Жаңалықтар

Эволюция туралы 5 жаңсақ пікір

Эволюция жайлы ең танымал, оғаш та орынсыз пікірлер
Эволюция туралы 5 жаңсақ пікір
11.09.2017 17:51 15753

Тау үстіне тау болып үйліп, жылдан жылға көбейген эволюциялық даму туралы ақпаратқа қарамастан, көпшілігімізге эволюция жайлы мардымды ақпаратты ешкім әдейілеп оқытпайды. Ал кейбірімізге эволюция жайлы ақпарат бір-екі сөйлемнен тұратын, көбіне бұлыңғыр және бір қарағанда қисынсыз көрінетін қауесет түрінде ғана мәлім. Соңғы сауалнамалар бойынша, Дарвиннің туған жері Ұлыбританияның үнемі сауаттанып отыратын зайырлы қоғамының өзінде халықтың жартысынан азы ғана эволюцияны қабылдайды екен. Бұндайда, басқа халықтар арасында эволюция жайлы жаңсақ пікірлердің көптігіне таңырқау да әбестік секілді.

Әрине, өмірінде биология не жалпы жаратылыстану жайлы терең ақпарат алып көрмеген адамға табиғаттан тыс күштерге сенушілердің эволюция теориясына қарсы айтлған пәтуалары мен уәждері біршама қисынды көрінуі мүмкін. Дей тұрғанмен, тіпті эволюцияны қабылдайтындардың арасында да қалыптасып үлгерген жаңсақ пікірлер мен қате пайымдаулар жетерлік.
Сондықтан, бұл мақаланы бірнеше бөлімге бөліп, алдымен эволюция жайлы ең танымал, оғаш та орынсыз пікірлерден бастаудың ретін көріп отырмын.

  «Егер біз маймылдан жаралсақ, неге маймылдар адамға айналмайды? Ақымақтар!»

Талай жерде шай үстінде естіген немесе өзіміз айтып жүрген бұл пікір орынсыздық тұрғысынан шүбәсіз бірінші орынға лайық деуге болады.

Біріншіден, түрдің тармақталуы – эволюцияның ажырамас бөлігі. Мысалы, адамдар жабайы жылқыдан нешетүрлі жылқы тұқымын будандастырып шығарған. Тап солай, жабайы есек, зебра мен жылқының да атасы бір. Түрдің әрі қарай тармақталуынан белгілі бір кезеңде, өзара шағылыспайтын тұқымдар пайда болғанда, жаңа түр пайда болады. Жаңа түрдің пайда болуы және оған тұпнұсқа болған жануардың жойылуын білдірмейді. Оған жарқын мысал —  ит тұқымдарының (алабай, тазы, пудель) «атасы» — қасқыр әлі кеңінен кездеседі.

Екіншіден,  біз тараған маймылтектес жануардың түрлері баяғыда жойылып біткен, ал шимпанзе мен горилла біздің «атамыз» емес —  жетпі жеті мың атадан әрі қосылған «руласымыз» ғана, сондықтан, оларды, әрі кетсе, адамзаттың «жат жұрағаты» ғана деп тану қисындырақ.

 «Эволюция деген жай ғана теория. Сондықтан, оған сенуге болмайды».

Теория, аксиома, гипотеза және догманың айырмасын шатастырудан туатын жаңсақ пікір.
Теория деген дәлелсіз жорамал емес, дәлелдеумен бірге жүруі тиіс түсініктер жүйесі. Эволюцияның екі жағы бар. Эволюция — әрі факт (яғни қазып алынған ежелгі жануар қалдықтары, ғылыми тәжірибелер мен бақылаулар, генетикалық зерттеулер),  әрі cол фактке сүйенетін теория (тіршіліктің сұрыпталу һәм мутациясы нәтижесінде тармақталып, дамитыны туралы жалпылама қорытынды).
Сол себепті, егер көбіміздің айтқымыз келетіні — «Эволюция деген қу пайымға негізделген жорамал» деген ой болса, бұл ойымыз қай жағынан қарасақ та қате болады.

 «Дарвин өлерінде өз теориясынан бас тартқан. Сондықтан, оған сенуге болмайды».

Біріншіден, біз Галилейдің «жер күнді айналады» деп айтып алып, кейін соттағы азаптан қорқып, ол ойынан бас тартқанын білеміз. Бірақ, одан ғаламзаттың заңдары өзгеріп кетті ме?! Ғылыми жорамалдардың дамуы не құлдырауы, авторларының қалауы мен тілегіне  емес, оны терістейтін/дәлелдейтін айғақтарға тәуелді. 

Екіншіден, Дарвин өз теориясынан ешқашан бас тартпаған, бұл кезекті қауесет еш деректі айғағы жоқ, кең тараған қауесет ғана. 

 «Эволюция – алғашқы тіршіліктің пайда болуын түсіндіре алмайды. Сондықтан, оған сенуге болмайды».

Эволюция теориясы ең алдымен, тіршіліктің пайда болғанынан КЕЙІН қалай өзгергенін түсіндіретін теория. Жалпы ғылымда тіршіліктің пайда болуы туралы сұрақ әлі де ашық. Мысалы, ең алғашқы тіршілік иесінің пайда болуына негіз болған химиялық қоспаны анықтау мәселесі немесе ең алдымен қарапайым гендік жинақ пайда болды ма, жоқ бірінші зат алмасу пайда болды ма? Бірақ бұл сұрақтар эволюцияның қарастыратын мәселелеріне жатпайды. Сондықтан, ғылымның алғашқы жасушаның қалай пайда болғанын әлі анықтамағанын  эволюция теориясының бетіне салық қылу орынсыз. Анығы, тіршілік қалай басталса да, белгілі бір заманда, ол тармақтала бастаған. Эволюция, бұл орайда, сол уақыттан бері қарайғы тіршіліктің шежіресіне үңілетін ілім.

 «Эволюцияны дәлелдейтін аралық түрлердің қалдықтары табылмаған. Сондықтан бұған сенуге болмайды...»

Бұл уәжге жауап берудің сыпайы әдісі жоқ-ау сірә. Бұндайды кім айтса да, ол адам мейілінше надан не барып тұрған өтірікші. Шындығында, аралық сипаты бар жануарлардың қазба қалдықтарының көптігі соншалық — микро қазба қалдықтарын қоссаңыз, триллиондап есептеледі. Бұл қалдықтар бір негізгі жануар тобынан екіншісіне өту барысын, мысалы, балықтан қосмекендіге не бір түрден екіншісіне өткен кезеңін айқын бейнелейді. Жаңа қазба қалдықтар, жартылай балық, жартылай қосмекенді — Тиктааликтан бастап, ежелгі қысқа мойынды жирафқа дейін  үздіксіз табылып жатыр. Табиғат мұражайы Қазақстан табиғатының өзгерістерін көне заманнан қазіргі кезге дейін көрсететін палеонтологиялық және зоологиялық топтамаларының өзі не тұрады.

Қысқасы, бұл эволюция туралы жаңсақ пікірлердің азы және ең көп тарағаны ғана. Өкініштісі, эволюцияны айғақтайтын дәлел дәйектер мен ғылыми жаңалықтар есепсіз көп болғанымен, қазақша ресурстарда бұл туралы танымдық ақпарат кешірілмес деңгейде аз. Бұл мақала сол вакуумды титтей де болса толтыруға бағытталған әрекетім. Келесі мақалаларда бұл тақырыпты әрі қарай жалғастырып, тіпті эволюция теориясын қабылдайтындар арасында да кеңінен тараған қауесеттерге тоқталатын боламыз.

Дереккөздер: https://www.newscientist.com,

 http://evolution.berkeley.edu

 http://culturemap.kz/kk/object/muzeiy-prirody3315

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға