Жаңалықтар

«Ешқандай бақылау жоқ». Министр тариф туралы айтты

«Ешқандай бақылау жоқ». Министр тариф туралы айтты
Фото: t.me/KZgovernment 30.01.2024 12:12 1184

БАҚ өкілдері баспасөз брифингінде ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтан коммуналдық тарифтердің тұрақталмай, күннен-күнге не себепті қымбаттап жатқанын сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Журналист «Бірыңғай сатып алу туралы заңға өзгеріс енсе де, тарифтер құнының шарықтап жатқанын өзіңіз көріп отырсыз. Ешқандай бақылау жоқ. Қазір барлық шығынды халықтың мойнына іліп отырсыздар. Тариф бағасы неге бақылауда жоқ?» деп сұрады.

Аталған сауалға ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жалпы тарифтер бойынша министрлік тиісті тарифтік саясат жүргізіп жатқанын айтты.

Өздеріңіз білетіндей, әр өңірге байланысты инфрақұрылымды тиісті деңгейде жаңғырту үшін тарифтерді жеке түрде қарап жатыр, – деді министр.

Баспасөз мәслихатында тілшілер «Тарифтік инфрақұрылымның тозығын кімнің қаражатынан жаңартып жатсыздар? Сол жеке кәсіпкердің бе, әлде халықтың қаражатынан ба?» деп сұрады.

Тарифтің көбісі мемлекет меншігіне жатады. Мысалы, электр энергия бойынша тарифті алатын болсақ, халық 1 кВт үшін 11 теңге 18 тиын төлесе, заңды тұлғалар (кәсіпкерлер) әр кВт-қа 25-30 теңге, ал мемлекеттік ұйымдар 55-65 теңгеге дейін төлейді. Сол себепті негізгі жүктеме бұл мемлекетке жатады, – деді Қуантыров.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда тарифтер бағасы тұрақты, бірақ әр тариф өсетінін тілге тиек етті.

Бұл тарифтік бағдарлама 7 жылға арналады. Бірақ әр тарифтің тозуына байланысты әр өңірде тиісті қоғамдық тыңдауларда өтеді. Мәселен, субъекті 100 пайызға тарифті көтеруді талап етсе, біз, әрине, оны көтере алмаймыз, өйткені бірден 100 пайыз ету мүмкін емес. Кем дегенде 20-30 пайызға дейін көтеру мүмкіндігі болады, – деді Әлібек Қуантыров.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға