Жаңалықтар

Есік өзені шетелдіктер келіп демалатын орын болған

Есік өзені шетелдіктер келіп демалатын орын болған
22.10.2020 18:42 11100

Ит тұмсығын тыға алмас қалың орман мен қызылды-жасылды гүл көмкерген даланың әсем табиғатына қыздың шолпысындай сыңғырлай аққан Есік өзені ерекше рең береді.

Есік Алматының шығыс тұсында шамамен қаладан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Өзен теңіз деңгейінен 1760 метр жоғарыда орналасқан, ол Іле-Алатауларының Есік шатқалын бойлай ағуда. Табиғат жанашырлары Есіктің суының арнасы жылдан жылға тартылып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда.

Есік өзені шетелдіктер келіп демалатын орын болған

 Жалпы геологтардың дерегіне сенер болсақ, Есік өзені жер бетінде сегіз мың жыл бұрын пайда болған. Тау жыныстарының тектоникалық ығысуынан алапат тау көшкіні жүріп, нәтижесінде, шатқал ортасында биіктігі 300 метрге дейін жететін табиғи бөгет қалыптасады. Бұған кейін тау басынан ысырылып түсен мұздақтар, қар, жауын сулары жиналып, тау ішіндегі көркемдігі көз тартар көлге айналған.  

1939 жылдан бастап Есік өзенінің аумағы жедел түрде абаттандырыла бастады. Ал 1958 жылы Қазақ ССР министрлер кеңесі «Есік көлінде еңбекшілердің мәдени демалысын қамтамасыз ету туралы» арнайы қаулы қабылдап, мұнда тас жол тартылып, туристік база, автобекет орналастырылды. Алматы қаласынан Есік өзеніне арнайы қоғамдық көліктер қатынады. Орталық базардан жарты сағат сайын автобустар тұрақты жүріп отырды. Сөйтіп, бұл жер табиғат аясына шыға бермейтін қалалықтардың сүйікті демалыс орнына айналды. Өзеннің танымалдылыққа тез ие болғандығы соншалық, оның фотосуреттері Кеңес кезеңінде открыткаларға пайдаланылды.

Көл жағасында 100 орынға есептелген екі қабатты қонақүй, мейрамхана салынды. Түрлі қызмет көрсету мекемелері ашылды. Тіпті демалушылар үшін би алаңдары да ұйымдастырылды. Алайда, тау мұздақтарынан нәрленетін көл суы салқын болатын, бірақ бұл демалушылардың мұнда келуіне тосқауыл болмады. Олар тау ішіндегі көлдің оңтүстік жағалауларындағы құмдауыт жерлерде күнге қыздырынып, көл бетінде катермен, қайықпен, өзен трамвайларымен серуендеді.

Тіпті оңтүстік асанаға шетелдереден келген мәртебелі қонақтардың бағдарламасына Есік көліне саяхат міндетті түрде енгізіліп отыратын болған. Себебі, Есік көлі Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі ретінде таныстырылған. Тарихи деректерде 1959 жылы Алматыға жолы түскен Вьетнам лидері Хо Ши Миннің өзенде трамваймен серуендегені айтылады. Бұл жерде АҚШ-тың бірнеше штаттарының губернаторлары да келіп демалып кеткен-мыс. Есік өзені Кеңес Одағының басшысы Никита Хрущевтің де ең сүйікті демалыс орындарының бірі болған екен. 

Көл басында арнайы демалушылардың қауіпсіздігін қадағалап отыратын құтқару отряды да жұмыс жасаған.

Алайда, бұл демалыс орнының бір-ақ мезетте астаң-кестеңі шықты. 1963 жылдың 7 шілдесі күні Есік өзенінің жоғарғы ағысындағы мұздақтан бөлініп шыққан алапат сел ағыны табиғи бөгетті бұзып өтіп, санаулы сағаттар ішінде көлді ағызып әкетеді. Сел Есікті ғана әкетпеді, ол жүзден астам өзен жағасында демалып жатқан адамдардың да өмірін жалмады.  

Көлден аққан су селмен араласып, қоймалжыңға айналып, Есік қаласына жетіп, қала шетіндегі 200-ге жуық үйді қиратып кетеді.

1990 жылдары көл жағасына сел кезінде қайтыс болған марқұмдарға тағзым белгісі орнатылды.

Есік өзені шетелдіктер келіп демалатын орын болған

Бұл оқиғадан кейін Есіктің арнасын қанша суға толтыруға әрекет жасалса да, ол бұрынғы орнына қайта келмеді. Көлдің орнындағы осыдан жарты ғасыр бұрынғы өркениет қалдықтары әлі күнге дейін сақталған. Мәселен, көл маңында бұрынғы автобекет пен бақылаушы мұнарасы бүгін де менмұндалайды.

1973 жылдары яғни апаттан кейін он жыл өткеннен кейін Есікті селден қорғайтын жаңа бөгеттер салына бастады, осылайша Есікті қайта қалпына келтіру жұмыстары 1990 жылға дейін жалғасты. Алайда, апаттан кейін Есік қайта бұрынғы арнасына толмағанын айтады мамандар. Ол қалпына келтірілгенмен, бүгіндегі оның көлемі бұрынғыдан екі есеге төмен.

 Жалпы сел көшкіні орын алғанға дейін көлді ұзындығы 1850 метр, ал ені 50-79 метр болған. Суының түсі көгілдір-жасыл әрі мұнда ешқандай балық тірішілік етпеген көрінеді. Ал бүгінде өзеннің ұзындығы 755 метрге дейін кішірейген. Жағалау бойының ұзындығы 2,4 шақырымды құрайды. Көлге Есік өзені оңтүстік-батысынан құйып, солтүстігінен шығады.

Қалай десек те, бұл жер қазіргі уақытта Қазақстанның ең көрікті жерлерінің қатарына еніп отыр. Мұнда әсіресе тау туризмын дамытуға мүмкіндік мол.  

Тарихтың қалың қатпарын танимын деушілер мұнда б.э. дейінгі IV-V ғасырлардағы Есік қорғанына ат шалдырады. Айтпақшы, осы Есік қорғанында алтын киімді сақ жауынгері табылған болатын. Сөз кезегінде айта кету керек, сақ жауынгері қазақ халқының ең маңызды тарихи жәдігерлерінің біріне айналды.

Ал көлден алыс емес маңайда түйеқұс фермасы орналасқан. Көлге келген туристер мұнда да бас сұқпай кетпейді. Олар Қазақстан үшін экзотикалық құс болып табылатын түйеқұспен суретке түсіп, оның жұмыртқасынан жасалған тағамдардың дәмін татып көріп жатады.

Есік өзені бұл туристік нысан ғана емес, бұл бірінші кезекте оған жақын маңдағы өзен аттас Есік қаласының тұрғындары үшін ауызсу және суарма судың көзі. Есік өзенін құнарландыратын негізгі су көздері Іле Алатауындағы тау мұздақтары болып табылады. Сондықтан өзен арнасының төмендеуінің себебі, қысқы кезеңде қардың қалың түспеуімен түсіндіріледі.

Есік өзені маңындағы онымен аттас Есік қаласының негізі 1854 жылы қаланған. Алайда, қала ол уақытта Надеждинская деп аталған екен. Тек 1923 жылдан бастап орыс тілінде Иссык деп атала бастайды. Оның Есік болып қазақшалануы тәуелсіздік жылдарынан басталады.  Дегенмен, зерттеушілер Есік қаласының орнын ежелгі адамдардың ерте заманнан мекендегенін айтады. Бұған қаланың солтүстігінде орналасқан б.з.д. 5-4 ғасырларға тиесілі сақ мәдениетінің ескерткіштері – Есік обасы дәлел бола алады.  

Академик Әдбуали Хайдар «Ғылымдағы ғұмыр» кітабында Есік атауы шын мәнінде көне түркі тіліндегі Ысық деген сөзден шыққан деп дерек келтіреді. Ол «қасиетті, киелі» деген мағынаны білдіреді екен. Зерттеуші бұл жер ежелгі дәуірде қасиетті саналып, Ысық деген атау берілген дейді.

 Жалпы алғанда, Есік өзені өз бастауын тау мұздақтарынан алады. Ол мұз астынан қайнар көз болып шығып жатыр. Бұл көлемі үш шақырымға жуық және осы Есік өзенінің бастауы болатын тау көлі. Есіктің басталар тұсында Жасылкөл деген көл бар.

Бір қызығы, өзен суының түсі ауа райына қарай түрлі түске боялып, өзгеріп отырады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға