Жаңалықтар

Ежелгі түріктер (Екінші тарау)

Қойшығара Салғараұлы
16.08.2016 06:24 7808

Ежелгі түріктер (Екінші тарау)

ЕКІНШІ ТАРАУ

  

СИУҢНУ-МҰҢҒҰЛДАР

 

Жер бетінде өмір сүріп жатқан қазіргі халықтардың кез келгеніні,ң, санының аз-көбіне қарамастан, бастау тарихы бүкіл адамзаттың бастау тарихымен сабақтасып жататыны табиғи заңдылық. Бұл заңдылық мұңғұл халықтарына да тән. Сондықтан мұңғұлдардың шығу тегі жөніндегі әңгіме де сол түпкі ортақ бастаудан басталып, ал саралануы олардың өз алдына жеке халық болып танылуынан өріс тартпақ. Бірақ, өкінішке қарай, жазба дерекке жадыланған арғы-бергі зерттеушілер мұңғұл халықтарының көне тарихына қатысты зерттеу аясын тек орта ғасырмен шектеп, олардың оған дейінгі ғасырлар бойы өздерінің жадында сақтап, ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізіп келген ежелгі төл шежіре-тарихының дерегіне лайықты мән бермей, назардан тыс қалдырып келді.

Соның салдарынан болар, мұңғұлдардың ежелгі тарихы тек кешегі ХІІІ ғасырдағы Моңғол империясының тарихы негізінде ғана қарастырылып жүр. Соған байланысты деректік мәліметі Шыңғыс ханның ататегінің тарихынан басталып, кейінгі Моңғол империясына қатысты мағлұматтармен шектелетін «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтан тобчи», «Ердэнийн тобчи», «Шара туджи», «Цаган түүхэ» сияқты шығармалар мен шетелдік миссионерлердің, саяхатшылардың, елшілердің, саудагерлердің әр кезеңде қалдырған жазбалары халықтың шығу тегі жөніндегі бірден-бір негізгі дереккөзі ретінде қабылданып, түйінді тұжырым (ұзын саны оннан астам) солар арқылы ғана жасалынды.

Алайда, мұндай деректерді негіз ету арқылы мұңғұлдардың шығу тегін анықтау тіпті мүмкін емес-тін. Өйткені, аталған жазба дереккөздерінің бірде-біреуінде ежелгі мұңғұлдар жөнінде, олардың шығу тегі жөнінде нақты айтылған ешқандай дерек жоқ болатын. Ал бұған керісінше, мұңғұлдардың шығу тегіне қатысты өз мүмкіндігіне қарай азды-көпті мағлұмат беретін еңбектердің деректері ескерусіз қалдырылып, олардың тек кейінгі моңғол халықтары жөніндегі мәліметтері ғана зерттеу нысанына айналды. Мысалы, сондай еңбектердің бірі және бірегейі – Рашид ад-Диннің (1247-1318 жж.) әйгілі «Жылнамалар жинағының» («Жами`аттауарихтың») моңғол халықтары жөніндегі деректерінің құндылығы ғылыми ортада аса жоғары бағаланылғанымен, оның мұңғұлдардың шығу тегіне қатысты дерегі ғылыми тұрғыдан талданбай, ескерусіз қалдырылды. Дұрысында, бұл далалық ауызша тарихтың құнды дерегін хатқа түсіріп, бір жүйеге келтірген теңдесі жоқ, бұл күнге жеткен әлемдегі алғашқы еңбек болатын.

Еңбектің авторы Рашид ад-Дин Фазлаллах ибн Абуль-Хайр Али Хамадани – Моңғол империясының дәуірлеп тұрған кезінің көзкөрген куәгері, Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы Ғазан хан мен Олжайту ханның уәзірі болған адам.

Осы арада басын ашып айта кетер бір мәселе – бұл еңбектің авторлығы бір адамға телінгенімен, шын мәнінде, «Жылнамалар жинағы» (1300-1310 жж.) – ұжымдық еңбектің жемісі. Заманында білікті ел билеушілерінің бірі болған Ғазан хан бөгде жұртты жаулап алып, соған билік жүргізіп тұрғандарымен, өздерінің бірте-бірте соларға сіңісіп, жұтылып бара жатқанын көріп, тілінен, дінінен, ата-бабаның салт-дәстүрінен айырылып, парсылана бастаған мұңғұлдың кейінгі келер ұрпағы өздерінің шыққан тегін таймай танып, төл тарихын өз болмысында біліп өссін деген игі ниетпен ғұлама уәзірі Рашид ад-Динге арнайы тапсырма беріп, қасына мұңғұл халықтарының тарихын мейлінше терең білетін, даланың теңдесі жоқ даңғайыр шежірешісі Болат-чансан бастаған алты моңғол шежірешісі мен сол кездің ең мықты деп есептелінетін бірнеше білікті тарихшысын (Абдуллах Қашани, Ахмед Бухари және т.б.) қосып, осы еңбекті жазғызған. Сондықтан да бұл еңбекті өз заманының білімді де білікті мамандары бірігіп шығарған энциклопедиялық жинақ деу артық айтқандық болмайды. Соның үшін бұл еңбектің әр дерегіне байыппен қарау парыз.

Міне, осы энциклопедиялық еңбекте моңғол халықтарының шығу тегіне қатысты: «Все монголы, племена тюрков и все кочевники (букв., обитатели степей) происходить от его рода» (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Т.І. Кн.І. –М.-Л., 1952. – Стр. 80), – деп ақ қағазға қара сиямен ап-анық етіп жазылған.

Автордың мұндағы «от его» деп отырғаны – Абулджа-хан. Бүкіл түрк халықтарының түп атасы деп есептелінетін Нұх пайғамбардың баласы Йафетті (Йафесті) Рашид ад-Дин осылай «Абулджа хан» деп атайды. Рашид ад-Дин хатқа түсірген даланың ауызша тарихының дерегін бүгінгі жазба тарихтың дерек беру стиліне көшірсек, онда бұл «барлық моңғолдардың да, түрік тайпаларының да және барлық дала тұрғындарының да шыққан тегі бір, бәрі бір халық – түрктер» дегенді білдіреді. Бұлай деп және өзге емес, бастау тегіне бүгінгілерден әлдеқайда жақын тұрған моңғолдардың өздері бұдан жеті ғасыр, яғни 700 жыл бұрын жазып қалдырып отыр. Бұл деректі және олардың көктен алмағаны, ойдан шығармағаны, ата-бабаларының жадында сақтап, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келген шежіре-тарихтың дерегіне сүйеніп айтып отырғаны даусыз (Бұл жерде «ұлы бірлік» идеясымен мұсылман шежірешілерінің түрк халықтарының аталғын Нұх пайғамбарға апарып телігенін есте ұстаған жөн. – Қ. С.).

Сондықтан бұған әдеттегідей «ауызша тарих» деп мұрын шүйірудің еш реті жоқ. Оның үстіне далалықтардың басқаны жаңылыстырса да, өздерінің шыққан тегін ешқашан шатастырмайтыны тағы шындық. Мұның солай екенін ежелгі мұңғұл тайпаларының шығу тегінің проблемалары мен этникалық тарихын ұзақ жылдар бойы зерттеген орыстың белгілі ғалымы Л. Л. Викторованың: «Для монголов того времени было характерно стремление сохранить в памяти потомков деяния предков, заботливое отношение к родовым связям и традициям. Знатоки генеалогий, как известно, досконально изучившие все родственные связи своих фамилий и их ответвлений на многие поколения, бережно передавали эти знания детям. Именно поэтому родословные книги имеют значение первоисточника» (Викторова Л.Л. Монголы: происхождение народа и истоки культуры. – М., 1980. – Стр. 11), – деп, әділ көрсетуі де құптай түседі.

«Жылнамалар жинағының» мұңғұлдардың шыққан тегін бұлайша «түрік» деп көрсетуінде аңыздық жаңылыстың жоқтығына көз жеткізе түсу үшін осы  орайда мына бір қосымша жайларға да баса назар аудару қажет.

Оның біріншісі – шығарманың әйгілі Моңғол империясының дәуірлеу биігіне көтеріліп, бет қаратпай дүрсіп тұрған кезінде, басқаша айтқанда, моңғолдардың асыл тектен жаралған «ерекше» халыққа айналып, басқалардың, яғни моңғол еместердің өздерінің шыққан тегін, қалайда ретін тауып, осы асыл тектен шығаруға, болмаса соған жақындастыруға жанталаса ұмтылып жатқан кезінде жазылғандығы.

Бұл ретте Рашид ад-Диннің: «Найманы, жалаиры, онгуты, кереиты и другие племена, которые имели каждое свое определенное имя, называли себя монголами из желания перенести на себя славу последних; потомки же этих родов возомнили себя издревле носящими это имя, чего в действительности не было» (Рашид ад-Дин. 1952. Ч.І. – Стр.75) деп ашып көрсетуі айтылған тұжырымның сол кездің шынайы шындығы екенінің бұлтартпас дәлелді айғағы. Бұл және Рашид ад-Диннің бүгінгі біз сияқты ертедегі әлдебіреулердің әлдеқалай жазғанынан оқығаны емес, өзінің құлағымен естіп, көзімен көріп, куәгері болып отырған  шындығы ғой.

Егер «моңғолдың шыққан тегі – түрік» деген ұғым сол тұста жалпы жұрт  мойындаған, баршаға белгілі талассыз шындық болмаса, онда мұңғұлдың шежіре-тарихының терең білгірі Болат-чансан бастаған тарихшылардың «асыл текті» моңғолды сол кездегі өздері жаулап алып, қалауынша жатқызып-тұрғызып отырған бағынышты түрік тайпаларымен бір тектен жаратылған, бір атаның (Абулджаның) ұрпағы деп көрсетуге де, солай деп жазуға да батылы бармас еді.

Сондай-ақ, өзгелерді жаулап алу арқылы дара үстемдікке қол жеткізген моңғолдарға дейінгі билеуші халықтардың (парсылардың, арабтардың) тарихты өздерінен бастауға ұмтылатын өзімшіл, менмен дәстүрінен хабардар, жан-жақты білім иесі Рашид ад-Диннің өзіне арнайы тапсырма беріп жаздырып отырған әміршісі Ғазан ханның «алтын текті» әулетінің шыққан тегін жай қара халықтан шығарып, бәсін төмендетуге өз еркімен баруы мүмкін емес. Бұл – бас кететін шаруа екенін білікті уәзір басқалардан гөрі жақсы білсе керек. Мұның сыртында, Рашид ад-Диннің өз билеушілерін асыра дәріптеп, теңдесі жоқ жан етіп көрсететін парсы тарихшыларының бұрынғы қалыптасқан дәстүрінде тәрбиеленген жан екені тағы бар.

Міне, осыларға қарамастан, «Жылнамалар жинағының» авторы (дұрысы: авторлары) «моңғолдың шыққан тегі – түрік» деп жазып отырса, мұны сол кездің ешкімге күдік туғызбайтын, ханы да, қарасы да бірдей мойындаған тарихи шындық деп қабылдамасқа негіз жоқ. Оның солай екенін XVI ғасырдың екінші жартысы мен XVII ғасырдың басында өмір сүрген әйгілі «Шежірелер жинағының» авторы жалайыр Қадырғали Қосымұлының түрік тайпаларын  тарата келіп: «Оларды, яғни осынау қалың түрікті «моғол» деп атады» (Қ. Қосымұлы. Шежірелер жинағы. – Алматы, 1997. – 25-б.) деп тұжырымдауы да дәлелдей түседі.

Екіншісі – осы айтылғандарды одан әрі негіздей түсетін өз заманының білікті  тарихшыларының басын қосып, арнайы тапсырмамен моңғол халықтарының тарихын жаздырудағы Ғазан ханның негізгі мақсатынан өрбиді. Өздері жаулап алып, билеп-төстеп отырған бағынышты басқа халықтарға мұңғұлдардың  сіңісіп, өз тілінен, өз дінінен, ата-баба дәстүрінен айырылып, өгейсіп бара жатқанын көріп, келер ұрпақ өздерінің нақты шыққан тегінің қайдан екенін, ата-бабаларының кімдер болғанын, не істеп, не қойғанын есіне түсіріп, біліп жүрсін деген мақсатпен Ғазан ханның осы тарихты арнайы жаздырғанын Рашид ад-Диннің өзі «Жылнамалар жинағының» кіріспесінде ашып айтады. Демек, осындай айқын мақсатты көздеген, өзін «нұрдан жаратылған» атадан тараған «алтын текті» Шыңғыс ханның тікелей ұрпағымын деп білетін Ғазан ханның өзімшіл менмендікті жеңіп, мұңғұлдардың түріктерден шыққанын, өздері жаулап алып отырған түрік тайпаларымен түбі бір туыс екенін мойындап, солай деп жазылған кітапты ықыласпен қабылдауы – оның жұртқа мәлім тарихи шындықтан аса алмағанын, адалдықпен ақиқатқа жол бергенін танытады.

Үшіншісі – «Жылнамалар жинағын» шығарушылардың бірінші томның бірінші кітабына берілген анықтама-түсініктемені: «Первого тома «Сборника Летописей» с повестованиями о появлении тюркских народов и об обстоятельствах их разделения на различные племена» (Рашид ад-Дин. 1952. – Стр.71) деп атап көрсетіп, ашып жазуы. Мұнда да тарихи шындықты мойындау «менмұндалайды». Арнайы тапсырмамен моңғолдардың тарихын жазуға арналған шығарманың беташар кітабының моңғол халықтарының пайда болуы мен олардың түрлі тайпаларға бөлінуіне арналмай, бірыңғай тек түрк халықтарына арналуы – сол түп бастаудың бірліг

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға