Жаңалықтар

F тобы. Мұсылман елдері арасынан жалғыз команда!

Азия футболының Еуропа мен Оңтүстік Америкадан әлдеқайда артта қалғаны белгілі.
27.05.2014 03:46 5387

Азия футболының Еуропа мен Оңтүстік Америкадан әлдеқайда артта қалғаны белгілі. Бірақ соған қарамастан, соңғы жылдары Жапония, Оңтүстік Корея бастаған мемлекеттер миллиондардың ойынына қатты көңіл бөліп отыр. Бұл елдердің көптеген футболшысы кәрі құрлықтың маңдайалды клубтарында ойнап жүр.

F тобы. Мұсылман елдері арасынан жалғыз команда!

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

Иран құрамасы

Бас бапкер: Карлуш Кейрош

Команда капитаны: Джавад Некунам

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Али Даеи (149)

Ең көп гол соққан ойыншы: Али Даеи (109)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 37

Жалпы, сары құрлықтан әлем чемпионатына осы уақытқа дейін 12 мемлекет қатысқан екен. Алғаш рет әлем біріншілігіне 1938 жылы Индонезияның жолы түсті. Ол кезде бұл мемлекет Голландияның отары болғандықтан, Нидерланды Ост-Индия деп аталатын. Сол жолы олар 1/8 финалда болашақ күміс жүлдегер Венгрия құрамасынан ұтылды. Индонезиядан кейін КХДР, Израиль, Иран, Кувейт, Ирак, Оңтүстік Корея, БАӘ, Сауд Арабиясы, Қытай, Жапония, Аустралия төртжылдықтың басты додасында бақ сынады. Осылардың ішінде Израиль араб мемлекеттерімен болған шиеленістен соң Азиядан кетіп, УЕФА-ға қосылды. 2006 жылы Аустралия АФК-ға мүшелікке өтіп, арада 4 төрт жыл өткен Азияның атынан әлем біріншілігіне жолдама алды. Сондай-ақ 1950 жылы Үндістан құрамасы финалдық кезеңге өткенімен, ФИФА олардың ойнауына тыйым салды. Басты себеп, құрама футболшылары аяқ киімсіз ойнамақшы болған. Ал ең көп қатысқан ел ол –Оңтүстік Корея (9 рет).

Біз сөз еткелі отырған Иран құрамасы болса, әлем біріншілігінде осыған дейін 3 рет өнер көрсетті. Бұл бәсекеге биыл төртінші рет жолдары түсіп отыр. Алғаш рет 1978 жылы өздерімен биыл бір топта ойнайтын Аргентина еліне барған екен. Ол кезде Хешмат Мохаджеранидің шәкірттері Перу, Нидерланды, Шотландия құрамаларымен бір топқа түсті. Перу мен Нидерландыдан ірі есеппен ұтылып, Шотландиямен тең түседі. Иранның әлем біріншілігіндегі алғашқы голын Ирадж Данаифар соқты. Екінші рет 1998 жылы Францияға сапар шекті. Джалаль Талеби жаттықтырған құрама негізінен жергілікті ойыншылар мен Германия біріншігінде өнер көрсететін үш футболшыдан жасақталды. Неміс Бундеслигасынан келгендер: Али Даеи, Мехди Махдавикия, Ходадад Азизи еді. Али «Бавария», «Герта» клубтары арқылы танымал болған. Мехди ұзақ жылдар бойы «Гамбургтің» сапында жасындай жарқылдады. Ходададты «Кельн» арқылы жақсы білеміз. Сол жылы Иран әлем біріншілігінде алғашқы жеңістерін тойлады. Топтық кезеңде АҚШ құрамасын 2:1 есебімен тізерлетті. Қос голды Мехди Махдавикия мен Хамид Эстили соқты. Қалған екі ойында Германия мен Югославиядан жеңілуге мәжбүр болды. Ал соңғы рет бұл елдің құрамасын 2006 жылы Германиядан көрдік. Неміс жерінде тек Анголамен тең түсіп, өз тобында соңғы орында қалып қойды.

Ал Азия кубогына 1968 жылдан бері 12 рет қатысты. Олар алғашқы қатысқан жылы-ақ чемпион атанады. Одан соң 1972,1976 жылдары да бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ Азия ойындарының алтынын екі рет олжалаған. Бір сөзбен айтқанда, Иран сары құрлықтағы футболы қарыштаған 4-5 құраманың қатарында.

Құрама сапында 1993-2006 жылдары өнер көрсеткен Али Даеи 109 гол соғып, өзіндік жеке рекорд орнатты. Әлемде өз құрамасында жүріп мұндай гол соққан футболшы жоқ. Ол – сонымен қатар 1996 жылы бір жылдың ішінде ресми ойындарда 20 доп еңгізген тарихтағы жалғыз футболшы.

Қазіргі құрам

2011 жылдан бері құраманы португалияық маман Карлуш Кейрош жаттықтырып жүр. «Реал», «Спортинг» клубтарын, Португалия, ОАР, БАӘ құрамасын баптаған Кейрош Иран федерациясымен 3,5 жылдық келісімшарт жасады. Бұл бапкер арада 8 жыл салып команданы әлем біріншілігінің финалына алып шығып отыр. Карлуштың Бразилияға апаратын тізіміне мына футболшылар іліккен: қақпашылар – Даниэль Давари («Айнтрахт» Брауншвейг), Алиреза Хагиги («Спортинг Ковила»), Рахман Ахмади («Сепахан»), Соша Макании («Фулад»); қорғаушылар – Хосро Хейдари, Амир-Хоссейн Садеги, Хашим Беикзадех (барлығы – «Эстегляль»), Хоссейн Махини, Джаллал Хоссейни, Мехрдад Пулади (барлығы – «Персеполис»), Стивен Бейташур («Ванкувер Уайткэпс»), Пежман Монтазери («Умм Салал»), Мохаммад-Реза Ханзадех («Зоб Ахан Эсфахан»), Ахмад Аленемех («Нафт»), Эхсан Хаджсафи («Сепахан»); жартылай қорғаушылар – Джавад Некунам («Кувейт»), Андраник Теймурян («Эстегляль»), Мохаммад-Реза Халатбари, Реза Хагиги (екеуі де – «Персеполис»), Гасам Хададифар («Зоб Ахан Эсфахан»), Бахтияр Рахмани («Фулад»), Ашкан Дежага («Фулхэм»), Масуд Шожаеи («Лас-Пальмас»), Алиреза Джаханбакш («Неймиген»); шабуылшылар – Мехди Шарифи («Сепахан»), Реза Гучаннежхад («Чарльтон»), Карим Ансарифад («Трактор»), Сердар Азмун («Рубин»).

F тобында өнер көрсететін командалар: АргентинаНигерияБосния және Герцеговина және Иран.

Бек Төлеуов 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға