Жаңалықтар

Есеппен туған баладан есепшіл азамат шығады!

Есеппен туған баладан есепшіл азамат шығады!
18.10.2019 12:02 2164

Қазаққа ғана емес, адамзатқа жат жабайылық етек алып барады. Қит етсе, бесігін отқа жағуға бел шешіп отырған аналарды шын тұрмыс қажытты ма, әкелер ұрпағы алдындағы жауапкершіліктен не үшін жалтарды? Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан Аналар кеңесінің құрылуы да қоғам қажеттілігі болатын. Себебі, белсенділігі жоғары аналардың сауаты артып, түрлі әйелдер құқығын қорғайтын ұйымдар қаптап құрылғанымен, әйелдің аналық жауапкершілігін есіңе салатын, бала тәрбиесінің өзектілігін арттыратын қоғамдық ұйымдар жоқтың қасы еді. Дәл осы уақытта құрылған Аналар кеңесі шын мәнінде бұл олқылықтың орнын толтырғандай болды.

Бұл туралы сайт оқырмандарымен ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мекемесінің бас сарапшысы, жазушы Әлпейісова Камал Әбілқасымқызы, Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының кеңесшісі, Аналар кеңесінің мүшесі Шанаи Нәзипа Ыдырысқызы диалог алаңында ой бөлісті.   

«Әйел-аналардың жұмыссыз қалған әкелердің орнына базарға шығып, отбасын бағу тауқыметін өз мойындарына алуы жалпы біздің ата тарихымызда болмаған жағдай еді. Және ол ұлттың мінез-құлқына әсер етпей қоймады. Сол тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңнен біздің тапқан жақсылығымыз да, жамандығымыз да болды. Соның ішінде, әйел адамдар ақша табуды үйренді. Ал ақша табудың жолына түскеннен кейін, әйелдің, жалпы адамзаттың алдындағы ең үлкен борышы – ұлттың ұл-қызын тәрбиелеу мәселесі артта қалып кетті», - дейді бұл туралы Н.Шанаи. Ал оның әріптесі К.Әлпейісова бала тәрбиесінің ақсауына экономикалық күрмеуі күрделі кезеңде мұғалімдер қауымының отбасын асырау үшін базарға шығып кетуі де себеп болды дейді. «Соның салдарынан бос қалған мектептерге шала білімді адамдар келді. Мінекей, сол себепті не үйде, не мектепте дұрыс тәрбие болмады»,- деген К.Әлпейісова бүгінгі олқылықтың себебін өткеннің жіберілген ағаттығынан іздеді. Олар сондай-ақ, күні кеше ғана жаулығы желбіреп алаңға ереуілдетіп шыққан аналардың «шындығын» түсінуге тырысты. «Бәрінен де менің төбе шашымның тік тұрғаны - Шымкент қаласында әкімдікке төрт баласын ертіп келіп, кезексіз үй сұраған ананың балаларын жылатып әкімдікке тастап кеткені. Тағдырдың талқысымен жетім қалып жатқандар бар, ал айдың-күннің аманында анасы өзегінен итеріп, бөтен ортаға тастап кеткен балалардың басынан өткерген күйзелістен кейін, олардың бойын жайлаған үрейді қайтіп сейілтіп, психикасын қалпына қалай келтірді екен?! Ана балаларын сатып кеткен жоқ па?!», - деген Нәзипа Ыдырысқызы сананың мұндай деңгейге жетуі рухани азғындықтың белгісі деді. Ал К.Әлпейісова болса, тоқсаныншы жылдардағы тұтас халық басынан өткерген қиындықты есіңе алды. «Жарықсыз, жылусыз отырған күндеріміз болды, дүкен сөрелері бос қалды, жалақы алмақ түгілі, екі қолға ұстайтын бір күрек таппай қиналдық. Ал сол уақытта алаңға шығу біздің ойымызда да болмапты», - дейді балаларының май шамның жарығымен сабақ оқыған, қара суға қара ұнның жармасын езіп талғажау еткен күндерін есіне алған жазушы. «Бала туу да үй салу, машина сатып алу секілді әр отбасының жеке мәселесі. Перзентханада балаңды қолына алған кезде, ұл тудым, қыз тудым деп сүйсініп, елжірейсің. «Мен демографиялық саясатқа үлес қостым» деп қуанбайтының рас қой. Ал енді келіп, біз қазақтың санын көбейтіп жатырмыз, біздің жағдайымызды жаса деп жұлқынуларыңа жол болсын?!», - деген К.Әлпейісова әр адам қанша баланы оқытып, дұрыс тәрбиелеуге мүмкіндігі бар, сонша баланы дүниеге әкелуі керек. Оларды үкімет асырайды деген есеппен туу әу бастан қате. Ал есеппен туған баладан есепшіл азамат шығады деген пікір білдірді.

Сұқбаттың толық нұсқасын келесі сілтемеге өту арқылы оқи аласыздар.

 

 

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға