Жаңалықтар

Ежелгі Грек еліндегі саяси ілімдер

Ежелгі Грек елінде жеке және тәуелсіз полистер формасы түрінде бірнеше қала-мемлекеттер болды.
12.08.2014 05:51 19958

Ежелгі Грек елінде жеке және тәуелсіз полистер формасы түрінде бірнеше қала-мемлекеттер болды. Алғашқы қауымдық құрылыстан қоғамдық өмірдің ерте мемлекеттік және қоғамдық формасына көшу халықтың әлеуметтік жіктелу процесін одан әрі күшейтіп, ру ақсүйектері мен қайыршыланған қауым мүшелерінің, байлар мен кедейлердің, еріктілер мен құлдардың арасындағы күресті шиеленістіре түсті. Осындай жағдайда ежелгі грек полистерінде басқару формасының өздері жақтаған түрін орнату жолында әртүрлі әлеуметтік топтар арасында аяусыз күрес жүрді. 

Ежелгі Грек еліндегі саяси ілімдер

Ол кездегі басқару формасының негізгі түрлері  мынадай еді: аристократия (ескі немесе жаңа ақсүйектер тобы), олигархия (байлар мен дәулеттілер тобы) және демократия (халық билігі).Осындай күрес нәтижесінде б.з.б. VI-V ғасырларда әртүрлі полистерде басқарудың өзіндік формалары пайда болып, одан әрі дамыды. Афиныда демократия, Фивыда олигархия, Спарта мемлекетінде аристократия пайда болды. Осы процесс Ежелгі Грекияның саяси ілімдерінде көрініс тапты.    

Ежелгі грек полистерінде саяси көзқарастың пайда болуы мен дамуында үш кезең айқын байқалады. Ерте кезең (б.з.б. IX-VI ғ.ғ.) ежелгі грек мемлекеттілігінің пайда болуына сәйкес келеді. Бұл кезеңде саяси-құқықтық көзқараста рационалдандыру (Гомер, Гесиод, атақты «жеті данышпан») байқалады және мемлекет пен құқық проблемаларына философиялық тұрғыдан қарау (Пифагор, Гераклит) қалыптасады. Екінші кезең (б.з.б. V және IV ғасырдың бірінші жартысы) ежелгі  грек философиясы мен саяси-құқықтық ойларының гүлденген кезеңі (Демокрит, софистер, Платон, Арситотель және т.б.). Үшінші кезең (б.з.б. IV ғасырдың екінші жартысы мен ІІ ғасырлары) эллинизм кезеңі, ежелгі грек мемлекеттігінің құлдырауы, грек полистерінің алғашқыда Македония, кейіннен Рим билігіне көшуі (Эпикур, стоиктер, Полибий және т.б.).

Адамдардың еріктілерге және құлдарға бөліну жағдайында қалыптасқан антикалық саяси ой еркіндігі идеологиясы ретінде бекіді және дамыды. Бостандық – басты құндылық, ежелгі гректік саяси-теориялық ілімінің негізгі мәселесі және мақсаты болды. Бірақ бұл жалпыға бірдей бостандық емес, шектелген бостандық еді. Құлдар бостандық мәселесінде есепке алынбады, олар туралы сөз де болмады.

Грекиядағы құлдық демократия азаматтардың қоғамдағы алатын орнын олардың шығу тегіне қарап емес, мүліктік жағдайларымен байланыстырды. Бұл жағдай ақыл-ой еңбегімен айналысатын адамдардың бөлініп шығуына әкелді. Құл еңбегі олардың ғылыммен, біліммен, ағартушылықпен және өнермен кәсіби тұрғыда шұғылдануына мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде таза зиялылар мен ойшылдар қауымы пайда болып, саяси-құқықтық және әлеуметтік философиялық жаңа көзқарастардың қоғамдық пікірі мен санасы қалыптасты.

 

 

   

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға