Жаңалықтар

Етікші Самғаудың кәсібі

Отандық өнім
17.06.2016 08:59 10424

Бүгінгі таңда отандық өнімді жан-жақты дамыту мәселесі күн тәртібінде тұрғанын ескерсек, Самғау Нәсіпханның кәсібі болашақтан үлкен үміт күттіреді. Бірақ ол көпшілікке қазақ етікшілерінің ішінде Елбасына алғашқы болып ұлттық етік сыйлаған шебер ретінде танымал бола бастады. Жас жігіттің мұндай идеясы талайды қызықтырғаны рас. Осы жағдайдан кейін жақында Самғауды Астанадан іздеп тауып, көкейдегі бірқатар сауалдарыма жауап алған едім. Сол сұхбатты жариялаудың реті келіп отыр…

Етікші Самғаудың кәсібі 

— Самғау, бәрі неден басталды?

— 2005-2006 жылдары Алтай аймағы Қаба ауданынан отбасымызбен бірге Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына көшіп келдік. Сол жерде орта мектепті бітіріп шықтым. Ал, 2011 жылы Өскемен қаласына келіп орналастық. Ең бірінші мәселе – жұмыс табу керек болды. Әкемнің ұсталыққа жақындығы бар, оң-терісі жоқ аяқ киімдер тігетін. Қысқасы, үйдегі үлкендермен ақылдаса келе, осы кәсіпке бет бұрдым. Қалай болар екен деп олар алаңдады. Қайтсем екен деп мен қобалжыдым. Себебі құрал-сайман тапшы. Одан бөлек, не аяқ киімдерге арналған қалып жоқ, не оған қажетті материал жоқ. Десе де қарап отырмадым. Тәуекел деп іске кірістім. 2012 жылы Бердібек Сапарбаев ағамыздың қабылдауында болып, кәсібім туралы айтып бердім. Бәленбай миллион теңгенің қажеті жоқ, тек қажетті құрал-жабдықтар сатып алатын қаражат тауып беріңізші, деп өтініш қылдым. Ол кісі көп ойланған жоқ. Бір айдың ішінде қажетті қаржыны тауып, қолдап жіберді. Осылайша тігін машинасын сатып алдым. Тігін машинасы көліктің моторы іспетті. Ең қажетті құрал. Сөйтіп, алдыма үлкен мақсат қойып, бір сөмке жүгіммен Астанаға бағыт түзедім.

— Жарайды, Астанаға келдің. Қиындықсыз болмағанын ішім сезеді. Қайтып амалдадың?

— Иә, қиындықсыз болған жоқ. Ауылда тігіп жүрген аяқ киім үлгілері қала тұрғындарын еш қызықтыра қоймады. Уақыт өтіп жатыр, тапсырыс түсетін емес. Не де болса бір өзгеріс жасау қажеттілігі туындады. Ол тағы қаражатқа келіп тірелді. Сөйтіп жүргенде ел ағасы Бекболат Тілеуханмен жолығудың сәті түсіп, жағдайымды айттым. Ол кісі де көп ойланған жоқ, тура сол жерде: «Самғау, қазақтың сендей шебер жігіттерін неге қолдамасқа?!», — деп арқамнан қақты. Шынымды айтсам, Бекболат ағамның қамқорлығын қазақ жастарының арасында көп көргендердің бірі мен шығармын. Қай кезде де ақыл-кеңесін аяған емес. Мені қасына ертіп жүріп талай танымал адамдармен таныстырып, қолдау білдірген. Туған-туысын да, танысын да шеберханама қарай бағыттап жібереді. Әлі күнге дейін өнерде жүрген азаматтардан қаншама тапсырыстар келіп түсіп жатыр. Қазақтың талапты жігіттері жоқ емес, бар. Бірақ оларға осындай ағалық қамқорлық жетіспей жатады. Сондықтан да Бердібек пен Бекболат ағаларымның жақсылықтарын ешқашан да ұмытпаймын.

Етікші Самғаудың кәсібі 

— Демек сен ісіңді дөңгелетіп үлгердің. Тапсырыстар қаншалықты жиі түседі?

— Тәуба, тапсырыстар бар. Тұрақты клиенттерім де келіп тұрады. Қазір бос қарап отыруға мүмкіндік жоқ.

— Ал, мына шеберханада неше адам болып жұмыс істейсіңдер?

— Қазір 4 адам.

Етікші Самғаудың кәсібі 

— Сонда осы уақытқа дейін орта есеппен қанша аяқ киім дайындап шығардың?

— Орта есеппен… 5 000 аяқ киім дайындаған болармын.

— Енді сол аяқ киімдер жайына тоқталып өтсек. Қажетті материалдарды қайдан аласың? Бір аяқ киімді дайындау үшін қанша уақыт кетеді?

— Негізінен өз еліміздің өнімдерін пайдаланамын. Семейден, Алматыдан алдыртамын. Тапсырысқа қарай табылмай жатса Түркиядағы ағайынның көмегіне жүгінемін. Ал, бір аяқ киімді дайындауға 5-6 күн кетеді.

Етікші Самғаудың кәсібі 

Етікші Самғаудың кәсібі

— Сонда сенің аяқ киімдеріңнің базардағы Қытай өнімдерімен салыстырғанда нендей айырмашылықтары бар? Саудагерлер: «Қытай аяқ киімдерінің фирмадан шыққан түрлері бар, алсаң ұтылмайсың», — деп жатады. Осыған не айтасың?

— Біріншіден, адам денсаулығына зиян келмес үшін аяқ киім таза былғарыдан жасалуы тиіс. Жасырып қайтеміз, базардағы аяқ киімдердің көбісі ит пен шошқа терілерінен дайындалады. Ал мен сиырдың, ешкінің терісін пайдаланамын. Екіншіден, қытайлықтар аяқ киімнің табанына көп жағдайда қағаз салып жібереді. Бірақ бұл мүлде дұрыс емес. Табанына да тері пайдаланылуы керек. Сонда ғана аяғымыз терлемейді, жағымсыз иіс шықпайды. Үшіншіден, Қытайдан келген аяқ киімдердің басым бөлігінде супинатор болмайды. Бұл өз кезегінде адамды майтабан дертіне әкеліп соқтырады. Мен міндетті түрде жұмсақ дөңесті пайдаланамын. Онсыз кім-кімге де қиянат болар еді. Бұдан бөлек біз білмейтін қауіпті химикаттардың түрлері толып жатыр емес пе?! Зияны туралы айтпаса да түсінікті.

— Демек, дұрыс аяқ-киім таңдау әлдеқайда маңызды дейсің ғой. Ал, бағалары қандай?

— Әрбір тапсырыс берушінің аяқ өлшемі әртүрлі келеді. Басқа тұрмақ, бір адамның екі аяғын салыстырмалы түрде өлшеп қарасақ, бірдей емес. Себебі жалпы оң аяққа көбірек салмақ түседі. Барлығы ескерілуі тиіс. Қолдан шыққан дүние сол үшін де құнды. Айталық, ерлерге арналған қыстық аяқ киімдер 15 000 теңгеден. Жаздық аяқ киімдер 12 000-13 000 теңге аралығында. Әйел кісілерге жаздық 9 000, ал қыстық аяқ киімдер 35 000 теңге шамасында. Балаларға арналған қыстық аяқ-киімдер 9 000 теңгеден. Кейде ортопедиялық аяқ киімдер дайындап беремін. Ол 15 000 теңгеге шығады. Себебі бірқатар талаптарды сақтау керек, көп уақыт кетеді. Бірақ бұл дүкендегі бағадан арзан әрі сапалы. Сонан соң кез келген сатып алушыға кепілдік беремін. Егер аяқ киіміңіз ешқандай себепсіз жыртылып қалған күнде ақысыз қайта жөндеп беремін.

Етікші Самғаудың кәсібі 

— Дұрыс екен. Самғау, сенің бұдан біраз уақыт бұрын Елбасының өзіне деп арнайы аяқ киім дайындап бергеніңді естіп-көрген едім. Сыйлығыңды қабыл алып, алғыс хат табыстағанынан да хабардармын. Сірә, ол туралы жазбаған журналист қалмаған шығар. Шыныңды айтшы десем айтасың ба білмеймін, бірақ саған бұл идея қайдан келді? Неге Елбасы? Неге аяқ киім?

— Оның ешқандай құпиясы жоқ. Аяқ-киімді Елбасымыздың қандастарымызға жасап жатқан қамқорлығы үшін сыйладым. Қаншама қазақ әлемнің әр түкпірінен атамекенімізге келіп, береке-бірліктің үстінде түтінін түтетіп отыр. Бірақ марапат та, басқа да күткен жоқпын. Өзімнің көптен ойлап жүрген арман-мақсатымның бірі еді. Әйтеуір мұратыма жеттім. Егер қолдан келіп тұрса, неге көрмеске?! Кейін Ақордада сыйымды қабыл алып, президентіміздің арнайы алғыс хатын алып қайттым. Тиісінше бұл жағдай маған үлкен қолдау болды, серпін берді.

Етікші Самғаудың кәсібі 

— Сонда ол қандай аяқ киім?

— Кәдімгі ер жігіттің төресіне арнап дайындалған атқа мінгенде киетін ұлттық етік жасадым. Заманға сай лайықталған саптама етік секілді. Оған алыстан қолтырауынның терісін алдырттым. Сөйтіп бір айға жуық жұмыс істедім.

— Сен бұдан кейін көпке «Етікші Самғау» деген атпен танылдың. Біреу: «Әнеки, етікші жігіт келе жатыр», — десе қысылмайсың ба?

— Жоқ, маған жай Самғаудан, «Етікші Самғау» деген есім көбірек ұнайды. Бұған дейін де аяқ киім шеберімін деп айтудан ыңғайсызданған емеспін. Білуімше, бұрынғы ата-бабаларымыз мұндай еңбек түрімен көптеп айналысқан екен. Қазақтан да небір шеберлер шыққан. Бірақ кейін халқымызды отарлау саясатының кесірінен бұл дәстүр жалғаспай қалды да, аяқ киім тігу дүниедегі ең бейшара адамның ісі секілді болып қалды. Алайда бұл да бір мамандықтың түрі, кәсіптің тиімдісі. Осы өнерді өзге де қазақ жастарының үйренгенін қалаймын. Ретін тапсаң, біраз жағдай жасап алуыңа болады. Бастысы ерінбеу керек.

Етікші Самғаудың кәсібі 

Етікші Самғаудың кәсібі

— Етікші Самғаудың ендігі арманы не?

— Осы кәсібімді республикалық деңгейде дамытсам деймін. Яғни анау-мынау емес, бәсекеге қабілетті өнім дайындап шығару. Осылайша Астанада өтетін ЕХРО-2017 көрмесіне қатысқым келеді.

— Жақсы, тілегіңе жеткізсін. Ал, аяқ киім шебері ретінде көпшілікке қандай кеңестер берер едің?

— Бір ғана кеңес айтқым келеді. Кез-келген арзан аяқ киімнің зияны қымбатқа түседі. Басты байлық денсулық десек, оны күту сол аяқ киімге мән беруден басталады. Сондықтан да өзіңіз үшін де, балаңыз үшін де аяқ киімді қолдан тіктіріп киюді бір жолға қойған дұрыс.

Етікші Самғаудың кәсібі 

— Рахмет, Самғау! Істеп жатқан ісіңнің жемісін көр. Молынан көр. Қазақтың мұнайшы, заңгер емес, өзіңдей етікші жастары көп болсын.

— Айтсын, Азеке!


Сұхбаттасқан Азамат БИТАН

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға