Жаңалықтар

Эсмигул Куюлова: Мүмкіндікті қалай өзбек қызына беріп қоямын деп өзімді қайрадым

Эсмигул Куюлова: Мүмкіндікті қалай өзбек қызына беріп қоямын деп өзімді қайрадым
Фото: ©Сали Сабиров 26.09.2023 09:53 925

Кеше Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында дзюдо күресінен 63 келіде күрескен Эсмигул Куюлова қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл спортшы үшін де спорттық карьерасындағы ең үлкен жүлде болғаны жасырын емес. Марапаттау рәсімінен кейін Эсмигулмен сөйлестік. Эмоциясын жасыра алмады, Абибамен қарым-қатынасы туралы да айтты.

–  Басында құлап қалдым. Өзім де түсінбей, бірден көтеріліп, соңына дейін күрестім. Қалай болғанда да осы медальды алуым қажет еді. Мүмкіндік болып тұрғанда жүлдені қалай өзбек қызына беріп қоямын дедім. Соңына дейін күресуге әрекет еттім.

–  Алдағы жоспарларың қандай?

–  Бұл жүлде – жаңа белестердің бастамасы. Бұған дейін біраз жарыста қателіктер жасадым. Сол қателіктерді түзеуге жұмыс істеу керек.

–  Бұған дейін 2014 жылы 63 келіде Мариан Ордабаева қола жүлде алған...

– Иә, есімде. Марианды жақсы білемін. Араға 9 жыл салып, соның жетістігін қайталағаныма қуаныштымын.

–  Қола жүлде үшін бәсекеде өзбек қызы Севинч Исоковадан басым түстің. Ол қызбен таныстығың бар ма?

–   Оқу-жаттығу жиындарында көргенмін. Бірақ жарыста алғаш рет күресіп тұрмыз.

–  Жарыс кезінде Абибаның дауысы жарқын шығып жатты. Құрбынның дауысын естідің бе?

–  Абиба – құрбым емес, ол менің әпкем. Жаны ашып, қамқорлығын аямайды. Рахмет айтамын. Дауысын естідім.

–  Енді қандай жарысқа барасың?

–  Әбу-Дабида Grand Slam жарысы өтеді. Соған барамыз.

–  Париж Олимпиадасына мүмкіндік қалай?

–  Ақша берсе менде бара аламын (күліп). Рейтинг көтеруім керек.

Бұл ақпараттың жарық көруіне қолдау жасаған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға