Жаңалықтар

Exxon Valdez мұнай тасушы танкерімен болған оқиға

Exxon Valdez мұнай тасушы танкерімен болған оқиға
26.10.2015 11:22 6435

Exxon Valdez мұнай тасушы танкерімен болған оқиға дағдарыс кезіндегі PR-дың маңыздылығын айқын көрсететін оқиғалардың бірі

Exxon Valdez мұнай тасушы танкерімен болған оқиға

Дағдарыс кезінде БАҚ-пен қатынас орнату барысында жіберілген қателіктер компания үшін үлкен қаржылай шығындар алып келеді. Exxon Mobil Corporation – АҚШ-тағы және әлемдегі ең ірі мұнай компаниясы. Exxon Mobil Corporation әлемдегі нарықты капитализациялау бойынша да ең ірі компаниялардың бірі болып табылады. Exxon Mobil Corporation акциялары Доу Джонс индексінің есебіне кіреді. Сонымен қатар, Exxon Mobil Corporation Джон Рокфеллердің аты шулы Standard Oil компаниясының мұрагері. Қазіргі таңда Exxon Mobil Corporation әлемнің 100-ден астам елінде жұмыс істейді.       Танкердің ұзындығы 301 метр, ені 50 метр, тереңдігі 26 метр, бос күйінде салмағы 30 000 тонна, 23 мегаваттық дизелді қозғалтқышпен іске қосылады. Кеме 235 мың кубометр (1,48 млн баррель) мұнайды 30 км/сағ (16,25 торап) жылдамдықпен таси алады. Корпусы бір қабаттан тұрады. Танкер Сан-Диего қаласында (Калифорния) National Steel and Shipbuilding Company компаниясымен құрастырылған. Суға 1985 жылдың 24 шілдесінде жіберілген. Exxon компаниясына 1986 жылдың желтоқсан айында жеткізіледі. Соқтығыс кезінде, яғни 1989 жылы салыстырмалы түрде жаңа кеме болды.

1989 жылы Exxon Valdez мұнай танкері Калифорнияға сапарында Уильям ханзаданың шығанағына кірді. Ауа райының ашықтығы мен Bligh су астындағы рифі картада анық көрсетілгендігіне қарамастан кеме қайырға кіріп кетіп, мұнай ағыны басталды. Өте аз уақыт ішінде 1 260 000 баррель мұнайдың үлкен бөлігі қоршаған ортаға төгілді (240 000 баррель = 40 000 тонна). Қақтығыс кезінде кеме тұтқасының басында капитанның үшінші көмекшісі болды. Болжамдарға сүйенсек, капитан және топтың көп бөлігі мастық халде болып, танкерді басқару тәжірибесі аз үшінші-көмекшіге тапсырылды.

Апаттан кейінгі мұнаймен ластанған теңіздің жағдайы

Компания қандай да болмасын комментарий беруден бас тартты. Exxon компаниясының төрағасы Лоренс Рол БАҚ жағымсыз қарайтын еді. Сондықтан ешқандай жауап бермей, толықтай жабық саясат ұстанды. Журналистер компания өкілінен Лоренс Рол оқиға туралы телевизияға интервью беруін сұраған еді. Баспасөз қызметі: «Exxon төрағасының бұндай нәрселерге уақыты жоқ», - деп жауап берді.

Бір апта уақыт өткеннен кейін де компания ешқандай түсініктеме бермей отырды. БАҚ-тың компанияға қатынасы мүлдем теріс көзқарасқа ие болғандықтан баспасөз-конференцияға Exxon-ның Тиелім директоры Франк Иаросси барды. Бірақ бұл әрекет жеңіске ұласпады. Азды-көпті жағымды жаңалықтар түбінде тұрғындарда бар деректерге қайшы болды. Valdez қаласының мэрінің айтуы бойынша, Exxon-ның мұндай әрекеттерінің салдарынан халық өзінің алданғанын сезінді.  Нәтижесінде Рол телевизияға барады. Сұрақтар барысында оған апат нәтижелерін орнына келтіру жөнінде қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрайды. Лоренс болса, бұндай сұрақтарға жауап беру төрағаның қызметіне кірмейді және орын алған дағдарысқа БАҚ өкілдері кінәлі деп айыптын бәрін медиаға жапты.

Аляска жағалауындағы  Exxon компаниясының мұнай танкерімен болған жағдайы дағдарыс кезінде қандай қателіктер жіберуге болмайтынын нақ көрсетті.

Оқиға болған орынға бару керек пе әлде жоқ па? Компания жетекшілері апат кінәсін мойындап, шығындарды төлеуге толықтай келісті. Алайда, оқиға орын алған жерге басшылық аяқ басып аттамады. Мамандардың айтуынша, басшылық міндетті түрде апат ошағына барып, халыққа көмек көрсету керек дейді.

Судың ластануынан тұншығып өлген кит

БАҚ-пен байланыс орталығын қайда орналастыру керек. Басшылықтың шешімі бойынша баспасөз-орталығы апат орнында болды. Ал сол жерге ең жақын орналасқан тек кішігірім қалашық болды. Сәйкесінше байланыс мүмкіндіктері де шектеулі болды. Сонымен қатар, Нью-Йорктен, яғни ақпарат таратушы бас орталықтан 4 сағат өзгешелік болды. Осының бәрін біріктіргенде, баспасөз-орталығының брифингтер, жиналыстар уақыты Нью-Йорк телеарналары мен мерзімді басылымдары үшін сәйкес келмеді және журналистер орталыққа дұрыс телефон шала алмай, ешқандай  ақпаратсыз отырды.

Жауап беру жылдамдығы. Дағдарыс кезінде ақпарат ағымының алдында болу керек. Компания басшылығы оқиға туралы жауабын тек бір апта өткеннен кейін берді. Exxon ойланып жүрген кезде, қарсыластары белсенді түрде әрекет етіп, компания туралы жағымсыз ақпараттар толқынын одан бетер ұлғайтты. PR-мамандары осы кезде «Exxon бұл шайқаста алғашқы 48 сағат ішінде жеңіліс тапты» -, деп айтқан болатын.

Компанияның «қоғамдық беті». Exxon тазалық жұмысы жөнінде шығындардың көп бөлігін өзіне алып, фаунаны қорғау мақсатында бірнеше жобаға бастама берді. Бірақ жұртшылықпен жұмыс толық жүргізілмей қалды. Компания айтқан деректер әр дереккөзде әр-түрлі болып шықты. Cондықтан халық компанияның жасаған жақсы әрекеттерін аңғармай қалды

Зардаптармен жұмыс. Компания Алясканың радиосына сыйлық ретінде ақпаратты белсенді жариялағаны үшін  $30 000-ға чек жіберді. Радио болса өзінің жоғары құндылықтарды дәріптейтінін көрсеткісі келіп, ақшаны қабылдамады. «Мұнайлы ақшадан» бас тарту халық арасында жағымды шу тудырды. Осы жағдайға байланысты АҚШ конгресі заң шығаруды талап етті.

Төгілген мұнай мен апат нәтижелерін орнына келтіру құны $7 млрд құрады.  Ал айыппұл құны $5 млрд болды.  Компанияның абыройына келген зақым одан да үлкен болды. Exxon әлем нарығындағы көшбасшы орнынан айырылып қалып, үшінші орынға түсті.

Ал дағдарыс орын алғанға дейін Exxon компаниясында дағдарысқа қарсы қандай шаралар атқарылу керек болғанын сараптап көрейік.

Алдымен кризистің түрін анықтайық. Танкердің сынуы ұзақмерзімді, трансұлттық, күтпеген дағдарыс, арнайы жоспарланған шаралардың әсерінен болатын «мәлім беймәлім»-ге жатады.

Жүргізілген тергеу жұмыстарынан кейін компания жасырған көптеген заңбұзушылықтар әшкереленді. Белгілі болған ақпараттарға сүйеніп апаттын алдын-алуға әбден мүмкін болғандығын байқай аламыз.

Тұтқада тұрған жас көмекші «Raycas» радар жүйесіне қарап кемені кіргізсе, Блай рифіне түйіспес еді. Алайда радар бұдан бір жыл бұрын істен шыққан екен. Компания үнемдеу мақсатында радарды жөндемей, сөндіре салды. Міне осындай бейберекет қатынас апаттың қосалқы себебі болды.

Мұнайдың төгілуінен 10 ай бұрын компания директорларының жоғары деңгейде өткізілген жабық мәжілісінің қызмет хаттамалары табылды. «Alyeska» атты алты компанияның және ТрансАляскалық мұнайқұбырларының иелерінен тұратын комитеттің отырысы болды. Хаттамада көрсетілгендей Валдиз қаласындағы операциялардың директоры Тео Поласек: «Қолымыздағы жабдықтармен Уильям-Саунд Ханзада бұғазының орта бөлігінде мұнай төгілуін ұстай алмаймыз»,- деген болатын(дәл сол жерде 1989 жылы апат болды). Заңның талаптарына сәйкес және компаниялардыцң өздерінің текрсеруші органдарға берген қауіпсіздік туралы уәделеріне сәйкес Поласек қажетті жабдықтау алу үшін қомақты қаражат сұрады. Оның ұсынысына бақарушылар бірыңғай қарсылық білдірді. Мұнай компанияларының бұл мәселеден шығудын арзан жолы болды. Ішкі меморандумға сәйкес мұнай төгілген кезде дисперсанттың белгілі мөлшерін шашып, оқиға орнынан кетіп қалуға болатын еді және сол жоспар сол кездері жүзеге асырылып жүрді. Отырыс барысында тек Валдиз мұнай шығанағы мен арнасында  ғана болатын мұнай тасқындарына әрекет ету туралы шешім қабылданды. Ханзада Уильям бұғазы есепке алынбады.

 «Alyeska» компаниясының шұғыл әрекет ету тобында екі жыл бойы жергілікті тұрғындар еңбек етті. Ал кейін бәрін таратып жіберді. Тексеріске келетін инспекторлардың көңілін аулау үшін шұғыл әрекет ету тобына мұнай терминалында қызмет атқарып жүрген адамдардың аттарын жаза салды. Ол адамдар бұл тізімде бар екендігін білмеумен қатар, арнайы жабдықты қалай қолдану керектігін білмеді. Оған қоса, шығанақта ешқандай жабдықтар да болмады. «Эксон Валдиз» танкері қайырға кіріп кеткенде ешқандай жергілікті әрекет ету топтары болмады. Тек қорқыныш үрейі билеген адамдар болды.

Дағдарысты басқару кезіндегі жіберілген үлкен қателіктерді атайтын болсақ:

  • Дағдарыс жоспарының болмауы;
  • Шұғыл әрекет ету тобының болмауы;
  • Техникалық жабдықтарының әлемдік стандарттарға сәйкес келмеуі;
  • Компанияның «жабық» саясат ұстануы;
  • Бір апта бойы үлкен қайғылы оқиға туралы ешқандай да хабар бермеуі;
  • Телеарна бағдарламасына барған адам компания кінәсін  мойындаудың орнына, бұқаралық ақпарат көздерін ушыққан жағдайға кінәлі деп айыптауы;
  • Апат туралы ақпарат беретін баспасөз орталықтарының орналасқан жерінің қолайсыздығы;
  • Ақпарат ағымынан артта қалып қоюы;
  • Қарсыластарына өсек пен қара PR ұйымдастыруға қолайлы мүмкіндік берулері;
  • Радио қызметкерлеріне пара іспеттес сыйлықтар тағайындауы.

Бұл жерде дағдарыстан қашу мүмкін емес болды. Және дағдарыс болатыны бәріне мәлім болды. Соған қарамастан, басшылық немқұрайлық танытып, бұл жағдайға назар аудармауға тырысты. Жоғарыда айтып кеткендей, «түйеқұс саясатын» ұстанды. Бұл саясат қаншалықты үлкен зардапқа алып келетіндігіне осы апат анық мысал бола алады.


Автор Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға