Жаңалықтар

Этнограф ер азаматтар қандай жағдайда атын және тегін өзгерткенін түсіндіріп берді

Этнограф ер азаматтар қандай жағдайда атын және тегін өзгерткенін түсіндіріп берді
Фото: © Pixabay.com 29.02.2024 10:50 6750

Елімізде соңғы үш жылда 30 мыңға жуық қазақстандық аты-жөнін өзгерткен, деп хабарлайды  El.kz  ақпарат агенттігі.

«АХАЖ тіркеу пункті» ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, 17 101 әйел тегін, 3038 әйел атын өзгерткен. Ал 5548 ер адам тегін, 1788 ер азамат атын өзгерткен. Аты-жөнді өзгерту бойынша барлығы 29 853 актілік жазба тіркелген. 

2024 жылдың басынан бастап неке қиюды тіркегеннен кейін 1 011 әйел ерінің, 164 ер адам зайыбының тегін алған.

Жалпы статистикалық деректер бойынша, елімізде орта есеппен жылына 12 мыңнан астам қазақстандық аты-жөнін өзгертеді.

Этнограф Болат Бопайұлы қазақ тарихында ер азамат қандай жағдайда атын және тегін өзгерткені туралы түсіндіріп берді.

Қазақта адамның аты-жөнін және тегін өзгерту 3 түрлі жағайда болған. Біріншіден, жаугершілік жағдайда белгілі бір адамның есімі арқырлы жаулары адамға іздеу салып, кек алмақшы болғанда, сол адамның есімін және тегін уақытша өзгертіп атап, оны халық қорғап, жауды жаңылдыратын болған. Екіншіден, есімі құлаққа жағымсыз, елге күлкі болатын есім қойылғанда, оны жағымды есімге ауыстырып қою салты болған. Бір ақ сары бас малын шалып, отбасы тойын жасап, ауыл ақсақалдарына Азан шақыртып есімін ауыстырып, жаңалап қою да қате емес. Үшіншіден, ешқандай туысы жоқ, тұла ту жетім баланы асырап алғанда, асыраушысы есімін қойып, тегін өз тегіне жазып алатын жағдай да бар. Ол да қате емес. Себебі ол асырап алған бала сол шаңыраққа өмір бойы ұрпақ болып сіңіп кеткен, - дейді этнограф.

Болат Бопайұлы ер де, әйел де өз тегін өзгертпеу керек деп кеңес береді. Оның ойынша, ұнамағаны үшін беталды адамның тегін өзгерте салуы қазақ өркениетіне жат. Үш жұртың, туыстық байланыстың, жеті ата дәстүрінің заңына қайшы іс. Ата дәстүріне бағынбау не сыйламау болып саналады.

Егер ер адамның анасының тегі мен әйелінің тегі бір болса, ол бір атаның баласы деген жаңсақ ұғым тууы мүмкін. Сондықтан ер де, әйел де өз ата тегімен аталуы керек, бет алды есім өзгертпеу керек. Біздің ата дәстүрімізді сыйлаудың ең даңғыл және ең сара жолы болып табылады. Қазақ халқының ата дәстүрінде тұрақты қалыптасқан салт бойынша ер жігітте «Өз жұрты», «Нағашы жұрты», «Қайын жұрты» деген үш жұрт бар. Одан бөлек, «Ел жұрты» деп төрт жұрпен байланыстырады. Бұл қазақтың жеті атадан қыз алыспау қандық, гендік тегін сақтау, туыстық тұтастығы мен береке-бірлігін бұзбауға құрылған тамаша тәртіп пен отбасы тәрбиесіне қатысты өте маңызды мәселе, - деді маман.   

Оның сөзінше, балаға ат қою осы үш жұрттық текпен етене байланысты. Себебі балаға қойылатын ат жеті атаның есімдерімен сабақтастырылып қойылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға