Жаңалықтар

Еуропада мақалаға тауар ретінде қарайды – журналист

Италиялық медиатренер Паоло Брикко масс-медиа қоғамдық процеске ықпалын, рөлі туралы тоқталып, жаңа трендтер туралы сөз етті.
Еуропада мақалаға тауар ретінде қарайды – журналист
12.10.2022 15:02 1436

Италияның белді газеттерінде тәжірибесін шыңдаған журналист, экономист-ғалым Паоло Брикко Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бүгінгі журналистиканың бағыт-бағдары турасында өз ойларын ортаға салып, студентер мен магистранттарға дәріс оқыды.

Университеттің журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ ақпараттық дәуірде сапалы контентке сұраныс артып, дәстүрлі ақпарат құралдары мен жаңа медианы үйлестіріп, дамытудың маңызына тоқталып, мұндай жұмыста алыс-жақын шет елдердің медиасарапшыларымен тәжірибе алмасу маңызды екенін атады.

Италиялық медиатренер Паоло Брикко масс-медиа қоғамдық процеске ықпалын, рөлі туралы тоқталып, жаңа трендтер туралы сөз етті.

«Лекцияның тақырыбына «Жақсы журналист болу үшін не керек?» дегенді таңдап, осының мәнін ашу міндеті тұр. Біріншіден, салалық журналистика – экономика, саясат, экология, спорт және т.б. тақырыптарда мамандану маңызды. Шыны керек, қазір журналистикада газет өндірісі дағдарысқа ұшырап, таралымы азайса, интернет дамып, радио өз жолын тауып, ақпарат берудің тәсілі жаңарды. Өз басым, газет немесе сайтта шыққан «мақалалар қысқа болу керек» деген пікірге қосылмаймын. Бастысы, мақаланың мазмұны мен мағынасында. Еуропада журналистің мақаласына «тауар» ретінде қарайды. Өйткені журналистің сараптамалық мақаласы, журналистік зерттеуі, репортажы сапалы болса, сұраныс артады, бұл дегеніңіз газеттің сатылымына, сайттың оқылымына тікелей әсер етеді. ХХІ ғасырдағы журналистикада бәсекеге қабілетті болуы үшін ағылшын және т.б тілде меңгеру өте маңызды. Ақпараттық ағын ағылшын тілі арқылы жүруде.

Сөзсіз, газет тиражы азаяды, алайда оның мақалалары сапалы болады. Ал ақпарат берудің құралы ретінде интернеттің беделі арта береді.

Италияда журналистерге жақсы жағдай жасалуда. Олар мас-медиаданы дамытуға қабілетті. Италиядағы журналистер кәсіби маманданбаған. Олардың арасында экономист, заңгер және т.б. болуы мүмкін. Бірақ жазатын саласын терең меңгерген...», – деп талдады Паоло Брикко.

Расында біз ақпараттық ғасырда ғұмыр кешудеміз. Қазір журналистер бес қаруын сайлаған жауынгерлердің рөлінде. Мұны жақсы түсінетін елдер ақпараттық платформада, жаһандық медиада өзіндік орнын алуға күш салып, шығармашыл ортаның бәсекеге қабілетті болуына жан-жақты жағдай жасауда.

Ал, отандық газет-журналдар, сайттар мен порталдар бүгінгі бәсекеге қаншалықты қабілетті, әлеуметтік желінің желкенінде кеткен жоқ па? Кездесу барысында осындай түйдек-түйдек мәселелер толғандырды.

АҚШ және Еуропа елдеріндегі «әмбебап журналистер» текст жазып, видео өңдеп, аудио файлды жүктеп, ақпараттарды жылдам таратады. АҚШ-та 10 жыл бұрын «Лонгрид» арқылы ақпаратты берудің жаңа формасы пайда болды. Бізде бұл бағытта қандай жаңашыл жаңалықтар бар?

Қысқасы, ақпараттық саясатты жүргізуде жаңа және дәстүрлі медиаға тең жағдай жасап, таразының басын тең ұстап, кәсіби журналистердің шығармашылық әлеуетін тиімді пайдалану керек. Кездесуде осының парқын түсіндік.

 

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға