Жаңалықтар

"Есірткі сатуы мүмкін": ІІМ ата-аналарға үндеу жасады

"Есірткі сатуы мүмкін": ІІМ ата-аналарға үндеу жасады
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 29.12.2023 12:30 718

Қысқы демалысқа байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балаларының өмірін қадағалап, есірткіден арашалауға шақырды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Құрметті ата-аналар! Қазір есірткі кез келген отбасының өміріне енуі мүмкін. Биыл полиция есірткі таратуға қатысы бар 40-тан астам кәмелетке толмаған баланы ұстады. Сіздер балаларыңыздың ортасын білулеріңіз керек, олар пайдаланатын интернет-ресурстарды қадағалағандарыңыз абзал. Жасөспірімнің заттарының арасында кез келген дәрі-дәрмек қаптамалары, фольга, шыны түтіктері, тамшуырлар кездессе, мұқият болыңыз. Мұның бәрі синтетикалық есірткіні қолдануға арналған құрал бола алады. Ақша шығынына немесе, керісінше, оның көбеюіне назар аударыңыз. Себебі есірткіні қолданудан басқа, бала тез арада көп табыс табу мүмкіндігіне қызығып, оны таратуға қатысуы мүмкін, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.

Егер балада араласатын ортасы өзгерсе, достарымен сөйлесу немесе хат алмасу кезінде жаңа түсініксіз сөздер пайда болса, телефонда, мессенджерлерде геолокациялары бар белгілер, фотосуреттер, телефон нөмірлері, интернет-сайтқа сілтемелері бар жазбалар немесе сандар жиынтығы, белгісіз заттары бар түрлі-түсті орама болса, ата-ана күдіктенуге тиіс.

Еске сала кетсек, есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, есірткіні сатқаны үшін 14 жастан басталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға