Жаңалықтар

Естен кетпес ерекше жүздесулер

Наринэ Микаелян: Көздерінен шынайы энергияның лебі есіп тұрды
Естен кетпес ерекше жүздесулер
07.04.2020 12:00 6280

Кез келген адамның өмірінде естен кетпес оқиғалар мен ерекше жүздесулер болып тұрады. Солардың ішінде әсіресе Елбасымен кездесу бақыты бұйырған әрбір қазақстандық сол жүздесудің әсерінен көпке дейін арыла алмайтыны рас. Жүректерді жылытқан жүздесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан бір ауыз сөзі әрбір жанға ерекше сезім сыйлайды.

Иә, расымен де әсіресе Елбасымен дидарласқан кез келген азамат бұл сәтті көпке дейін еске алумен жүреді. Жүздесу барысында қатты қобалжығанымен көзбе-көз көрген сәтте алабұртқан көңілі су сепкендей бірден басылады. Осындай бақыт бұйырған жандар «Теледидардан тамашалаған басқа, шынайы өмірде жүзде-жүз жүздесу мүлдем бөлек» екен деп жатады. Бір айта кетерлігі, бұл жай ғана жүздесу емес, емен-жарқын әңгімелесу.

2019122514031858997_3a7b205f0ab9d483476e345cb6e12ea0.jpg

Елбасымен өзінің алғаш кездесу сәтімен 2016 Қазақстан Халқы Ассамблеясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақылымына депутат болып сайланған Наринэ Микаелян бөліскен еді.

– Мен Елбасымен алғаш рет осыдан 10 жыл бұрын Алматыдағы «Достық үйінде» кездестім. Сол уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті іс-шарасы өтіп жатқан. Соған оңтүстік шаһардағы «Луйс» армян мәдени орталығы төрағасының орынбасары ретінде өзге де этно-мәдени бірлестіктердегі бір топ әріптестеріммен келіп, ұлттық ыдыс-аяқтар көрмесін ұйымдастырдық, - дейді Наринэ Гамлетовна.

Ұлттық киімдерін киіп, қаз-қатар тізілген этностардың әрқайсысы өздерінің салт-дәстүрін, мәдениетін Елбасының алдында паш етіп, жан-жақты таныстыруға асық еді.

– Айтылған дәлме-дәл уақытта Елбасы Достық үйінің көрме ұйымдастырылған залына кіріп келді. Рет бойынша көрмедегі менің үстелім төртінші болды. Нұрсұлтан Әбішұлының маған дейінгі әріптестерімнің үстелінің жанынан бір сәт кідірмей өтіп бара жатқанын көргенде аздап көңілім түсіп, ренжігенім рас. Өйткені ұлт көшбасшысының менің жанымнан да тоқтамай өтіп кететініне іштей сенімді болдым.

Бірақ Наринэ Микаелянның жанына келгенде Елбасы күтпеген жерден тоқтап, қасында жүрген сол уақыттағы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің армян этно-мәдени орталығының көрмесі жайында айтқан әңгімесін құлақ сала тыңдай бастайды.

– Сол сәтте Нұрсұлтан Назарбаев маған қарап, жылы шырай танытып, бірнеше сұрақтар қойды. Көп күттірместен мен оларға жауап бердім. Алғаш рет жүздескендіктен болар аздап қобалжығаным рас. Тіпті Елбасының не жайында сұрағаны есімде мүлдем қалмапты. Сұрақтарына жауап алған соң, Тұңғыш Президент өзге де әріптестерімнің ұйымдастырған көрмесін тамашалай бастады. Кейін дөңгелек үстел басында негізгі іс-шара өтетін екінші қабаттағы залға қарай бет алды. Менің Елбасымен алғашқы кездесуім осылай өткен еді.

Ал 2011 жылы «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» тақырыбында елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында Наринэ Микаелянға Елбасының алдында сөз сөйлеу сәті бұйырады.

– Бейбітшілік және келісім сарайында өткен жиында мен Елбасының алдында бірінші рет сөз сөйледім. Сол кезде қатты толқығаным әлі есімде... Пирамиданың ең үлкен залы шетелден және еліміздің барлық өңірлерінен келген қонақтарға лық толы болды. Бір уақытта мен сахнаға шығып, трибуна алдына келдім. Ал менен небәрі бірнеше қадам қашықтықта Нұрсұлтан Назарбаев отырды. Ол кісіге аздаған қобалжыған сезіммен қарағанда көздерінен жылы әрі шынайы энергияның лебі есіп тұрды. Содан болуы керек, бойымдағы толқулардан арылып, өзімнің отбасым жайында айта бастадым. Нұрсұлтан Әбішұлымен осындай емен-жарқын кездесулер барысында мені бар ықыласымен тыңдағанын байқаған сайын бойымда сенімділік қасиеті арта бастайтын секілді көрінеді. Бұл сәт те менің өмірімде мәңгі бақи есімде қалмақ.

Бір қызығы, Наринэ Гамлетовнаның өмірінде бірнеше жыл өткен соң осындай естен кетпес елеулі кездесулердің тағы бірі орын алады.

– Бұл 1 мамыр татулық пен бірлік мерекесі қарсаңында тағы да Алматы қаласында болған еді. Сол кезде мен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты қызметіндемін. Бірақ мені осы мейрамға Алматыдағы армян мәдени орталығының төрағасы ретінде шақырған болатын. Айтулы шарада мен қонақ болып қана қоймай, үлкен көпұлтты дастарханның жанында Елбасыны қарсы алу мәртебесіне ие болдым. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың жанына барып, алматылықтар жайған бай дастархан жайында толығырақ әңгімелеп, жан-жақты мағлұмат бердім. Менің айтқанымды басынан аяғына дейін тыңдаған Елбасы күтпеген жерден маған сұрақтар қоя бастады. Олардың көбісі түрлі тағамдарға және әр ұлттың салт-дәстүрлері қатысты болған еді.

Наринэ Микаелянды ұлт көшбасшысының көпұлтты Қазақстан халқының әртүрлі тағамдарына деген қызығушылығы таң қалдырған екен. 15 метрлік үстелдің айналасын Елбасымен бірге аралап, әртүрлі этностардың ұлттық тағамдары жайында толығырақ баяндаған. Әңгіменің соңына тақағанда «маған ризашылық білдіріп, бір үзім наннан дәм татуды ұсынды. Жалпы барлық кездесулер менің өмірімде жарқын естелік ретінде қалды» деп сөзін түйіндеді армян мәдени орталығының төрағасы.

(Сурет ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға