Жаңалықтар

Этноауылдағы қолөнер бұйымдары шетелдік туристерді қызықтырды - Нұргүл Дәлелқанқызы

Этноауылдағы қолөнер бұйымдары шетелдік туристерді қызықтырды - Нұргүл Дәлелқанқызы
Фото: Автор 12.09.2024 18:10 714

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтіп жатыр. Көшпенділер ойындары аясында «Қазанат» ипподромының жанында “Көшпенділер әлемі” атауымен этноауыл жұмыс істеп тұр. El.kz тілшісі этноауылдың ерекше қазақи атмосферасын сезіну үшін елордалықтар мен қонақтарға мүмкіндікті жіберіп алмауға кеңес береді. Онда әрбір қонақ қазақ халқының бай әлеміне еніп, көшпенді халықтың мәдениетімен, салт-дәстүрмін танысып, әдемі әуен тыңдап, ұлттық тағамдардан дәм татып, естелікке шеберлердің қолөнер бұйымдарын сатып алады.

Этноауыл аумағында ашылған «Шеберлер ауылында» қолөнер шебері Нұргүл Дәлелқанқызымен әңгімелесудің сәті түсті. Кейіпкеріміз мұндай ауқымды іс-шаралар, көрмелер мен жәрмеңкелер өзі сияқты шеберлерге берілген үлкен мүмкіндік деп есептейді.

El.kz: Нұргүл Дәлелқанқызы, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз... Елорда төріне қай өңірден келдіңіз?

Нұргүл Дәлелқанқызы: Мен қолөнер шеберімін. Алматы облысынан келіп отырмын. Республика бойынша өткен «Бір ауыл, бір өнім» жобасының жеңімпазымын. «Қазақстанда жасалған» деген өз өнімімді шығарып, авторлығымды алдым.

Этноауылдағы қолөнер бұйымдары шетелдік туристерді қызықтырды - Нұргүл Дәлелқанқызы Фото автордан

El.kz: «Бір ауыл, бір өнім» - ол қандай жоба? Қандай ерекшелігі бар?

Нұргүл Дәлелқанқызы: «Бір ауыл, бір өнім» жобасы аясында ауылдардағы әрбір кәсіпкер өз өнімдерін, яғни отандық өнім шығарады. 2023 жылы осы жобаға 60 әйел қатыстық. Мінекей, біз «Бір ауыл, бір өнімнің» финалистеріміз.

El.kz: Жобаға қандай өніммен қатыстыңыз?

Нұргүл Дәлелқанқызы: Қой жүні мен сиырдың терісінен тәпішкелер жасаймын. Оның өзінің жасалу жолы бар. Қойдың жүнін қырқып алып, иіреміз. Ал сиырдың терісін табынына жабыстырып, үстіне қойдың жүнін тоқимыз. Бұл жұмысым патенттелген. Өте көп тәпішке тоқып шықтым.

El.kz: Кез келген колөнер жұмысын оңай деп айтуға келмейді. Бұл жұмыстардың барлығын өзіңіз жалғыз істейсіз бе? Әлде көмекшілеріңіз бар ма? Жалпы неше адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?

Нұргүл Дәлелқанқызы: Жұмыс істейтін 6-7 қызым бар. Олар ауылда үй шаруасымен отырған әйелдер. Көбі көпбалалы ана. Оларға шеберханамда жасалатын жұмыстарды үйреткенмін. Енді қыздарға тапсырыс тауып беріп отырамын. Тәпішке, тақияның жасалу жолдарын біледі. Мысалы, 5 тәпішке жасаса, сол үшін ақысын алады. Оны қыздар үйінде баласын бағып, тамағын істеп отырып жасай береді. Кейін дайын болған өнімді маған әкеліп береді. Сөйтіп еңбекақысын алады.

Қыздардың барлығы өнерге жақын адамдар. Себебі қолөнерді кез келген адам жасай алмайды.

El.kz: Қыздарға жасалу жолын үйреттім дедіңіз. Қандай шеберлік сабағын өткіздіңіз?

Нұргүл Дәлелқанқызы: Менде шеберхана бар. Сонда үйірме ұйымдастырып, тігін тігуді үйретіп тұрамын. Үйірмеге келіп үйренгендердің арасынан ебі бар қыздармен әрі қарай жұмыс істеймін. Тапсырыс түскенде оларға қанша өнім керегін айтып, жұмыс беріп тұрамын.

El.kz: Бүгін енді өзіңіз сияқты басқа да шеберлер этноауылдағы «Шеберлер ауылында» еңбектерін қазақстандық және шетелдік туристерге сатуға мүмкіндік алды. Жалпы осындай ауқымды көрмелерге, жәрмеңкелерге жиі қатысып тұрасыз ба?

Нұргүл Дәлелқанқызы: Шетелдік көрмелерге көп қатыстым. Осындай тәжірибенің арқасында «Қазақстанда жасалған» деген өнімді жасау керегін, яғни өз өнімдерімізді шығару керегін түсіндім.

Түркияда болып, 12 елдің көрмесіне қатыстым. Одан бөлек, Италияда да болдым. Осындай елдердің көрмесін көргенде бір-біріне ұқсамайтын өнім шығару керек деген ой келеді екен. Кейін елге орала салып, қыздарды жинап, 7-8 қызды үйреттім. Сөйтіп арасынан қолы шебер, ісі бекем төрт қызды алып, бірден жұмыс бастап кеттім. 2012 жылдан бастап осы кәсіппен айналысып келемін.

Осылайша көрмелерге барып жүріп, отандық өнім керегін ұқтым. Себебі сатып алушылар қай жерде жасалғанына, маркасына қарайды.

El.kz: Тәпішке жасау үшін жүнді, басқа да керек-жарақты қайдан аласыз?

Нұргүл Дәлелқанқызы: Барлығы жергілікті өнімдер. Мысалы, өзіміздің қойдың қара жүні. Тіпті қылшық жүндер де жарай береді. Себебі қылшықтан жасалған тәпішкелер жылы, қалың әрі мықты болады.

El.kz: Мысалы, мына бір тәпішкені қалай жасайсыз? Басынан бастап айтып бере аласыз ба?

Нұргүл Дәлелқанқызы: Зауыттардан 30 мың теңгеге сиырдың және қойдың дайын терісін аламыз. Бір тәпішкеге 4 табан кетеді. Бір табанға тігін машинасымен теріні тігіп алып, оған қара және ақ жүнді бөлек иіріп аламыз. Ол жүндерді үлкен апаларымыз иіріп береді. Сөйтіп тігін машинасымен тіккен жіпке жүндерді жабыстырып отырамыз. Оны жабыстырып болған соң, екінші табанды желімдеп жабыстырамыз. Алдымен табанды тігіп алу қажет. Сол кезде тәпішке мықты болады. Табанға тігілген жіптер үзіліп қалмауы үшін тағы бір рет сиырдың екі қабатталған терісін қабаттаймыз. Осылайша екі қабатталған сиыр терісі мен үстіндегі қойдың терісі өте жылы әрі жұмсақ болып шыға келеді.

El.kz: Мұндай әдіспен жасалған тәпішке қанша жылға шыдайды?

Нұргүл Дәлелқанқызы: Өтірік айтпай-ақ қояйын, шын мәнінде 4-5 жыл киеді. Ол тері ғой, оны жуа салуға болады.

El.kz: Сұраныс қалай? Тапсырыс бар ма?

Нұргүл Дәлелқанқызы: Сұраныс өте жақсы. Тапсырысты аяқтап үлгере алмай жатырмыз. Мына жәрмеңкеге алып келген бренд тәпішкелерім сатылып таусылып үлгерді.

El.kz: Өнімдеріңізге көбіне кім қызығып жатыр?

Нұргүл Дәлелқанқызы: Бәрі қызығып жатыр. Шетелдіктер де бар. Шетелдік туристер көбіне тақияларымызды қызығып алып жатыр. Ою-өрнекпен жасалған тақияларымызды шетелдіктерге кигізіп жібердік.

Жақында жаңа тақия жасап шығардым. Міне бәрі қызығып, сатып алып жатыр.

El.kz: Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұнап жатыр ма?

Нұргүл Дәлелқанқызы: Әрине, өте тамаша ұйымдастырылған. Өзіме бәрі қатты ұнап жатыр. Бұл фестиваль бізге, яғни шеберлерге табыс табуға беріп отыр. Тіпті осы іс-шараның арқасында көп клиент таптым десем де болады. Саудамыз жақсы жүріп жатыр.

El.kz: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – ауқымды іс-шара. Жалпы осыған ұқсас көрмелер, фестивальдерді жиі өткізіп тұру шеберлерге қаншалықты тиімді?

Нұргүл Дәлелқанқызы: Өте керек. Неге? Шебер деген кім? Шебердің қолынан шыққан дүние – ол отандық өнім. Мысалы, Алматыдағы Арбатта қолөнер шеберлерінің заттары сатылады. Шетелдіктер келсе, бірден сол Арбатқа барып, шеберлердің қолөнер бұйымдарын сыйлыққа сатып алады. Себебі бәрі интернетте жазылған.

Менің ойымша, қолөнер – ол ұлт қазынасы. Себебі шеберлер оны дүкеннен барып сатып алмай, өз қолдарымен жасап шығарып сатады.

Қолөнершілер – олар мемлекеттің абыройын көтеретін адамдар. Мысалы, біз елде жоқ затты ойлап тауып жасап, шетелге сатсақ, ол – Қазақстанның абыройы. Осындай көрмелер көп ұйымдастырылып тұрса, отандық өнім де көп болады. Осылайша шеберлер кәсібін дөңгелетіп, өзін ғана емес, жанындағы адамдарды да дамытады.

El.kz: Нұргүл Дәлелқанқызы, уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын! Ісіңіз береке тілеймін! Кәсібіңіз берекелі болсын!

«Бір ауыл – бір өнім» 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаға сәйкес әзірленген «Мен кәсіпкер» құралы аясында іске асырылып жатыр. «Бір ауыл - бір өнім» жобасының басты мақсаты - өңірлерді дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы өнім өндіріп шығаруына кәсіпкерлерге қолдау көрсету, сертификаттаудан өткен әрі сұранысқа ие бірегей өңірлік өнімді жасауға ауыл тұрғындарын тарту.

«Бір ауыл - бір өнім» жобасы бойынша, өнімдер маркетингтік қолдауға ие болып, брендттеліп, сертификатталады. Бұл жергілікті тауарларға деген сұранысты арттырып, экспортқа шығуына мүмкіндік беретіні анық.

Жобаны 2025 жылдың желтоқсанына дейін іске асыру жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға