Жаңалықтар

Есімі еленбей жүрген Алаш арыстары

Тарихи тұлғалардың өмірдерегі
Есімі еленбей жүрген Алаш арыстары
24.08.2021 15:56 5416

1929 –1937 жылдар аралығындағы сталиндік қуғын- сүргінге ұшырағандарды еске алып, атаусыз қалдырмау үшін елімізде бірқатар шаруа тындырылды. Жазықсыз жазаға ұшырағандардың ақ адал есімдерін қалпына келтіру, олардың ұрпақтарының тұрмыстық жай-күйіне жәрдем ету шаралары қолға алынды. Бұл тұста әсіресе республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының төрағасы, академик Манаш Қозыбаев атқарған ұйымдастырушылық жұмыстарды айрықша атау жөн. Басқасын былай қойғанда, Қозыбаевтың басшылығымен әзірленіп жарық көрген екі томдық «Аза кітабының» салмағы зор. Дегенмен осы жинақта сталиндік қуғын-сүргін құрбандарының бәрінің аты-жөні кездеспейді. Бүгінгі мақаламызда есімі ұмытылып бара жатқан Алаш арыстарына тоқталып өтпекпіз.

Есімі еленбей жүрген Алаш арыстары

Әбубәкір Алдияров (1879-1938)

"Әбубәкір 1879 жылы Қостанай уезі, Сарыой болысында (қазіргі Қостанай облысы, Қарабалық ауданы) Бермұхамед Қауменұлы Алдияровтың отбасында дүниеге келген" - деп жазады Гүлнәр Дулатова өз естелігінде. Әкесі Бермұхамед — елінде атақты байлардың бірі болған, ескіше оқыған, орысша, мұсылманша екі тілді жетік меңгерген озық ойлы, іскерлігімен танылған кісі. Б.Қ. Алдияров жергілікті тұрғындарға өте сыйлы, құрметті адам болғандықтан қырық жыл бойы болыстық лауазымға сайланып отырғаны белгілі жайт. 1913 жылы Романовтар патшалығының 300 жылдығына арналған мерейтойына, патша әкімшілігінің шақыруымен, Торғай өлкесінен құрметті қонақтар ретінде атақты байлар мен болыс-билерді Санкт-Петерборға бастап барған Бермұхамед Алдияров болған. Алдияровтың жанұясында туған екі ұлының үлкені – Әбубәкір, екіншісі – Әлмұхамед (холерадан өлген). Әбубәкірді мұсылманша оқытып, сауатын ашқан ауыл молдасы екен. Баласының оқуға деген ынта-құштарлығын аңғарған әкесі оны Торғайға апарады да, белгілі ағартушы Ыбырай Алтынсарин сабақ беретін мектепке түсіреді. Бұл мектепті Әбубәкір алдына жан салмай үздік бітіргеннен кейін, Ыбырай Алтырсариннің кеңесімен әкесі Орынбордағы гимназияға апарады. Бұл – 1891-1899 жылдары оқып, гимназияны бітірген кезең. Әбубәкір 1899 жылы Қазан университетінің медицина факультетіне түсіп, оны 1904 жылы күміс медальмен бітіріп шыққан. Әбубәкір дәрігерлік жұмысын Ақтөбеден бастапты, одан Қостанай, Тройцкіде, Минск, Өскемен, Тараз қалаларындағы емханаларда істеген. Медицина ғылымының бір-бірімен тікелей жалғасып жататын салаларын (терапия, хирургия, гинекология, офтальмология, балалар дәрігері, т.б.) жоғары дәрежеде игеріп, халқымызға зор еңбегін сіңірген білімді, мол тәжірибелі дәрігер Ә. Алдияровтың атағы бекер жайылмаса керек.

Ә. Алдияров алаш қозғалысының белсенді қатысушысы болған. Аз уақыт Алашорданың Қостанай уездік комитетінің төрағасы қызметін атқарған. 1916 жылы «қазақтарды қара жұмыс — окоп қазуға аламыз», — деген патша жарлығы шыққанын білеміз. Бұған қарсы тұру тек қазақтарды қанға бөктіру деп ойлағандықтан, алашорда азаматтары: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатовтар қазақтарды майданға окоп қазуға баруға келісуге шақырады. Ұлттық-демократиялық қозғалысының саяси көсемі Ә. Бөкейханов Петерборға барып патша үкіметінің рұқсатымен «Земский союз» деген ұйымы арқылы майдандағы қазақ жігіттеріне қамқорлық бөлімін аштырып, 1916 жылы желтоқсан айында өз басшылық еткен ұйымына қатысуға М. Дулатов пен Ә. Алдияровты шақырған. 1917 жылдың ақпан айында Торғай әскери губернаторы Эвересманн Ә. Алдияров пен М. Дулатовқа Минскіні маңындағы Барановичтегі тыл жұмысында жүрген (окоп қазу) қазақтарға жәрдем беруге баратын куәлік берілген.

Орынбордан шыққан екі дос Минскіге наурыз айының басында жеткен екен. Бір айта кететін жайт: бірінші жиһангерлік соғыстың қанмайданы қызу жүріп жатқан кезде, Әбубәкірдің әйелі Ажар ханум бірге барған. Ажар Жансұлтанқызы Сейдалина-Алдиярова күйеуіне көмекші ретінде ауруларды күтіп-бағуына қолынан келгенінше жәрдемші бола білген. Окоп қазуға алынған қазақ жастарының ішінде ауру-сырқау көп болған. Әбубәкір өзінің шипалы емімен жазып жібергендердің алғысын алған білікті дәрігер. Сол уақытта «Қазақ» газетіне Нығыметтолла Қаймекұлы былай жазған: «Доктор Әбубәкір Алдияров жақсы қарап, көп пайдасы тиіп тұр, ерінбей еткен қызметі үшін тәңір жарылқасын айтамыз».

Есімі еленбей жүрген Алаш арыстары

Төңкерістен көп жылдар бұрын, адвокаттар мен дәрігерлердің басқа мамандарға қарағанда табыстары әлдеқайда жоғары, мол, бәрінен артық болған. Мол табыстың арқасында дәулетті тұрмысқа қолдары жеткені әйгілі. Ә. Алдияров Қазақстанның аймағындағы өзі тұрған облыс орталығы ма, қала ма, сол жерлердегі емханалардың жауапты қызметтері: бас дәрігер, бөлімдердің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Оған қоса ауруларды ақыға қарайтын жеке кабинет ашқан, оны «Жеке тәжірибе» дейтін. Ә. Алдияровтың ел-жұртына сіңірген емші-дәрігерлік қызметі (абақтыға алынғанша) жиырма төрт жыл бойы созылғанын білеміз. Осы жемісті, табысты жұмысы арқылы тұрмыс-тіршілігі өте жақсы болған. Ә. Алдияров бейнеткерлігімен тапқан-таянғанын өз үй ішінің тұрмыс жағдайына жаратқан кісі. Мыңғырған төрт түлік малы болмаған, оның есесіне, бар байлығы — жиған-тергені кітаптары болған. XIX ғ. соңы XX ғ. басында жарық көрген орыс, еуропа классиктерінің шығармалары мен неміс, француз тіліндегі медицина жинақтары, толып жатқан журналдармен кітапханасын байытып отырған. Қазақтың алғашқы зиялыларының бірі Ә. Алдияров деп білуіміз керек. 1928 жылы Кеңес өкіметінің феодал – байларының мал-мүлкін кәмпескелеу жарлығы шыққаны, ел ішінде ол жарлықтың қалай жүргізілгені, қалай аяқталғаны, асыра сілтеудің де кездесуі барша жұртқа мәлім. Ауыл белсенділерінің көрсетуімен орта шаруалардың бір-екі малы кәмпеске нормасынан артық бола қалса, оларды да байлардың есебіне жатқыза салып, тонаған. Тройцк қаласындағы зәулім үйінде тұрып жатқан Әбубәкірдің 77 жастағы (1851—1932) ірі бай әкесі, Бермұхамед Алдияровтың да бар мал-мүлкін тегіс жинап алып, өзін Семейге жер аударған және жақын туысқандары да қуғын-сүргінгеннен аман қалмаған. Ширек ғасыр бойы тынымсыз дәрігерлік еңбегімен байыған Әбубәкірді Голощекиннің қүйыршықтары көздерінен таса қалдырушы ма еді?! Алдияров Әбубәкірді де байлардың санатына қосып, тәркілеген: меншікті үйін, қымбат жиһаздарын, күміс-алтын зергерлік бұйымдарын қалдырмай сыпырып алып, өзін бала-шағаларымен Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласына жер аударған. Өскемен қаласына айдалып келген Ә. Алдияровтың үй іші алғашқы кезде жалдамалы пәтерде тұрыпты. Көп ұзамай Әбубәкір жұмысқа орналасқаннан кейін жай-күйлері түзелген. Ол жылдары облыс көлемінде барлық емханаларда істейтін, басшылық ететіндей дәрігерлер жетпейтін, жоқтың қасы деуге де болатын, Сондықтан Өскеменге келген тәжірибелі, білімді Ә. Алдияровтай дәрігерге қаланың Әкімшілігі үміт-сенім артып, жауапты басшылық қызметке тартқан екен. Ә. Алдияров жұмысын жұқпалы аурулар мен балалар емдейтін ауруханалардың бас дәрігері қызметінен бастаған. Бұл емханалар орналасқан үйлердің (бұрынғы ғимараттар) іші де, сырты да ескірген. Жөндеу жұмысын жүргізбесе, пайдалануға беру қауіпті, медицина талабына сай нормасы да сын көтермейтінін Ә. Алдияров қала басшыларына мәлімдеген. Осыдан кейін жөндеу жұмыстарына тиісті қаржы бөлінеді де, іске кірісіп кетеді. Оны тез арада бітіруге өзінің қызмет істеп жүрген ұжымы көмектессе керек. Әрине, бұны Ә.Алдияровтың ұйымдастырушылығының бір ғана көрінісі деп қабылдау жөн болар. Жөндеу жұмысы екі емханада кезек, бірінен соң бірінде жүргізіліп отырған. Толық жөндеу жұмыстарынан кейін жаңарып, көңілге қонатындай боп жақсы қалпына келтірілген емханалар пайдалануға берілген. Ә. Алдияровтың іскерлік қабілеті мен жақсы емші-дәрігер атағы төңіректегі ауыл арасына «ұзынқұлақ» арқылы жайылып кетеді. Содан бастап науқастанған адамдар қалаға қарай ағылады. Келушілерді Ә. Алдияров амбулаторияда қабылдайтын болған. Ел-жұртының денсаулығын сақтауына Ә. Алдияровтың атқарған еңбегі ерекше, мадақтауға тұрарлықтай зор. Жұрт сыйластықпен «Доктор, Алдияров» деп тегін атамаған. Оның шипалы емінен, шеберлікпен жасаған операциясынан жазылып кеткендердің берген алғысының өзі дәрігерге қуаныш әкелетін жайт. Осылай жылдар өтіп жатты. Өскеменге келгеннен бері, Әбубәкірдің ойынан әкесі Бермұхамед бір сәтке кетпепті. Қартайған шағында көрмегенді көріп, қиналып жүрген әкесін аяйтын. Әкесінің Семейде жалғыз қалуы жанына қатты батып жүрген Әбубәкір Орталық Өкіметке әкесі Бермұхамед Қауменұлы Алдияровты Семейден Өскеменге ауыстыру жөнінде өтініш хат жазумен болады. Екі жылдан соң әкесін Семейден Өскеменге барып тұруына өкіметтің рұқсат құжаты қолына тиген соң, әкесі Бермұхамед ақсақалды Өскеменге алдырған еді. Бірақ ол кісінің өмірі ұзаққа бармады, баласы Әбубәкірдің, сүйікті келіні Ажар мен немерелерінің алдында дүниеден өткен.

«Ә.Алдияров репрессияға ұшыраған соң, құдй қосқан жары 1946-1950 жылдарға дейін тоқтаусыз КСРО Ішкі істер халықтық комиссариатына барғыштап, күйеуінің тағдырын білмей, арызданумен тыным таппай жүрген екен. Олар 1953-1959 жылдары қисынға жатпайтын жалған мәліметтермен жауап қайтаратын. Ал қолымызға берілген соңғы құжаттан білгеніміз: ІІХК-ның «үштігі» - Ә. Алдияровқа шығарған ең ауыр үкімі — ату жазасы екен. Оны 20 наурыз 1938 жылы орындап, атыпты. Сөйтіп, білікті дәрігер қыршыннан қиылып, елу тоғыз жасында қанішер зұлымдардың қолынан қаза тапты. 1956 жылы дәрігердің реабилитациясы балаларының қолына тиеді. Екінші реабилитациясы: ҚР Жоғарғы Сотының қаулысы бойынша барлық алашордашылармен бірге 4 қараша 1988 жылы ақталған еді. ХХ ғасырдың ортасына шейін, Ә. Алдияровпен сыйластықпен араласқан Әлихан, Ахмет, Міржақыппен қатар жүруін айтпағанда, өмір жолында қызметтес болған ортасы белгілі қазақтың жоғары мәдениетті зиялылары еді. Оның ішінде айрықша еске алуды қажет ететін: Торғай - Қостанай - Орал өлкесінен шыққан өзінің жақын, бірге қызметтес болған дәрігерлерін атап кетуді жөн көріп отырмын. Олар: Мұхамеджан Қарабаев, Халел Досмұхамедов, Санжар Асфендияров, Дәулетше Күсепғалиев, Иса Қашқынбаев, Әмір-Шота Айтбакин, Аққағаз Досжанова, ағайынды Сейітовтар: Асылбек, Мұратбек, Әлжан Байгурин, т. б. Бұларды атап келтіруімнің мәні мынада: қазіргі кезде алаш қозғалысына қатысқан жоғарыда аталған ардагерлер жайлы баспа беттерінде жазылып жатқан дүниелер баршылық, соларға байланысты Ә. Алдияровқа қатысты деректер де кездесіп қалуы ықтимал болар деген сенімдемін. Өйткені Ә. Алдияровтың сол кісілердің барлығымен тығыз байланыста болды» - деп жазады Гүлнәр Дулатова.

Сейдалы Оразалин (1884-1936)

А. Байтұрсынов, М. Дулатовтармен араласқан, Алаш зиялыларының бірі — Сейдалы Оразалин. Ол — «Қазақ» газетінің Батыс өңіріндегі тілшісі болған. Өзі сол Ақтөбе өңірінің тумасы. Ауқатты отбасынан шыққан ол Орынборда, Қазанда оқыған, сауатты адам болған. Сонымен бірге Алаш Орданың Батыс бөлімшесінің Ақтөбе уезіндегі өкілі ретінде жұмыстар атқарған. Мектептер ашқан, кейін жала жабылып, әрі Алаш Орда үкіметімен байланысы бар деген желеумен 1929 жылы сотталып кетеді. Әкесі Оразалы Орынбайұлы бай, сауаты ашық, тілге шешен кісі болған. Қазаққа сауаттылықтың қажеттілігін түсіне біліп, балаларын үлкен оқуға мақсаттандырған. Сейдалы ұлдың үлкені еді. Алғашқы сауатын ескі Қарабұтақ аулында мұсылман тәртібімен ашқан. Өзінің үлкен апасы Нағиша (сол өңірдегі аты әйгілі ақын) екеуі діни қаралармен араб тілін меңгерген. Бірақ әкесі Оразалы бұл оқудың заман талабына сай еместігін түсініп, малын аямай он жасар ұлын Орынборға жібереді. Онда Сейдалы екі сыныптық мектепте оқиды. Бұл Ресейдегі XIX ғасырдың аяғында кең тараған оқу орнының бірі еді. Училищелер техникалық білім берсе, екі сыныптық мектептер қазіргі тоғыз жылдық білімге сәйкес болған. Сейдалы оқуды орысша оқып неміс, француз тілдерін үйренген.

Сейдалы Оразалин 1904 жылдың күзінде Қазан университетінің тарих-филология факультетінде дәріс ала бастайды. Саяси тыныш Орынбордан кейін дүрлігіп жатқан Қазан студенттерінің арасынан бір-ақ шыққан Сейдалы, біраз уақыт тек білім алу жолымен жүрді. Сейдалы Оразалин студент кезінде-ақ революцияның іс-әрекеттеріне қызыға кіріседі. РСДРП-ның жасырын жиындарына қатысады. РСДРП-ға мүше болмағанмен, меньшевиктік платформаны қолдап, оны қазаққа бейімді деп санайды. 1907 жылдың маусым айында патша Екінші мемлекеттік Думаны таратып жібереді. Сол-ақ екен, бүкіл Ресей бойынша тұтқындау басталды. Қазан университетінің көптеген студенттері шығарылып, Якутия жеріне айдалды. Сейдалы Оразалин де оқудан шығарылды. Бір түн ішінде туған мекені Ақтөбе өңіріне қашып кетеді. Баласының бекерден-бекер келмегенін түсінген Оразалы, «үйлендірем деп шақырып алдым» деп жөн сұраған туған-туысқандарға жауап береді. Сол айтқанында тұрып, баласын Шобан бабанның қызы Жәмилаға үйлендіреді. Сол бойда күнделікті тұрмыс іс-әрекетімен айналысып кеткен Сейдалы университетке қайтадан барып оқуын жалғастыра алмады. Оразалин он жыл бойы Шалқар-Торғай-Ырғыз-Қарабұтақ арасында тілмаш болып істеген. Осы тұрғыда Ахмет Байтұрсыновтың Сейдалыға айтқан әзілі елдің аузында қалған: «Ырғыз бен Торғай арасы жүз шақырым. Күнде барып келесің, жай, ақырын». Орынбордағы А. Байтұрсынов пен М. Дулатовтың шығаратын «Қазақ» газетінің Ақтөбе өңіріндегі тілшісі болған С. Оразалин алаштың осы екі арысымен үзбей эпистолярлық байланыс құрып тұрған. 1916 жылдың басында Петербордағы 2-ші кадет корпусында оқып жүрген інісі Әубәкір туберкулез ауруына шалдығып, елге келіп қайтыс болды.

Есімі еленбей жүрген Алаш арыстары

1917 жылы барлық қазақ интеллигенциясы Ақпан төңкерісін және басқаруға келген уақытша үкіметін қолдады. Платформасында қазақтың жеке мемлекет болып қалыптасуына мүмкіндік беру туралы мәлімдеме жариялаған Уақытша үкімет сөзінде тұратындай болып көрінген. Осы саяси мүмкіндікті пайдалану үшін елдің зиялы қауымы сол жылдың шілдесінде Орынборда бірінші жалпы қазақ съезін шақырды. С.Оразалин сол съезге Ырғыз-Қарабұтақ аумағынан делегат болып сайланған. 1918—1920 жылдары Алаш партиясына қиын кезең туындайды. Екі таудың арасына түскен тышқандай Алаш та қызылдар мен ақтар қозғалысы қыспағына түсті. Бір- бірімен соғысып жатқан ақтар мен қызылдарға да Алаш Орданың Қазақ елдігін құру теориясы мүлдем ұнамады. Осы жылдары Ақтөбе өлкесі екі рет ақтардың қолына, үш рет қызылдардың қолына тиді. Сол кезде Сейдалы Оразалин Алаш Орданың Батыс бөлімшесінің Ақтөбе уезіндегі өкілі ретінде тағайындалған. Алаш басшылары Семейге көшіп, олармен байланыс үзіліп, жағдай қиындай түсті. Семей Кеңес өкіметінің қол астына көшіп, Алаш басшылары жартылай жасырын жұмыс істеуге мәжбүр болғаны одан да көп қиындық туғызды. 1920 жылдың басында ВЦИК ресми түрде Алаш Орда әрекетін ұлт-азаттық қозғалысы ретінде ақтады. Сейдалы Оразалин басқа Алаш Орда мүшелеріндей саясаттан алыстап, жай мұғалімдікке көшті. Қыналыкөл ауылында тұрақтап сонда мектепте сабақ береді. 1923 жылы С.Оразалин жақын туысқаны Смағұл Нұрмұxановпен бірге Аралтоғай ауылында Кеңестік еңбек мектеп-интернатын ашады. Деректерде бұл мектеп «Советская трудовая школа» деп аталады. Осы мектепте елу үш бала оқыған. Өз қаржысымен ашылған бұл мектеп 1927 жылы С.Оразалин ұсталғаннан кейін жабылды. 1926 жылы ауыл шаруашылығын колхоздандыру ісі салдарынан онсыз да таршылықтан шыға алмай отырған жұрт соңғы малынан айырылып берекесі кетті. Елдің тозып бара жатқанын көріп шыдай алмаған бір топ зиялылар кеңестер бастамасына көнбеуге бел байлады. Кеңес өкіметінің тағайындаған, жаңадан шыққан, шала сауатты басшыларынан гөрі елдің алдында жүрген зиялылардың сөздері өтімділеу болды. Кеңес өкіметіне қарсы насихат жұмыс жүргізген Т. Қисықов бастаған топты жоюға 1926 жылғы «Кедей арасындағы өткізілетін жұмыс», «Жаңа оппозиция — Каменев-Зиновьевтің тобын әшкерелеу» және «Совхоз бен колхоз құрылысының нәтижесі» ВКП(б) қаулылары жол ашты. Бірақ қазақ жерінде бай, кедей деп бөлу қиынға түсетін. Себебі қазақтың «бай бір жұттық» дегеніндей, кешегі бай бір жұттан таяқ таянып қалатыны ықтимал еді. Сондықтан Ақтөбе ОГПУ мекемесі бұл топты жою үшін оларға «рушыл» деген кінә қойып, басқа қазақтарды айдап салды. «Олардың сөзі, ісі тек қана Әлімұлының төртқара тайпасының мүддесіне арналады» деген мазмұнмен 1927 жылдың қаңтар айында арыз Ақтөбе ОГПУ-іне түседі. Сейдалы Оразалинді түрмеге отырғызады. Оны жазған бес жалақор адамдардың аты-жөні Сот қаулысында көрсетілген. Ол – Ұ.Құлымбетов басқарған топ (Ақтөбе облысы прокуратурасының архивінде, 1927 жыл, № 3300 сот материалы, 3 томдық). Сот деректеріндегі келтірілген кінә түрлері ешқандай логикаға жатпайды:

«1) ұлттық буржуазия тұрғысынан орыстарды ұнатпайды;

2) бай болып кедейді ұдайы қыспаққа алған;

3) Алаш партиясының өкілі ретінде күллі Кеңестерге қарсы шыққан;

4) рушыл — Төртқара кедейлерін жақтап, басқа рудың байларын тепкіге алған;

5) ВКП(б) ішіндегі (1) «жаңа оппозицияға» кіріп кеткен. Он (10) ай түрмеде отырғаннан кейін, 1929 жылы соттың шешімімен он бес адам Ресейдің он бес губерниясына айдалды. Сейдалы Оразалин РСФСР қылмыстық кодексімен 59-7 және 91 бабы бойынша Ақтөбе ОГПУ үкімімен Владимир қаласына үш жылға айдалып кетті. Жұмысқа еш жерге алмай, сорлы өмірін кешті. Үш жыл өтіп, айдалу мерзімі біткен соң, Москва ОГПУ-iне басқа қалаға (Ульяновск əлде Орынборға) аударылуға рұқсат беру туралы арыз жазады». Бірақ ол өтініш жауапсыз қалды. Сөйтіп осы қалада тағы да үш жыл жұмыссыз отыруға мәжбүр болады. Дегенмен сол хаттың ізімен оның бала-шағасына — бәйбішесі Жәмилаға, ұлы Ахметкерей, қызы Амансұлтанға Владимирге көшіп баруға рұқсат берілді. Сол Владимирде кіші қызы Сафура туады. 1933 жылы С.Оразалинге отбасымен Орынборға көшуге рұқсат берілді. Қазақстанды мекендейтін құқы болмағандықтан, неғұрлым қазаққа жақын жүру үшін, қазақ жерінен соққан желдің лебі жететін Орынбордан Орск қаласына тұрақталды. Бірақ Ресейдегі айдаудан тапқан еншісі — өкпе ауруы қозып, 1936 жылы дүние салды. Оның 70-тен нағашы ағасы Жақия Құмақбаев өлі Сейдалыны орыс жеріне қимай, денесін киізге орап, Қарабұтақтың Қияқты мекеніне әкеліп жерледі. 1938 жылы ол кісі осы әулие іс жасағаны үшін «халық жауы» деген желеумен атылып кетті. Жазалаудың қайталап соққан науқанында Сейдалы Оразалиннің жақын адамдарынан сегізі атылып, он жетісі сотталып кетті. Тағылған айып — «Сейдалы Оразалиннің туысқандары». Сейдалы Оразалинді ерекше адам екенін ескерген туған-туысқандары 1998 жылы бейітін қоршап, басына құлпытас орнатқан. Алпыс жыл өткен соң тың игерушілердің тонап кеткен бейіт басына немерелері жаңа құлпытас орнатты. Осындай игі істің бастамасы болып Сейдалы Оразалин атымен Қарабұтақ орталық көшесі аталады. 1920 жылдары Сейдалы Оразалин бастамасымен жұмыс істеген мектептің орнында тұрған Аралтоғай аулындағы орта мектеп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы бойынша 1998 жылдан бастап Әйтеке би ауданындағы Аралтоғай орта мектебіне Сейдалы Оразалиннің есімі берілді. Сейдалы Оразалиннің кіші қызы Сафура бұл күнде үлкен бір әулеттің ұйытқысы болып отыр. Сафура белгілі жазушы Балғабай Қыдырбекұлының зайыбы. Сейдалы Оразалин туралы Г.Дулатова өзінің "Алаштың сөнбес жұлдыздары" еңбегінде толық айтып кеткен. 

Есімі еленбей жүрген Алаш арыстары

Сейілбек Жанайдаров (1884—1929)

Сейілбек Ақмола облысы, Атбасар уезінің Терісаққан болысында дәулетті отбасында дүниеге келген. Алғашқы оқу орындары Атбасар мен Омбы қалаларында өткен. Сейілбек Петербург университетінің заң факультетін 1913 жылы бітірген. Оқуын тәмамдаған соң, Ресей патшалығының Витебск губерниясында, одан Атбасарда жұмыс істеген. Ақпан революциясынан кейін қазақ зиялыларының үндеуінде көзделген істерді жүзеге асыру жолында еңбек етеді. Атбасардағы елдің назарын, Қазақ съезінің ұлт болашағы үшін маңызы зор оқиға екенін түсіндіру жолында көп жұмыстар атқарған. 1917 жылдың қыркүйегінде ашылғалы отырған Бүкілресейлік құрылтайға Ақмола облысының атынан делегат болып Мағжан Жұмабаев, Сыздық Мешенбаев пен Сейілбек Жанайдаров сайланған. Алаш орда үкіметінің құрамына еніп, үкімет мүшелігіне орынбасарлыққа сайланған. Ақмола облысындағы қазақ Сотының төрағасы болып бекітілген. Кеңес өкіметі 1919 жылы алашордашыларға кешірім жариялағаннан кейін Қазақстан Автономиясының астанасы Орынборда тұрғанда, С.М. Жанайдаров Қаржы Халық Комиссариатының Коллегия мүшесі, орынбасары, бастығы қызметін атқарған. Қызылордаға келген тұста Қазақстанның ауылшаруашылық банкін басқарған. Сейілбектің ата-анасы ертеректе атақты жерге құда түсіп, айттырып қойған қалыңдығына үйлендірген. Бұл отбасында Хурия, Мүслима есімді екі қыз дүниеге келген. Шешелері ерте қайтыс болғаннан кейін жастай қалған немерелерін бауырына басып өсірген әжелері екен. Сейілбектің нақсүйері екінші зайыбы – Мәриям Жансұлтанқызы Сейдалинамен шаңырақ қызығы ұзаққа бармаған. Невель қаласында тұрғандарында ол қайтыс болыпты. Сейілбек – Міржақып Дулатовтың пікірлес, жан жолдасы, айырылмас досы болған. 1929 жылы Сейілбек қайтыс болғанға дейін арақатынастары үзілмей өткен кісілер. Міржақып Дулатовтың қызы естелігінде былай баяндайды: «1925—1928 жылдары Қызылордада тұрғанымызда, Сейілбек ағамның әйелі болмайтын, бізге жалғыз өзі келіп-кетіп жүретін, қолында Мүслимасынан басқаларды көргенім жоқ, тек қызметшілері ғана болатын. Мүслима екеуміз бір сыныпта оқыдық. Мүслима сабақты жақсы оқыды, есепке жүйрік еді. Мүслиманың менен екі жастай үлкендігі барды. 1933 жылдың маусымында мен Томскіден Әулиеатаға келген бетім еді. Көшеде келе жатсам, қарсы алдымнан Мүслима шықты, қолында сәбиі бар, жанында күйеуі Қалық, шұрқырасып амандаса кеттік. Қалық – әйгілі Әділбек Майкотовтың ұлы. Осыған орай тарихтан белгілі жайтты да айта кетейін. Қалық жас шағында әкесін атып өлтіргенін өз көзімен көрген кісі. Бұл сұмдықтан баланың шошынғаны сонша, оның бүкіл өмір бойында елестеп, есінен кетпеуінен де болар, Қалық ашылып көп сөйлей бермейтін тұйық мінезді кісі еді». Сейілбек Жанайдаровтың екінші жары Мәриям Жансұлтанқызы Сейдалина-Жанайдарова төренің қызы. Троицкіде туып, сол жерде гимназия бітірген. Орысша, қазақша сауатты. Өз заманында дарынды ақын қыз атанған. 1914 жылдары «Айқап» журналының беттерінде өлеңдері жарияланып отырған. 1914 жылы «Айқаптың» бірінші санында: «Зарлау», «Тұр, қазақ!», «Көздер» деген өлеңдері шыққан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға