Еуропа лигасы: «Тобыл» өз алаңында жеңіске жетсе де, келесі кезеңге өте алмады

Қостанайдың «Тобыл» клубы Еуропа лигасының бірінші іріктеу раундының қарымта матчында өз алаңында Словакияның «Ружомберок» клубын қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Командалар алаңға мына ойыншыларын шығарды:
«Тобыл»: Покатилов, Габараев, Миладинович, Ндиайе, Тапалов, Мосиашвили, Эссьен, Чесноков, Эль-Мессауди, Энен, Иванович;
«Ружомберок»: Фрухвалд, Мойжиш, Малы, Кестл, Домонкос, Мудры, Лавринчик, Лутеран, Хриен, Келемен, Гладик.
Алаң иелері матчты белсенді бастап, сегізінші минутта-ақ қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Кездесудің есебін Ахмед Эль-Мессауди ашты. Осыдан соң қостанайлықтар шабуылды үдете түсті, тіпті гол да соққан, алайда төреше оны есептемей қойды. Осыдан соң ойын қарқыны бәсеңдеп, алғашқы тайм 1:0 есебімен аяқталды.
Екінші таймда «Тобыл» қайта шабуылға көшті, бірқатар қауіпті соққы да болды, әсіресе Ислам Чесноковтың тепкен добы қақпаға дәл бағытталғандай көрінген, алайда олай болмай шықты. Осылайша, кездесу 1:0 есебімен аяқталды. Тиісінше клубтың Еуропа лигасындағы жорығы да аяқталды.
Енді «Тобыл» Конференция лигасында бақ сынайды. Қостанайлықтардың қарсыласы – Швейцарияның «Санкт-Галлен» клубы.
«Тобыл» (Қостанай, Қазақстан) — «Ружомберок» (Ружомберок, Словакия) 1:0 (1:0).
Гол: Эль-Мессауди 8 (1:0)
Бірінші ойын: 2:5.
