Жаңалықтар

Эстрададан ұлттық идеологияның иісі де шықпайды – Ерболат Беделхан

Эстрададан ұлттық идеологияның иісі де шықпайды – Ерболат Беделхан
18.09.2023 18:00 4642

Қазақ шоу бизнесіндегі танымал продюсер Ерболат Беделханмен эстрадамыздың тыныс тіршілігі туралы  туралы әңгімелестік. Көрермен не тұтынып отыр? Ұлттық идеологиямызды қалыптастыра алдық па? сияқты маңызды сұрақтар төңірегінде ой қозғадық.

 El.kz: Қазір эстрадамызда креативті индустрияның элементтері байқала бастады. Калифарния, Тұрар, Мирас, Ирина Кайратовна сияқты қазақ тілінде контент ұсынып, аудитория қалыптастыра алатын әншілердің жаңа буыны пайда болды. Енді біздің алдымызда осы аудитория жинай алатын, бренд ретінде қалыптасқан әншілерді ұлттық идеология, креативті индустрия тұрғысынан қалай игілігімізге пайдалана аламыз? деген сұрақ тұр. Басқалар істеп жатқан дүниені неге біз жасай алмаймыз?  Мәселен, Оңтүстік Кореяда креативті индустрияның дамуы – экономиканың басым бағыттарының бірі. Дорама, әншілер белгілі бір деңгейде интеллектуалды ұлт қалыптастыруға басымдық беріп жатқанын байқаймыз. Бізде осы жағы қалай? Біздің әншілер көрермен үшін не істеп жатыр?

Ерболат Беделхан: Біздің еліміздегі эстраданы, креативті индустрияны дамыту туралы сөз болғанда, үнемі Оңтүстік Кореяны үлгі етіп айтып келе жатырмын. Өйткені бұл кейс осы аталмыш саланы дамытуды жедел қолға алуымыз керек екенін көрсетіп берді. Нақты қандай қадам жасау керек екенін, нәтижесі қандай екенін көріп отырмыз. Бірақ ештеңе жасамаймыз. Қазір қандай күйдеміз? Әлі ұлттық жобаның иісі де жоқ. Отандық музыка саласында үш жанр бар. Олар: этникалық, классика, эстрада, басқасы жоқ. Жаңа тыныс ашылып келе жатса, мемлекет оны менсінбейді, қабылдамайды, ешнәрсе жасамайды, уақыт сұранысымен санаспайды. Осы саланы өз әлінше дамытып жатқан жекеменшік компаниялармен басымыз бірігіп, үлкен жобалар жасауымыз керек. Біз әлі ұлттық деңгейде ұлттық креативті инудстрияны дамытуға тізе қосып, бас қоса алмай жүрміз. Бір нарықта жұмыс істеп жатырмыз, илегеніміз бір терінің пұшпағы. Біз осыны түсінуіміз керек. Оны ұйымдастыратын мемлекет болуы керек. Мамандарды жинап, субсидия бере ме, әлде ұзақ уақыттан кейін қайтатын ақша етіп бере ме, мемлекет механизмдерін қарастыруы керек. Сол кезде нағыз идеология қалыптасады. Идеология деп қаншама ақша желге ұшты?. Міне, нағыз идеологияны қалыптастыратын құрал. Өзі бір саланы қолға алып, нәтижеге жеткен, қолынан іс келетін азаматтар мен азаматшалармен бірге бір үстел басына отырып талқылап, іске кірісу керек. Ортаға «осы индустрияны қалай дамытамыз?» деген сұрақты тастау керек. Сол күннен бастап идеология мен креативті индустрияны мемлекеттік тұрғыда қолға алып жатырмыз деп айтуға болады. Сол кезде ғана индустрия ұлттық мүддедеге, ұлттық идеологияға, ұлттық интеллегенцияға жұмыс істей бастайды.

Тағы да бір аса маңызды дүние – қазақ тілді контенттің, креативті индустрияның дамуына әрқайсысымыз тарыдай болсын үлес қосуымыз керек. Мен мәселен шама шарқымша тырысып келемін. «Орда», «91» топтары қазіргі эстрададағы жаңа толқынның қалыптасуына жол ашып берді. «Қазақ тілі мен заманауи музыканы байланыстыруға болады екен» деген ой қалыптастырды. Біздің қазақ эстардасындағы креативті индустрия дамуымен қазақ тілді контентке сұраныс бар екені дәлелденді. Калифарния, Мирас сияқты жаңа толқын пайда болды.

El.kz: Бұған дейін танымал болып келген эстрада әншілерге сұраныс азайып кеткенін көріп отырмыз. Бұл олардың шығармашылығында креативтің аздығынан ба?

Ерболат Беделхан: Олардың өнімін тұтынатын нарық азайды. Себебі эстрададан бөлек заманауи музыка пайда болды. Бұған дейін нақты эстраданың қай жанры дамып жатқанын білмей келдік. Өйткені оның атауы, термині болған жоқ. Қазіргі қалыптасып жатқан жанрларды да өз атымен атауымыз керек.

El.kz: Жаңа толқын шығармашылығына қатысты алдыңғы толқын ағалар «эстетика жоқ, неге ақындарға беріп түзетіп алмайды» деп айтып жатады. Осы пікірге берер жауабыңыз қандай? Ninety one тобына жетекшілік еткен кезіңізде топ мүшелері ән, сөз жазды. Біздің елімізде креативті индустрия сұранысына сай сөз жаза  алатын ақын бар ма?

Ерболат Беделхан: Біздегі ақын деген түсініктің өзі креативті индустрияға келмейді. Ақын деген – әдеби тілді бұзбай, өлең жазатын маман. Олардың ішінде айтыскер ақындар, жазба ақындар бар.  Егер көне ұғыммен қалыптасқан ақын болса, ол біз айтып отырған индустриядан бөлек ұғым. Ал енді көше ақыны көбірек сай дер едім. Мәселен, Ninety one көше тілімен замануи көзқарастың иісін бергенінің арқасында эстрададағы жаңа кезеңді бастап берді.

El.kz: «Креативті экономика», «креативті индустрия» деген ұғымдарды сіз жиі айтасыз. Креативті индустрия деген не? Оның отандық экономикалық секторға қандай әсері бар?

Ерболат Беделхан: Креативті индустрия дегеніміз – ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға бағытталған, бүкіл әлемге ерекше ұлттық болмысы бар қазақ деген ұлттың иісін сездіру. Креативті индустрияға біздің ұлттық болмысымыз, салт-дәстүріміз, тарихымыз, ұлттық ұғымдарымыз бәрі кіреді. Оны дамытпасақ, біз ел ретінде қалыптаса алмаймыз. Оңтүстік Кореяның өзін алып қарайтын болсақ, олар креативті индустрияны дамытқанының арқасында бүкіл әлем Кореяға тәнті. Кәріс тілін, ұлттық киімдерін, киносын, салт-дәстүрін бәріміз білеміз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға