Жаңалықтар

«Ежелгі үйсін елі»

Айрықша айта кетерлігі, 1998 жылдың 20-қаңтарындағы «Гуаңмиң Рыбауда» («Шұғыла газетінде»), Қытай халық университетінің прфессоры Дай И айтқандай: “ХХ ғасыр Қытай тарих ғылымы
16.10.2014 03:58 5660

Айрықша айта кетерлігі, 1998 жылдың 20-қаңтарындағы «Гуаңмиң Рыбауда» («Шұғыла газетінде»), Қытай халық университетінің прфессоры Дай И айтқандай: “ХХ ғасыр Қытай тарих ғылымы Қытайды дүние центрі санайтын дəстүри, тар, томаға тұйық тарихи көзқарасты тастап, Қытай тарихын дүние тарихының тұтас тұлғасының ішіне қоя зерделейтін, Қытай мен шеттің тарихы мен мəдениетін салыстыратын, талдайтын, недəуір кемелді де ашық тарихи көзқарас қалыптастырды”. Расында да, осы газеттің көрсетілген санында Ма Кышы айтқандай Қытайда “1949 жылдан бұрын, əр алуан себептер салдарынан дүние тарихын зерттеу негізінен жоқ болатын”. Ұлы Дала тарихына неше мың жылдық жазба тарихы бар Қытай тарихшыларының келіп кірісуі – бұл өңір тарихы үшін зор маңызға ие іс.

Осы барыста тек Қытайдың өзінде, «Үйсін туралы зерттеулер» (Уаң Биңхуа мен Уаң Миңжылардың монографиялық еңбектерінің жинағы), «Ежелгі үйсін елі» (Шадыман Ахметұлы құрастырған ғылыми мақалалар, археологиялық қысқаша есептер, тарихи деректер мен оның қытайша мəтінінің топтамасы), «Қазақ халқы жəне оның салт-санасы» (Жақып Мырзахановтың қазақтың тегіне недəуір орын берген шығармасы), «Қазақ мəдениетінің тарихы» (Су Бейхайдың Үйсін мəдениетіне көрім аялдаған шығармасы) сықылды толып жатқан тың ойлы, соны деректі туын дылар жарық көрді.

Міне бұлар - өз ата тарихын құрметтейтін, оған ықылас қоятын əр қазақпен əр ұлттың ғылымға ақ ниетпен берілген ғалымдары үшін əрі қуаныш, əрі магнит, əрі шабыт. Мен əне сондайлардың бірі ғанамын. Сондықтан да ежелгіүйсіннің қысқаша арнайы тарихын жазуға кірісіп отырмын.

Дегенмен менің «Үйсіннамаға» келуімнің, жоғарыдағылардан сырт, жеке себептері де бар. Ол:

А. Бала жастан ұлтымыздың ауыз əдебиеті (өте-мөте сүйегі қожа жездеміз Құрмаш Адамбаевтің ертегілері) ұялатқан махаббаттың құдіреті шығар, радиоэлектроника мамандығы бойынша университеттің жоғары ғылыми-қызметтік атағын алып, міндетін атқарып жүрген кездің өзінде де, ұлтымыздың тарихына қызығуым титтей де пəсейіп көрмеді. 30 жылдың алдында жарық көре бастаған, «Хас сақтар» атты ғылыми фантастикалық əңгімелер жинағыма енген шығармаларымның ұлт тарихымызбен тығыз ұштасып жатуы – бұған айғақ.

Ə. Үкімет қызметіне ауысып, Шынжаң университетіндегі техникалық мамандығымның (радио-электрониканың) оқытуы мен зерттеуінен еріксіз қол үзгесін, əкімшілік жұмыс арасында əдебиетпен айналыса жүріп, «Үйсін хикаясы» атты тарихи трилогияны жазу үшін талай дүниені ақтардым. Иə, ол («Үйсін хикаясы») тарих (яғни мына «Үйсіннама» сықылды еңбек) емес, көркем əдебиет. Алайда өз қоғамдық ситуациямды ескеріп, дау туғызбау үшін, əрі тарихи шындықтан (мысалы «Тарихи жазбалар» мен «Хəннама», т. б. да тұрған қисынды да нанымды тұстардан) тым алшақтаудан, əрі оларға маталып, көркемдік көгіне ұмтыла алмай қалудан мүмкіндігінше сақтандым. Сонда ақтарған “Киіз кітаптар” мен қағаз кітаптарға интернет əлемі ұстатқан электрондық дүниелер келіп қосылды. Менің осыларды (əрине бастысы – ертедегі үйсіндерге қатысты тарихи білімдерімді) арғы дүниеге ала кетуім мендік жауапкерсіздік саналып, орны толмас өкінішіме айналар еді.

Б. Адам əр алуан ғой. Тарихшы ғалымдар да – жұмыр басты, екі аяқты кəдімгі пенделер. Солардың кейінің кері сөйлгенін естігенде, аузың еріксіз қышып, қолыңа амалсыз қалам алады екенсің.

В. Кей ғалымдардың сөзі айтарыма дем бергендей болды. Мысалы, Профессор Ли Уынхай: “Мойындауға тиістісі - біз (кəсібитарихшылар. - С. Ж.) недəуір ұзақтан бері томаға тұйықтау күйде болдық, философия, əдебиет, экономика, саясаттану, ұлттану, дінтану, социология, заң, т. б. байланысты ілімдердегі зерттеу ауқымына көп назар аудармадық, тарих ғылымының қамтымын бұл ілімдердегі ең соңғы жетістіктермен байытпадық, бұл ілімдердің жəне жаратылыс ғылымдарының кей іліміндегі зерделеутəсілдерін тарих зерттеуге əкелмедік”  деп өте дұрыс айтқан. Ли Жынхұң да“Олар (əуесқой тарихшылар. - С. Ж.) тарих зерттеуге жаңа зерттеу тəсілдерінала келді, немесе жаңаша зерделеу ой желісін, зерттеу тақырыбын беріп, кемінде бірер мəселені зерттеуден соны жетістік ұсынып, ойтүрткі туғызды. Оның ішіндегі кей жетістіктер өлікүйге тұнған тарих зерттеу өңіріне алып толқын тұрғызарлықтай ықпал жасап, тарих зерттеуге түрткі болып, оған жан бітірді” деп Ли Уынхайдің көзқарасын құптай түседі. Тарихшы Жяу Рұнмиң  де адамзат қоғамының даму сырларын ашатын гуманитарлық ілім тарихтың сан іліммен шырма-шату байланысы барын айта келіп, “Гуманитарлық емес ғылымдардың, мысалы математика, геология, астрономия, археология, т. б. лардың теориялары мен методикалары тарих ғылымын зерттеуге кең көлемде енгізілді” [6] дейді. Əрине бұлар мендей бейкəсіби тарихшыларға дем береді.

Кезінде, Кұң Зы айтқан екен: “Асықпау, ұсақ пайдаға елітпеу керек. Асығу жырғатпайды. Ұсақ пайдаға еліту ірі іс тындыртпайды” деп. Мен «Үйсіннама» үшін тұпа тура 30 жылымды берген екенмін. “Ірі іс тындыра” алмаған болсам да, мына «Үйсіннама» ірі іс тындыратын бауырларыма азырақ ес қататын тер төгу, тым құрығанда көлге түскен тамшы болар-ау дедім.

Менің оқырманым осыларды түсінсе, былайғы жазғандарыма ықылас аударатын-ақ шығар.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға