсем деген қызығушылығы оянған аудитория қызықтыра ма? Мысалы, таза қазақы тыңдармандарға ұнауларыңыз мүмкін бе?

Сейдолла: Бізді бәрі қызықтырады.

Рауан: Қазақы орта дейсіз. Қазаққа рок өте жақын. Себебі бұл жанрда рух бар, тіліміз де керемет үйлесе кетеді, қатаң дыбыстарымыз әсіресе жараса қалады. Оның үстіне осыған дейін де «Ұлытау» секілді рок элементтері бар шығармалар орындайтын топтар болды, сондықтан таза қазақтілді аудитория үшін біз мүлдем бейтаныс әлемнен келген біреулер емеспіз.

Димаш: Жалпы халық жаңалықтарыңыздан хабарсыз, сіздерді біле де бермейді. Айтқыларыңыз келген дүние, хабарландыруларыңыз қолдарыңыздағы бірді-екілі ресурспен шектеліп қалып отырған сияқты. Тек «Гәккудің» youtube-арнасында ғана «Алыстаның» аудио-нұсқасы тұр. Жаппай массаға шығу жағын қалай ойластырып жатырсыздар?

Рауан: Ол ойымызда бар. Бірақ қазір шығайық десек тыңдарманға ұсына қоятын дайын материалдарымыз жоқ. Елдің бойында қызығушылық тудырып алып, ертең жұрт «бұлар кімдер?» деп іздеп келгенде, ештеңе бере алмай қалсақ, дұрыс емес болар еді. Тек бұрынғы шығармаларымыз ғана бар. Альбом шығарып, клип дайындап алайық. Сол кезде үлкен таныстырылым жасайсыз.

Димаш: Топтың құрылғанына қанша болды?

Сейдолла: Төрт жылдан асты.

Рауан: 2012, иә?

Сейдолла: 2012-нің аяғы. Гитаристіміз Ильяс Қостанайдан Алматыға келеді. Арманы осында келіп топ құру болған екен.

Рауан: Иә, Алматыға келіп, университетте оқып жүріп, сол кездегі Slando, қазіргі OLX сайтына хабарландыру береді. «Осылай да осылай, топ құрып жатырмын, адамдар керек» деп. Музыкант іздейді. Бір күні университетте аудиторияға бір студенттің бас гитарамен кіргенін көреді. Бірден жанына отырып, «Барабанда ойнай аласың ба?» деп сұрайды. Ана жігіт «Жоқ, бірақ үйренемін, ойнаймын» дейді. Сөйтіп топтың негізі құрылады.

Сейдолла: Мені ешкім шақырған жоқ топқа, өзім келдім. Топтағы гитарада ойнайтын жігіт Мажарастанға оқуға кететін болды. Сол себепті уақытша менің орнымда бола тұршы деп өтінді. Бір айдай ойнадым. Ақыры Ілияс топта қал деп сұрады.  

Жанель: 2013 жылдың наурызында мен келдім.

Рауан: Жанельдің шығармашылығымен бұрыннан таныс едім. Осы топқа келгенін білгенде мұндай музыканттар бізде де бар екен ғой деп, туыстарымды көргендей қуанғаным есімде. Аздап суретшілігім бар, топқа арнап аватар-сурет дайындап беріп жүрдім. Топ мүшелерімен таныстым, өзім де гитарада ойнайтынмын. Бір күні Ильяс саған ұсыныс бар деп жазды. Тағы бір аватар керек шығар деп ойлағам. Сөйтсем бізде бас-гитарада ойнайсың ба дейді. 

Сейдолла: Иә, бас-гитара деген үлкен мәселе еді ол кезде.

Рауан: Ұснысты қабылдап, топқа келдім.  

Сейдолла: Университетте бірге оқитын құрбым бір күні «Мына бала қандай күшті ойнайды гитарада, қарашы» деп осы Рауанның видеоларын көрсетті. Кейін бас-гитарист іздегенде бірден Рауанды ұсындым.

Рауан: Топтың негізі осылай қаланды. 2013 жылдың қазан айы еді. Алғашқы атауымыз Crossroads болатын.

Димаш: Бір жыл бұрынғы сұхбатта «біздің шамалауымызша, бұл бағыта басқа топ жоқ» депсіздер. Қазір сіздермен бірге қатарлас жүрген үндес топтар пайда болды ма, әлде әлі де жалғызсыздар ма?

Жанель: Қазақ тілінде айтатын ба?

Димаш: Иә, қазақша айтатын.

Сейдолл: Бар деп айта алмаймын.

Димаш: Жаңа альбом толық қазақ тілінде бола ма?

Рауан: Иә, тек қазақша болады. Осы лейблға келгенде бүкіл концептті өзгерттік, толықтай қазақшаға көштік. Бұрыннан ойластырып жүретінбіз, бірақ тәжірибе жетіспеді, қазақша мәтін жазу жағын жетілдіру керек болды.

Сейдолла: Үйлеспейтін шығар, құлақ дұрыс қабылдамайтын болар деп көп ойлайтынбыз.

Димаш: Рок жанрларын қарап отырсаң, шежіре сияқты тармақталып, салаланып кете береді ғой. Жаңа альбомдағы тректер соның қай бағыттарында болады?

Жанель: Бір-екі ән поп-панк бағытында, қалғаны – алтернатив рок.

Сейдолла: Бір әннің дүниеге келуіне бесеуміз де үлес қосамыз. Әрқайсымыз әртүрлі адамдармен араласамыз, түрлі музыка тыңдаймыз, олардың ықпалына ұшыраймыз. Мен, мысалы, жапон музыкасын ұнатамын. Басқалардың өз талғамы бар. Ал әнді бірлесіп жазамыз. Яғни біздің еңбектерді нақты бір жанрға жатқыза қою қиындау.

Димаш: Ән жазу процесі қалай жүреді?

Рауан: Әрқалай. Кейде Жанель екеуміз отырып, тек акустикамен жазып шығамыз. Болмаса Сейдолла немесе Ильяс бастапқы нобайын, яғни негізгі рифті дайындап алып келуі мүмкін. Демо-нұсқаны көбінесе Ильяс әзірлейді. Әннің құрылымы бойынша ең бірінші инструментал жазылады. Оны талқылап, продюсеріміздің ойын біліп, бір шешімге келген соң, сөзге отырамыз. Одан кейін вокалға көшеміз.

Димаш: Жанр тұрғысынан осы бағытта қала бересіздер ме? Роктың ауырлау түрлеріне көшу ойларыңызда бар ма?

Сейдолла: Бір орында тұрмау керек. Тек музыкамен шектелмей, не дұрыс, не бұрыс деген философиялық дүниелерді де қарастырамыз. Сондықтан мүмкін ауыр  әуендерді ойнайтын да болармыз.

Рауан: Ауыр рок бізге ұнайды. Кезінде тек соны тыңдайтын едік.

Сейдолла: Қазір классиканы да, джазды да тыңдайтын болдық.

Жанель: Кейде Ninety One (күледі).

Димаш: Жаңа альбомдағы әндер қандай тақырыпта болады? Мысалы, махаббат жайлы шығар...

Жанель: Ой, жоқ. Махаббат жайында жалғыз «Алыста» шығар.

Рауан: Ауыр тақырыптар қозғалады.

Сейдолла: Басымыздан өткен мәселелер көтеріледі. Мысалы, «Сенсіз» деген әнге менің әкеммен екі арадағы жағдай негіз болды.

Рауан: Жасап жатқан ісімізге деген махаббат деуге болатын шығар. Мақсатымызға жету және сол жолда көрген неше түрлі қиындық немесе керісінше жақсы сәттерді айтамыз. Осы кезге дейін түрлі кедергіге тап болдық. Мысалы, мен ауыз толтырып айтатын нәтижеге қол жеткізбей тұрып, не істейсің деп сұраған адамға музыкантпын деп жауап бергім келмейді. Себебі ел сенбейді, мұны бір ойыншық көреді. Елді, тіпті, таныстарыңды қойшы. Ең жаманы – ата-атаңның, жақындарыңнын сенбегені. Бұл сағыңды сындыруы мүмкін.

Сейдолла: Қанша жерден ата-анаң саған жамандық ойламайды деп қарасаң да, қарама-қайшылықтың болғаны, олардың сені түсінбегені қиын.

Димаш: Сөздеріңізге қарағанда, альбомда ауыр, еңсені басатын, депрессив шығармалар болатын сияқты...

Сейдолла: Толық альбом депрессив деп айта алмаймын.

Рауан: Депрессив бар, бірақ сол депрессивтің ішінде үміт оты болады. Қанша қиын болса да, берілмей, жеңілмей, жүре берсең, жетістікке жетесің дейміз. «Сенсіздің» қайырмасында «Көрерсің, бұл жолдың соңында, Арманыма мен жетемін» деген жолдар бар.

Димаш: Сіздерді тыңдайтын адамдарға қазақстандық қай музыкант шығармашылығымен танысып шығуды ұсынар едіңіздер?

Сейдолла: Молданазар.

Рауан: Оны былай да көп адам білетін сияқты.

Жанель: Molto Loud деген керемет топ бар. Бір лейблдеміз.

Рауан: Celestial Whales. Тыңдап көруге кеңес беремін. Трип-хоп жанрында айтады.

Жанель: Нар деген топ бар.

Рауан: Нар фолк, джаз, математикалық рок араластырады, ұлттық стильде орындайды. Әсері сұмдық.

Сейдолла: Қоңыр дауыс, қобыздың үні, тітіркендіріп жібереді....

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға