Жаңалықтар

«Есік» музей-қорығындағы ерекше «музей түні»

«Есік» музей-қорығындағы ерекше «музей түні»
Фото: ©«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы 29.06.2023 10:45 1184

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Музей түні» іс-шарасы ерекше сән-салтанатпен өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Түркістан қаласында өткен Құрылтайдың екінші отырысында ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, рухани даму, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу және жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беру керектігін баса айтқаны белгілі.

Президенттің осы бағдарлы сөздерін басшылыққа ала отырып ұйымдастырылған шараның ашылуында сөйлеген сөзінде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Райылқызы Мұхтарова:

Президент құрылтайдағы сөзінде тарихи мұраларымызды сақтап, насихаттауға қатысты өзекті мәселелер көтеріп, нақты тапсырмалар берді. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымы тарихи-мәдени мұраларды сақтап, зерттеп, насихаттау жұмыстарын жүйелі жалғастыра беретін болады. «Музей түні» - осы бағыттағы тағылымды іс шараның бірі, - деп, атап өтті.

«Есік» музей-қорығындағы ерекше «музей түні»

Бұл атаулы шараны «Есік» музей-қорығы биыл тоғызыншы рет өткізіп отыр. Мұндағы «Музей түні» Қазақстан музейлері дәстүрге айналдырған мамырда емес, маусым айында ұйымдастырылуымен де ерекшеленуде. Бұл жөнінде Музей басшысы:

Бұл арқылы біз музейде өткізілетін осындай форматтағы шаралар белгілі бір мерзімге «байланып» қалмайтынын, бұл музейдің жылына бір рет бір мезетте тарихқа, мәдениет пен музейге қызығатын үлкен аудиторияны жинауға және шақыруға мүмкіндігі бар екендігін көрсеткіміз келді. Осы аралықта біз өз аудиториямызды қалыптастырдық, - деп, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

«Музей түні» алдымен жастар мен мектеп оқушыларына арналған квест ойынымен басталды. Бұл – жастардың тарихтың жұмбақ тұсын табуға жол ашатын тартымды танымдық ойын. Музей аумағында қазақтың ұлттық ойындары – садақ ату мен арқан тартудан жарыстар өтті. Сонымен қатар сақ өнерінің мың бояуы, гипстен жасалған түрлі мүсіншелерді бояуға және петроглифтердің көшірмесін жасауға арналған шығармашылық ойындар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, «Бозадыр адамы: антропологиялық реконструкция» көрмесінің, Алматы облысы Музейлер бірлестігі «Көшпенділер өркениеті: қазақ ат әбзелдері» көрмесінің ашылуы болса, «Ұста Дәркембай» қолөнер музейі «Атадан қалған мұра», ҚР Мәдениет қайраткері, суретші, мүсінші және этнодизайнер Қадыров Құрманғазының жеке туындыларынан тұратын  «Көне сарын» атты көрмелері көрермендер назарына ұсынылып, арнайы шеберлік сабақтарын көрсетті.

Байдаралы отбасы ерте көшпенділердің «Бес қару» жауынгерлік өнерін көпшілікке ұсынды. Бұл түні қорық-музейге келушілер арнайы тақырыпқа сай деректі фильмдер мен бүлдіршіндерімізге арналған мультфильмдерді және Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер мәдениет үйінің өнерпаздарының концертін, Еңбекшіқазақ аудандық «Әжелер» ансамблінің өнерін, әкелі-балалы бүркітшілер Алдаберген және Медет Шәліповтердің көрмесін тамашалады.

Алматы облысының балалар мен жасөспірімдер спорттық туризм және экскурсия орталығының білім алушыларының шеберлік сабақтары мен жаттығулары да көпшілік қауымның назарына ұсынылды.

«Музей түні» шарасы аясында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының дамуына елеулі үлес қосқан мәдениет саласы мен музей мамандарына арнайы Алғыс хат пен «Алтын адам» кәдесыйы табысталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға