Жаңалықтар

Ержан Байтілес: "Журналист отырып жазбайды, жүріп жазады"

Ержан Байтілес – әртүрлі басылымдарда қызмет атқарған журналист.
25.06.2014 11:26 6956

Ержан Байтілес – әртүрлі басылымдарда қызмет атқарған журналист. «Алматы ақшамы» газетінде бөлім бастығы, республикалық «Ана тілі» газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. Бүгінде ғасырға жуық тарихы бар «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі.

Ержан Байтілес: "Журналист отырып жазбайды, жүріп жазады"

Біздің тағдыр-тәлейімізге кіл мықты мамандардан тәлім алуды жазыпты. Егер журналистика саласында әлдебір жетістікке жеткендей болсақ, онда бұл біз алдын көрген ағалардың еңбегі. Өйткені қазақ журналистикасында ерекше орны бар Серғазы Мұхтарбеков, Нұртөре Жүсіп, Қали Сәрсенбай, Мақсат Тәж-Мұрат, Бауыржан Омарұлы, Жұмабек Кенжалин, Самат Ибраим секілді ұстаздардың тәрбиесін алдық. Бүгінде Сауытбек Абдархманов пен Жанболат Аупбаев секілді ағалардан көп нәрсені үйреніп жүрміз. Бұл айтқан азаматтардың қай-қайсысы да болмасын, бүгінгі қазақ журналистикасының корифейлері деп білемін. Алып шаһар Алматыда қанатымыз қатайды. Дүниетаным артты. Дегенмен төрт қабырғаға қамалып, бір терезеге қарап, саусағыңды сорып отырып мақала жазу жалықтырады. Өмірді аквариумнан тамашалап тұрғандайсың. Бұрынғы журналистер елді жиі аралайтын. Үнемі іс-сапарға шығатын. Ауыл-елдің жағдайын көзімен көріп, шаруашылықты аяғымен аралап танысатын. Кейінгі жылдары ондай мүмкіндіктен айырылдық. Сондықтан алып зауыттағы қайнаған жұмыс жайында, алқаптағы алапат еңбек турасында, қарқыны сұмдық құрлыс хақында кабинетте отырып жаза беретін болдық. Ауылға айына-жылына бір баратын адам ауыл туралы қалам тербейді. Шыны керек, бұл іш пыстырарлық дүние. Өзіңді жұмыс үстеліне байлап қойып жазбасаң, басқа шара жоқ. Ал меншікті тілшіліктің тиімді тұсы ел-жұртпен етене араласасың. Қайнаған өмірді ішінен көресің. Тіршілік түсінесің. Бұл жұмыстың басты артықшылығы да осы секілді.

Алматыда жұмыс істеп жүргенде тақырып таппай қиналатын кезіміз аз емес еді. Жақсы мақала жазу үшін соған лайық оқиға не кейіпкер керек. Ал алақандай облыста ондай мұқтаждық жоқ. Бірде Жанболат аға «Етжеңді «Егеменге» оқылымды дүние жазуды тапсырды. Аудан аралаған кезде, адамдармен сұхбаттасқанда түрлі тақырыптарды қойын дәптерімізге түртіп жүретін әдетіміз бар. Бас редактордың тапсырмасынан соң әлгі қойын дәптерді ашып қалсақ, тақырыппен тыныстап тұр екен. Арасынан «Вьетнам соғысына қатысқан қазақ» деген тақырыпты алдық та, жазып басылымға ұсындық. Ентігі басылмаған күйі жарияланып кетті. Онан соң Жаңақорған ауданында үш әйел алып, бәрi бір үйде тату-тәтті тіршілік кешіп жатқан адам туралы жаздық. Айтайын дегенім, бүгінде менде тақырыптан қиналатын мәселе жоқ.

Меншікті тілшіліктің бір ғана айыбы бар. Ол төбеңде төніп тұрған бастық жоқ. Әрине, редакцияның кезек күтірмейтін, шұғыл тапсырмаларын, облыста өтіп жатқан маңызды шараларды буы басылмай жазып тастайсың-ау. Бірақ жұрт оқитын, оқырманның көңіл пернесін дөп басатын мақалаларды жалқаулыққа салып жазбай жүріп алатынымыз бар. Сондай кезде жауапты хатшы «материал қайда?» деп тықақтап тұрған сәтін кәдімгідей сағынасың. Дей тұрғанмен мұның да емі табылады.

Жалпы алғанда, журналисттің бір кабинетте қамалып отырғанынан пайда жоқ. Ол жүруі керек. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» дегендей журналист неғұрлым кабинеттен көп шықса,пайдасы да көл-көсір болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға