Жаңалықтар

Еврейден еврейше қорғану

Қазақта әзiл-шыны аралас «қожаға қожа ғана қожаң­­дай­­ды» деген сөз бар.
30.06.2014 12:10 3256

Қазақта әзiл-шыны аралас «қожаға қожа ғана қожаң­­дай­­ды» деген сөз бар. Бұл сөздi осы арада өңiн сәл өзгертiп, еврей ағайынға да байланыстырып айтуға болатын секiлдi. Әри­не, әлем мойындаған Фрейдке тағы да әлем мойындаған еврей баласының ғана шамасы келмек. Солай болып шықты да. Ендi еврей баласы еврей оспадарлығынан өз халқының намысын қалай қорғағандығына қысқаша тоқтала кетейiк.

Бiрде қолыма жайма базардан америкалық еврей тарих­­шы­­сы Иммануил Великовскийдiң «Эдип және Эхнатон» һәм «Түнек қойнауындағы ғасырлар» атты екi еңбегi түстi. Кiтап сатушы бұл кiтаптарды «еврей халқының дертiне ши­па болып келген бальзамы» деп түсiндiрдi. Тарихшы бi­рiншi еңбегiнде Эдип патша туралы әфсананың (Фрейд пси­хоанализмiнiң басты жаңалығы болып саналатын «Эдип комплексiнiң» басты кейiпкерi) тарихи түп-негiзiн iздей отырып, аңыздың ақиқат сұлба-өзегiн жасауға талпынады. Тарихшы бiрiншi кезекте Эдип патшалық құрған қаланың Грекиядағы Фивы емес, Египет Фивысы екендiгiн дәлелдейдi. Өйткенi, аңыздағы Эдипке жұмбақ жасыратын Сфинкс ескерткiшi осы төңiрекке орналасқан (қанаты сынып, мұр­ны мүжiлген бұл тарихи жәдiгердi Мысыр пи­­ра­ми­даларының маңынан әлi күнге тамашалауға болады). Яғни, әфсана тудырушылардың қиялына қанат бiтiрген құ­бы­жық­тың түпнұсқасы осы Сфинкс ескерткiшi болуға тиiс. Де­мек, Эдип жолаушылап келе жатып кездестiрген қаланың шын аты да әфсанадағыдай жетi қақпалы Фивы емес, тарих­тан белгiлi Нiл жағасындағы Но-Амон («Амонның рези­ден­циясы») шаһары болып шығады. Бұдан кейiн ғалым «Эдиптiң өзi де Мысыр перғауындарының бiрi болуы керек» деген ойды негiзге ала отырып, iзденiс жасайды. Тарихи деректердi әфсана желiсiмен сабақтастыра дамыту арқылы Эдиптiң прототипi Мысыр перғауыны Аменхотеп IҮ (Эх­­натон перғауын – Фрейдте Мұса пайғамбардың ұстазы сана­латын Мысыр билеушiсi – Ә.Б.) болуы керек деген ше­шiмге келедi.

И.Великовский әфсанадағы Эдип пен тарихтағы Эх­­натонды ұқсастыратын бiрнеше деректер мен дәйек­те­ме­лердi де алға тартады. Ол ұқсастықтар мынадай:

1. Эхнатон (Аменхотеп IҮ) туралы әкесi Аменхотеп III тұсындағы жазбаларда ешқандай дерек жоқ. Оның кес­­­­­кiнi бұл кездегi барельфтерде де кездеспейдi. Ал бағзы Мысыр суретшiлерiнiң, бәлкiм, сарайдың жазылмаған заңы бойынша, патша отбасы барельфтерде әдетте толық кес­кiн­делетiн болған. Яғни, Эхнатон таққа отырғанға дейiн сырт­­­та болды, сарай суретшiлерiнiң көзiне түскен жоқ. Әкесi өлiп, таққа мұрагер ретiнде елге қайта оралғанда, шешесi Ти патшайым билiк жүргiзiп жатқан-ды.

Эдип туралы аңызда да осы желi. Бiрақ нақты тарихтан гөрi ақын баяндаушының көркем қиялын аңғаратын әф­саналық бояу басымдау. Әкесi Лай көрiпкелген болашақ ұлы­ның (Эдип) өзiн өлтiретiнiн, туған шешесiне үйленiп, бала сүйетiнiн бiледi. Өз өмiрiне қауiптенген патша қолында жаңа туылған шарана нәрестенi қызметкерлерiнiң бiрiне далаға апарып тастауға бұйырады. Және бiр қызығы, әлдебiр сәт­тiлiктермен сәби аман қалып, көршiлес патшалардың бiрi­нiң қолында тәрбиеленiп, ер жетедi. Кейiнiрек тағдырдың айдауымен өз қаласына қайта оралғанда, иесiз тақтың үстiнен түсетiнi және бар. Сосын, баяғы көрiпкел айтқандай, таққа отырып, шешесiмен некесiн қидырады.

2. Таққа отырған Эхнатонның алғашқы жұмысы тарихи ескерткiштер мен шежiре жазбалардан өз әкесiнiң есiмiн өшiр­­­ту болады. Ғалым мұны «әке мейiрiмiн көрмеген, қайта оның тарапынан қудалауға түскен баланың екiнiң бiрiне ұғынықты қарапайым iшкi ренiшi едi» деп түсiндiргiсi келедi (Бұл еңбектiң Фрейд психоанализмiнiң негiзгi тұжырым­­да­­­рын жоққа шығару үшiн жазылғанын ұмытпаған жөн – Ә.Б.).

Әфсанадағы Эдип болса, әкесiнiң есiмiн тарихи жазба­лар­дан өшiрткiзумен әуестенбейдi. Бар болғаны, оны әкесi еке­нiн бiлмей өлтiрiп қояды. Бiрақ ғалымның пiкiрiнше, әф­санадағы әкенi өлтiру мен өмiрдегi оның есiмiн тарихи дерек көздерiнен өшiрткiзу өзара мотивтерi ұқсас әрекеттер бо­лып табылмақ.

Әфсанадағы Эдип өз төсектесiнiң туған шешесi екенiн кейiнiрек көрiпкелден бiлген кезде, бiлмей жасаған күнәсi үшiн өзiн отқа да, суға да лақтырады. Дала кезiп, қаңғырып кетедi. Әке алдындағы күнәдан өзiн-өзi қарабет сезiнiп, жұрт бетiне қарай алмайтындай халге түседi. Великовскийдiң пiкiрiнше, тарихтағы Эхнатон да (ал ол әфсанадағы Эдиптiң прототипi ғой – Ә.Б.) әке есiмiне, әке рухына, тiптi ол сен­­ген дiнге «қиянат» жасағаны үшiн жергiлiктi тұрғындар тарапынан моральдық тұрғыдан азғындаған күнәһар жан ретiнде жеккөрушiлiк сезiмдерiн тудырған болуы әбден мүмкiн. Ал әфсана кейiпкерiнiң күнәсiн сезiнiп, дала кетуiн кейiнiректе нақты тарихи оқиғадан ұрпаққа айтар тағылымы бар аңыз тудырушы ақын қиялының жемiсi деп тануға бо­лады.

Великовский, сондай-ақ, аңыздағы Эдипке де, тарихтағы Эхнатонға да тән дене кемiстiктерiн де алға тартады.

3. Эдип те, Эхнатон да өмiрлерiнiң соңғы жағында сарай маңын­дағылар мен дiн өкiлдерi тарапынан қуғынға ұшы­рай­­ды. Великовскийдiң тұжырымдауынша, тарихи Эхнатон мен әфсаналық Эдип арасындағы соңғы ұқсастық осы. Бiрi әфсанада, бiрi тарихта iз қалдырған олардың шын мәнiнде бiр адам екендiгiне осы дәлелдер де жетiп артылады.

Великовский әңгiме болған осы еңбегiнiң соңында «Фрейд Эхнатон iс-әрекетiнен өзiнiң әйңiгi жаңалығы «Эдип комплексiне» негiз болған бейсана iшкi қозғаушы күштердi аңғармады, қайта күнәһар Эхнатонды еврейлердiң ел көсемi болған Мұса пайғамбардың ұстазы ретiнде ұлықтаймын деп әбден алжасты» деп кiнәлайды. Иә, осылайша еврей Великовскийдi еврейдiң қорасына тас атқысы келген тағы бiр еврей баласы Фрейдтiң ғалым ретiндегi бедел-абыройын оны мақтап отырып-ақ тас-талқан еттi деуге әбден болатындай.

Бiрақ олай болмаса ше? Мысалы, Фрейд өзiнiң қорытынды iспеттi соңғы еңбегiнде тарихта шынымен болған оқиғаларға шындықтың сәулесiн түсiрген, одан талай ғасырлар бойы еврей халқы аңғарғысы келмей келген ақиқаттың сұлбасын таныған болса ше? Әрине, бұл жерде кiмнiң ақ, кiмнiң қара екендiгiн анықтау үшiн екi ғалымның да басты кейiпкерлерi iспеттес перғауын Аменхотеп IҮ-нiң өзiнiң өмiрiне үңiлiп көруден басқа жол жоқ.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға