Ежелгі Шығыстағы саяси ой
Саяси ілімдер қалай пайда болды? Оның қайнар көздері неде? Қайдан шықты?Олардың алғашқы авторлары кім? Олардың көзқарастары мен ойлары нені білдіреді? Және кімнің мүддесін қорғайды? Осы тәрізді сұрақтарға Ежелгі шығыс елдеріндегі саяси ілімдерді және онымен байланысты құқықтық ілім тарихын оқи бастағанда тап боламыз және оның адамзат дамуының тарихында қайшылықта өткенін байқаймыз. Оның пайда болуы рулық қауымның ыдырап, ертедегі таптық мемлекеттердің пайда болуы мен өмір сүрген кезеңіне сәйкес келеді.
Саяси-құқықтық ілімдер алғашқы кезеңде адамдардың алғашқы мифтік көзқарастары негізінде пайда болды. Адамдардың қоғам мен табиғаттағы орны туралы мәселе ежелгі Шығыс және Батыс халықтарында, мысырлықтарда, үндістерде, вавилондықтарда, парсыларда, гректерде, қытайларда, римдіктерде және т.б. халықтардың мифтік аңыздарында көрініс табады.
Мифтік көзқарастарда сонымен бірге болашақ ілімдердің элементтері де кездесетінін, оларды алғашқы адамдар өздерінің тіршілігі мен қызметіне қажетті түрде пайдалана білгенін де айта кеткен жөн. Мифтік аңыздарда адамдарды алғашқыда құдайлардың билегендігі, кейіннен құдайлар адамдарды ел билеу әдістеріне үйретіп, ел билеуді олардың өз қолдарына бергендігі туралы айтылады. Мысалы, Герадот өзінің шығармасында алғашқы Мысыр патшасынан б.з.б V ғасырға дейін Мысырда 341 патша мен абыздар ұрпағының өткендігін және оның 11340 жылға созылғандығын жазады. Мысыр абыздарының айтуынша, бастапқыда елді құдайлар билеген, олар адамдармен бірге өмір сүрген.
Ежелгі еврей халқында адамдарды алғашқыда құдайлар билегендігі, ежелгі Қытайда Аспан астындағы билеушінің болғандығы туралы айтылады. Ежелгі Мысырдың діни және мифтік аңыздарында әділдік пен заңдылықты, шындық пен жақсылықты құдай ана Ма-та жіберіп отыратындығы баяндалады. Мысырлықтардағы «ма-та» ұғымы сияқты ежелгі үндістерде «рта», ежелгі қытайлықтарда «дао», ежелгі гректерде «дике» ұғымдары бар және бұлардың барлығында олар шындық пен әділдіктің елшісі ретінде көрсетіледі.
Саяси-құқықтық ойлардың ежелгі шығыс халықтарында батысқа қарағанда неғұрлым бұрынырақ пайда болуы да ертедегі шығыс мәдениетінің ерекшеліктерінің бірі болып саналады. Қазіргі заманда да бұл ерекшелік өзінің көкейкестілік бағытымен елеулі күшке ие болып отыр. Бұған Иран, Ауғанстан елдеріндегі діни бағыттағы әр түрлі «ағымдар» күштері мысал бола алады.