Жаңалықтар

Этносаралық келісім – қазақстандық құндылықтың негізі

Этносаралық келісім – қазақстандық құндылықтың негізі
Фото: instagram.com/assembly_kz 19.07.2023 12:07 1785

Этнос, диаспора, этносаралық қатынас – елдегі бірлік пен берекенің басты кілті. Қазақстанның этносаралық саясаттағы және қоғамдық келісімді дамытудағы саясаты көп елге үлгі болуда. Бұл әсіресе Орталық Азиядағы елдер үшін аса маңызды. Қазақ халқы мемлекет құраушы ұлт ретінде басқа да ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін, тарихын сақтауына барлық жағдайды жасап отырған бірден бір ел.

«Бірлік болмай-тірлік болмас» деген мақалды басты қағида етіп ұстанған қазақ халқының санасында, тарихында соғысқұмарлық пен жаулап алушылық, басынушылық болмаған. Тарихтан алып қарасаңыз қазаққа басқыншылық жасағандардың аямай жазасын берген. Ал өздері ешқашан біреудің жеріне көзалартып, соғыс ашпаған халық. Қазақ толренттығы дегеніміз - басқа этностардың салт-санасына, діні мен тіліне деген төзімділік танытуымен ерекшеленеді. Діни, мәдени айырмашылықтарға қарамастан Қазақстанда этносаралық келісім сақталған. Бұл мақсатта Қазақстан халқының Ассамблеясы деген ұйым құрылып жұмыс жасап келеді. Әлемде аналогы жоқ ұйымның елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға қосып жатқан үлесі шексіз. Әрине, Жамбыл облысының  Қордай ауданында, Масаншы ауылы секілді бірнеше жерлерде орын алған жастар арасындағы кикілжіңнің саясаи сипат алуына жол бермей, ұлтаралық қақтығысқа жатпайтын бұзақылық әрекет ретінде танығаны үшін қоғам арасында Ассамблеяның беделіне нұқсан келгені жасырын емес. Дегенмен мемлекеттік көзқараспен, саяси тұрғыдан алғанда елде орын алған кез-келген конфликтілік жағдайды ушықтырмай ұстап отыру қиынның қиыны екені сөзсіз. Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстанда орын алатын кез-келген конфликтінің арты азаматтық соғысқа немесе жаппай берекесіздікке әкелуі мүмкін. Оның нәтижесінде еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығына қауіп төнеді. Ал оны дер кезінде басып тастауға мемлекеттің ресурсы жетпейді. Жеткен күннің өзінде шетелдегі Қазақстанның саясатын ұнатпайтындар пайдаланып, ушықтырып жіберуі мүмкін. Бұл жаппай тәртіпсіздік экономикалық, әлеуметтік, саяси тұрақсыздыққа әкелетіні бесенеден белгілі.

Тағдырдың тәлкегімен, саяи жағдайларға байланысты елімізге қоныс аударып мекен еткен көптеген ұлттардың қазақ халқына деген көңілі риясыз. Мысалға әлеуметтік желілерде Германияға көшіп кеткен неміс ұлтының өкілдерінің қазақы шапанымызды киіп, көк туымызды ұстап билеп жүргені, ұлттық асымызды әзірлеп, бірін-бірі қонаққа шақырып, бата берісіп жатуының өзі керемет емес пе? Қиын –қыстау кезеңде аталарын аман алып, соңғы нанымен бөлісіп жеген қазақтарды шешен ұлты да ешқана ұмытпайды. Қазақ көрсе төріне шығарып, туған бауырындай көріп, құшағына алатын шешен ұлты да қазақтың қадірін біледі. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Соңғы кездері Қазақстандағы русофобия туралы бірқатар әңгімелер айтылып жүр. Оны да шығарған – ел басына күн туғанда Отанын тастай қашқанар. Бірақ, бірен-сараң әлеуметтік желідегі жазбалар екі ел арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіре алмасы белгілі. Ең қызығы елімізде туып өскен «жергілікті» ұлттар арасында қазақша жанталасып үйреніп, «өзіміздің қазақстандық орыстар» деп бөліне бастағаны байқалады.

Тарихқа көз жүгіртсек, славян халқының едәуір бөлігі Қазақстанда XIX–XX ғасырлар тоғысында Ресейдің еуропалық бөлігінен шаруаларды жаппай қоныс аударған жылдары болды. Сталиндік тоталитарлық режим жылдарында Қазақстанның кең аумағында ондаған мың саяси тұтқындар болды. Қазақстан лагерь Республикасына айналды. Өткен ғасырдың 30-40 жылдарында бұрын-соңды болмаған жаппай депортация Қиыр Шығыстан, Закавказьеден, Солтүстік Кавказдан, Қырымнан, Еділден және т. б. бүкіл халықтардың өлкесіне басталды. Тың және тыңайған жерлерді, жаппай индустриялық кеңестік құрылыстарды игеру жылдарында Қазақстан атынан жүз мыңдаған жастар жаңа отанына ие болды. Осы кезеңдердің кез келгенінде қазақтар қоныс аударушыларды ерекше жылулықпен және жылы шыраймен қарсы алды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары КСРО-ның ыдырауымен, әлемдік социалистік жүйенің құлдырауымен ерекшеленді, нәтижесінде көптеген бұрынғы кеңестік республикалар ұлтаралық қақтығыстар қаупіне тап болды.

Бірқатар жаңа тәуелсіз мемлекеттер ең ауыр тоқырау жылдарды бастарынан өткерді. Одан біздің елімізде шет қалған жоқ. Зауыт, фабрикалар тоқтап, қаражат жетіспеушілік, айлық, зейнетақыларды айлап ала алмайтын, дүкен сөрелері бос қалған, жұмыссыздық жайлаған мемлекетті еншімізге алдық. Қазақстанның барлық халықтарының пікірі мен мүддесін есепке алуға бағытталған салмақты, ұқыпты мемлекеттік саясат бізге Елеулі күйзелістерден ауыртпалықсыз құтылуға мүмкіндік берді. Қазақстан тәуелсіз, егеменді даму жолына түскен кезде бірден этносаралық қатынастар моделін айқындау маңызды мәселе екенін түсінді.

Этносаралық қатынастардың қазақстандық моделі дегеніміз-мемлекет құрушы халық қазақтар, шоғырландырушы, үлестіруші ұлт-қазақтар. Басқа этностар қазақ халқының тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сыйлай отырып, өз халқының дамуына үлес қосып, ортақ мемлекетіміздің кемел келешегі үшін бірлесіп, еңбек етуге мүмкіндік беру. Әрине мемлекет құрушы қазақтардың елдегі үлес салмағы 40 пайыздан аспай тұрған кезде жаппай қазақ тілін дамытып, барша мемлекетте өмір сүретін өзге ұлттарды қазақыландырып жібереміз деген ұранның абсурд екенін бәрі түсінді. Бұл жүйені асықпай, уақыт оздыра отырып жүзеге асыру және елдегі қазақ халқының үлес салмағын арттыру жұмысы күн тәртібінде тұр. Нәтижесінде тоқсаныншы жылдардан бастап елге оралған миллионнан астам қандастардың арқасында және қазақ халқының экономикалық, әлеуметтік жағдайдың тұрақталуына байланысты өсімі ұлғайып, бүгінгі таңда жетпіс пайыздық межеге жақындап қалдық. Әлі де алдағы 20-30 жылда елдегі қазақтың үлес салмағы 80-90 пайыздық межеге жеткенде ешқандай саяси кілттерді қолданбай-ақ мемлекеттік тіл қазақ тіліне айналып, жалпы қоғам қазақ  тілінде сөйлеп, қазақи санаға ауысады деген сенім бар.

Бүгінгі таңда қазақтармен бірге көптеген ұлттық диаспоралардың (қауымдардың) өкілдері тұрады. Осыған байланысты этносаралық келісім мен дамудың оңтайлы моделі,  былайша тұжырымдалады: Қазақстан – жаңа этникалық қауымдастық емес, әртүрлі ұлт азаматтарының бірлігі. Біздің халқымыздың интеграциясы еліміздің этникалық бірегейлігін сақтауға негізделген. Қоғамның этносоциалдық құрылымының түбегейлі жаңа моделін қалыптастыру өмірге және республиканың полиэтникалық қоғамының барлық спектрінің сұраныстарына барабар жауап бере алатын жаңа әлеуметтік институттар қажет. Бұл этникалық модернизацияның бір бөлігі болып табылатындығымен түсіндіріледі. Ұлтаралық бірліктің негізінде  саяси және әлеуметтік құрылымдарды демократияландыру процестеріне әкеледі. Ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі бүгінгі күннің шындығына айналды. Қанша айқайлағанымызбен іргеміздегі көршімізден, достарымыздан бас тарта алмаймыз. Қоғамдық келісімді дамыту арқылы, қазақстан халық күткен «Жаңа Қазақстанды» бірлесіп құруға болады. Ол үшін негізсіз әңгімелер емес, риясыз көңіл, бірлік-береке мен еңбек керек. Міне осындай жағдайда Қазақстанның тұрақтылығы нығайып, іргесі  бекіп, әлемдегі түрлі геосаяси ойындар мен соғыстардан аман қалудың жалғыз жол екенін білгеніміз жөн.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға