Жаңалықтар

Фаббинг: ауру ма, әдет пе?

Виртуалды әлемнің әлегі
Фаббинг: ауру ма, әдет пе?
24.12.2019 09:41 6387

Фаббинг – гаджеттер мен желіге басыбайлықтың бір белгісі. Нақтырақ айтқанда, әңгімелесу барысында смартфонға көп алаңдаудан шыққан құбылыс. Кейде, тіпті күнде телефоныңызды қолыңыздан тастамай, экран артындағы адамдармен үздіксіз жазысып, әлеуметтік желіні ақтарып, алдыңызда отырған сөйлесушіңізге назар аудармайтын кезіңіз болған шығар? Рhone (телефон) + snubbing (елемей қарау) = phubbing  деген сөз осыдан шығады.

Бұл терминді McCann жарнама агенстігі 2012 жылы ойлап тапқан болатын. Ал оны әлемге танытқан – фаббингпен күрес жүргізуші австралиялық STOP PHUBBING кампаниясы. Қозғалыстың ресми сайтында өте қызықты деректер келтіріледі:

- Егер фаббинг оба ауру болғанда Қытай тұрғындарымен салыстырғанда алты есе көп адамды өлтірер еді;

- Ресторандағы бір кешкі аста қырыққа жуық фаббинг оқиғасы тіркеледі;

- Фаббинг кезінде 97 % адамдар тамақтың «смартфонмен» ғана дәмдірек болатынын айтады;

- 87%  жасөспірімдер жүзбе-жүз әңгімелесуден гөрі, желі арқылы сөйлесуді құп көреді.

Көптеген фабберлер өз смартфонын статус жаңартуға, тірі-әңгімелесушіден гөрі бет-жүзін көрмеген бейтаныспен жазысуға, түрлі әзілдер оқуға, музыка іздеп, Google-дан пайдасыз нәрселерді ақтаруға пайдаланады. Этикет кеңесшілері фаббингті цивилизацияның соңы дейді. Сол себепті, кампания смартфонды қалтада қалдырып, адамдарды шынайы өмірге оралуға шақырады.

Адамдар қалай фаббингке ұшырайды?

Кент университетінің зерттеуі бойынша фаббинг көптеген зиянды әрекеттерден және психологиялық проблемалардан туындайды. Интернет-тәуелділік, маңызды бәр нәрсені өткізіп алудан қорқу (FoMO) мен өзін-өзі бақылаудың қиындығы смартфонға басыбайлы етіп, ақыр аяғы фаббингке ұшыратады. Басты мәселе сіздің смартфоныңызда емес, ғаламтордың беретін мол мүмкіндігі мен ерік-жігеріңізде тұрғанын ұмытпаңыз.

Гендерлі алғышартта әйелдер фаббингке жиі шалдығатыны және ұзақ уақыт арыла алмайтыны айтылады. Оған себеп, ерлер мен нәзікжандылардың смартфонмен өзара қарым-қатынасы болар. Ер адамдар бұл құралды байланыс орнатушы ретінде ғана қолданса, әйелдер ерекше сенімді дереккөз ретінде қарайтын сияқты. Қазірде сматрфонды дұрыс қолданбау қалыпты болып бара жатқандай.

Фаббердің өзіне фаббингтің әсері

Фаббинг те басқа зиянды тәуелділіктермен байланысты иесіне алапат қауіп алып келуі мүмкін. Зерттеушілердің айтуынша, интернет-тәуелділік – орынды-орынсыз ғаламторды пайдалану, оның шырмауына түсу дистресске соқтырады. Қалтафонға артық байлануды ойынқұмарлықпен, депрессиямен бір сатыға қоя отырып, одан организмге келер зиян шаш етектен екені ескертіледі.

Айтпақшы, ілгеріде еске салып кеткен – маңызды бір нәрседен қалып қою қорқынышы фаббердің жүйкесін жұқартып, тым титықтатып жіберуі ықтимал. Ол әрдайым смартфонына қарап, достарының жазбаларына көз салып, жаңалық ақтарып отырады. Экранның артындағы өмірді қатты жақсы көретін фабберлердің жеке өмірінде бәрі дұрыс па екен?!

Еуропалық университеттің зерттеушілері жастардан (миллениалдар ұрпағы) сүйіктісінің смартфонға тым әуестігі қалай әсер ететінін сұраған еді. Сөзге тартылғандардың жауабы былай:

- 28,6% - қызғанған, дұрыс көңіл аудармайтындарына ренжулі болған, өздерін қызық еместей сезінген;

- 19,4% - наразылықтарын білдірген, ашуланған,  жүйкелері тозған, қызбалыққа жол беріп, күйгелектенген, соңында сол адамға өкпелеп қалған;

- 11,1% - өздерін ыңғайсыз сезініп, абыржыған, өздерін сыйламағандай күй кешкен, жандарына батқан, көңілдері түскен.

Басқалары бейтарап қарап, аз мөлшері ешқандай әсер етпейтіндіктерін айтыпты. Әрине, бұл статистикаға қарап, көбі фаббингтен зардап шеккенін, көңіл-күйлері түсіп, өздерін керексіз сезінгендерін байқау қиын емес. Сіздің де сүйіктіңіз төртбұрышты құрылғыдан басын алмай, сізге түк назар салмаса не істер едіңіз?

Жұбыңыз фаббер болса ше?

Бэйлор университетінің зерттеушілері жұптар арасындағы қарым-қатынасқа фаббинг қалай әсер ететінін білу үшін арнайы зерттеу жүргізген. Қатысушылардан сүйіктісінің фаббинг деңгейін бағалауды ұсынған екен. Ғалымдар алынған жауаптарға қарап, фаббингтің қарым-қатынасқа кері әсерін тигізетінін, соның кесірінен жанжалдар көп туындайтынын, депрессия мен жалпы өмірге зияны жетерлік екеніне көз жеткізген.

Смартфонды жиі пайдалану – қаржылық шиеленістермен тепе-тең проблема. Америкалық зерттеушілер осындай тұжырымға келіп отыр. Олар жігіті не күйеуі бар әйелдерге фаббинг қалай әсер ететінін білгісі келіп, 143 адамнан жауап алыпты. Сауалнамаға қатысқандардың 62%-ы сүйікті адамы күніне бір не одан да көп мобильді құрылғыға назары ауатынын, 35%-ы серіктесі әңгіме барысында, 33% тамақтану кезінде қалтафон пайдаланатынын айтқан. Тіпті кейбірі, жақын адамы смартфоннан бас алмайтындықтан депрессияға түсетінін, жиі жанжалдасатынын, романтикалық өмірлеріне көңілі толмайтындарын жеткізген.

Ғалымдар фаббинг жеті немесе одан да көп некеде болған жандарды күйзеліске ұшырататынын дәлелдеп отыр. Сонымен қатар, жас жұбайлардың да шаңырағының шайқалуына түрткі болады. Шынайы өмірдегі бақытыңызды темір заттың тоздыруынан сақтаңыз.

Бұл тәуелділіктен қалай арылуға болады?

Жеке әңгіме барысында телефонға көңіл аудармауға тырысыңыз

Мұны шанышқымен тіс шұқуға болмайтыны секілді этикет ретінде қабылдаған жөн. Егер біреуге хабарласу не хат жазу керек болса, әңгімелесушіңізден кешірім сұрап, тез арада хабарласа қойыңыз. Жарты сағат смартфоныңызды құшақтап отырудың қажеті жоқ. Ал сізге қоңырау шалса, тағы да кешірім өтініп, аз уақытқа шығып кетуге болады.

Тамақтану барысында смартфонды үстел үстіне қоймағаныңыз дұрыс

Бұл – моветон. Сонымен қатар, көз алдыңызда тұрған ұялы телефоныңыз өзіне тартып, әлеуметтік желіге бір көз жүгіртіп кетуіңізді қиылып сұрап тұратындай. Қазір көптеген бас қосуда смартфонды жинап алу сәнге айналған, мүмкін сіз де қолдау көрсетерсіз.

Арзанырақ телефон сатып алыңыз

Бұл жұмысы көп қоңырау соғып, мессенджерде отыруды талап етпейтіндерге арналған. Интернетте отыру мүмкіндігі болмаса – фаббинг те болмайды. Өте қарапайым ереже!

Тек маңызды сұрақтар бойынша хабарласуды өтініңіз

Әріптестеріңізден, жақындарыңыздан, достарыңыздан тек қажетті сұрақтармен мазалауды сұраңыз. Бұл он минут сайын бір жаңалықты жіберіп алудан қорқатындар үшін!

Ең бастысы, фаббинг кезінде өзіңіздің не істейтініңізді және неге солай істейтініңізді анықтаңыз

Егер ол хабарлама болса, жоғарыдағы ескертпелер сізге арналған. Ал егер әлеуметтік желі, ойындар болса себетке тастаңыз. Ішкі рухы мықты адам ғана ең болмағанда бір әлеуметтік желідегі аккаунтын өшіретін болады.

Егер достарыңыздың барлығы фаббингке жол беріп, кездесудің сәнін кетірсе, ашық айтыңыз. Оларға кездесуді басқаша қызық өткізуге болатынын ескертіңіз, өз ұсыныстарыңызды жеткізіңіз.

Айтпақшы, ұялы телефонның зияны туралы естен шығармаңыз. Егер электронды кітап оқып әуестенсеңіз, оны қағаз кітаппен ауыстыруға кеңес береміз. Фаббингке қатысты әртүрлі көзқарастар бар. Онымен күресу өзіңізге байланысты. Болашақта бетпе-бет сөйлесетін адам болмайтынын, барлығы қолындағы құрылғымен алысып отырғанын елестетіп көріңізші...

(Суреттер pixabay.com сайтынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға