Жаңалықтар

Ертіс суын егінге пайдалансақ

Әлем бойынша өндіріс пен халықты сумен қамту проблемасы жылдан жылға асқына түсуде
Ертіс суын егінге пайдалансақ
Фото: egemen.kz 21.11.2022 11:58 4107

Гидроэнергетика саласының ардагері осындай ой айтып, тиімді жоба ұсынған еді

Әлем бойынша өндіріс пен халықты сумен қамту проблемасы жылдан жылға асқына түсуде. Бұл проблемадан Қазақстан да тыс тұрған жоқ. Кеңес Одағының құлап, оның қалыптастырған су реттеу жүйесінің жойылуы Орталық Азия өңірінде су тапшылығын туындата түсті. Бұл жүйенің жойылуына байланысты Сырдария мен Амударияның жоғарғы жағында отырған Тәжікстан, Қырғызстан секілді елдер ендігі кезекте суды қолдарындағы күлшеге айналдыруға кіріссе, Ертіс пен Іленің жоғарғы жағында отырған Қытай өзінің батыс өңіріндегі өндірістің қаулап өсуіне сәйкес екі өзенге де тұсау сала бастады.

Осы жағдайға байланысты кезінде жүзеге аспай қалған жарқын идея – Сібір суларын Қазақстан мен Орта Азияға бұру мәселесі қайта көтерілген болатын. Ресейдің Сібір өңірінде су көздері өте мол. Мәселен, Енисей өзенінен жылына 590 текше шақырым, Лена өзенінен 528 текше шақырым, Ертіс пен Обь өзендері арқылы 397 шақырым су ағып, Солтүстік Мұзды мұхитқа қосылып жатыр. Бұл ағынды сулардың Ресей үшін беріп жатқан пайдасы жоқ. Ендеше осы сулардың аздаған ғана бөлігін әлемдік мұхиттардан алыста жатқан, суға шөліркеген Орталық Азия өңіріне неге бермеске? Міне, осы мәселе соңғы біржарым ғасыр уақыттан бері қарапайым диқандардан бастап ірі ғалымдар мен мамандардың, саясат және қоғам қайраткерлерінің санасын сілкіп келеді.

Сібір суларын Орталық Азияға бұру мәселесін журналист ретінде сол тұста біз де өз тарапымыздан біраз зерттеп көрген едік. Сонда осыдан 150 жылдай уақыт бұрын харьковтық гимназист Я.Демченко алғаш рет көтерген бұл өміршең идеяның дәл қазір қай кезде екендігін кесіп айту қиын, бірақ әйтеуір, бір уақыттары жүзеге асатындығына көзіміз жете түсті. Өйткені идеяның маңыздылығы жылдар өтіп, заман өзгерген сайын арта түсуде. Мәселен, әлемде соңғы уақыттары қалыптаса бастаған көптеген факторлардың, атап айтқанда, адамзат саны мен өндірістің соңғы елу жылдың ішінде күрт өсуінің, бос жатқан жерлердің азаюының, азық-түлік бағасының қымбаттауының, жобаларды арзан жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жаңа технологиялардың дамып-жетілуінің, жаһандану үдерісінің күшеюінің, климат өзгерісіне байланысты Батыс елдерінде тасқын қаупінің ұлғаюының және осыған ұқсас басқа да көптеген факторлардың ықпалымен бұл жобаны жүзеге асыруға бірте-бірте суға шөліркеген Орталық Азияның өзін былай қойып, Еуропалық одақ мемлекеттері де, Ресей де мүдделі бола түспек. Тіпті, егер жағдай біз атап көрсеткен факторлар бойынша өрби беретін болса, онда басқаны былай қойып, енді бір елу жылдың ішінде су иесі Ресей Федерациясы басшыларының өзі-ақ халықаралық қауымдастыққа, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттеріне осындай ұсыныспен шығуы әбден мүмкін.

Міне, осындай жағдайларға байланысты әзірге Қазақстан үшін Сібір суларын бұру жобасын жүзеге асырудың уақыты келе қойған жоқ деп есептейміз. Тіпті, қазір асығамыз деп арандап қалуымыз мүмкін. Өйткені, дәл қазіргі есептеулер бойынша жоба өте қымбатқа түседі. Екіншіден, оны жүзеге асырған жағдайда Ресей Сібір суларын бізге сатуға кіріспек. Тіпті, сатпады деген жағдайдың өзінде біздің тәуелсіздігімізге ықпал ете алатын үлкен саяси-экономикалық тетікке ие болмақ. Оның үстіне, су проблемасын шешуде біздің әлі өз ішімізде тындыратын шаруалар да жеткілікті.

Біз әзірге су ысырабын да жойғам жоқпыз. Су үнемдеу технологияларын енді-енді ғана қолдана бастадық. Міне, осыларды әбден ретке келтіргеннен кейін барып қана бізге Сібір өзендерінің суын Орталық Азияға бұру секілді іргелі жобаны оған мүдделі жақтар Ресей, Еуропа мемлекеттері, Өзбекстан секілді елдермен бірлесе отырып, яғни қаржыландырудың ауыр жүгін бөлісе отырып қана қолға алуға болады.

Дегенмен, өміршең идеялар да жаны бар адам секілді. Олар өмірге келгеннен кейін сананы жаулай бастайды. Қашан жүзеге асқанша адам миына тыныштық бермейді. Шамасы, «мысль имеет свойства материализоватся» деген сөздің өзі осыған байланысты айтылған болса керек. Мәселен, қазіргі күні бірқатар қазақстандықтарды Сібір өзендерін Қазақстанға бұру идеясы жүзеге аспаған жағдайда оған балама бола аларлықтай қандай жобалардың болуы мүмкін деген ойлардың мазалайтындығы анық.

Осыдан біраз бұрын Тоқтар Басабиков деген ақсақалмен танысқан едік. Жасы – 79-да. Красноярдегі гидроэнергетикалық техникумды, Жамбыл гидромелиоративтік институтын бітірген. Ригадағы, Краснояр, Мурманск облыстарындағы Кольск, Юшкозерск секілді ірі су электр стансаларын салуға қатысқан. Ұзақ жылдар Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігінің суландыру нысандарын өндірістік пайдалану, іске қосу-жөндеу басқармасын басқарған. 1991 жылы Қазақ КСР Құрылыс комитеті басшысының бірінші орынбасары деңгейінде зейнеткерлікке шыққан. Қысқасын айтқанда, өз заманында бай тәжірибе жинақтап, жоғары лауазымды қызмет атқарған білікті инженер-гидротехник маман.

Біз әңгіме барысында Тоқтар Басабиков ақсақалдың Қазақстанның су проблемалары мен оны шешу жолдарын зерттеу мәселесімен өмір бойы шұғылданып келе жатқандығын білдік. Ол өзінің патриоттық болмысына сәйкес еліме қайтып пайдамды тигізсем екен деген ізгі ниетпен Сібір суларын Қазақстанға бұру жобасының тиімділігін көп зерттеп, одан бірқатар кемшіліктерді де байқаған. Сөйтіп оған балама боларлықтай жобаларды қарастыра бастаған. Ондай жобаны әзірлеп, Мәскеуге апарғанда орталықтағылардан қолдау таппай меселі қайтқан. Сондағы кінәсі өз жобаларын жалпы одақтық емес, тек қазақстандық мүдде тұрғысынан қарастырғандығы екен.

Біздің редакциямызға Тоқтар аға өзінің ұзақ жылдар бойы әзірлеген «Арал теңізі мен оған іргелес өңірлерді су тапшылығынан құтқару үшін Обь өзені суының бір бөлігін бұру жобасына балама схемалардың бірі» және «Ертіс өзенінен Семей СЭС-ін салудың балама жобасы» атты екі еңбегін ала келген екен. Бізді қызықтырғаны осының екіншісі болды. Өйткені Тоқтар ағаның «Арал теңізі мен оған іргелес өңірлерді су тапшылығынан құтқару үшін Обь өзені суының бір бөлігін бұру жобасына балама схемалардың бірі» атты бірінші еңбегіндегі қозғалған жағдайлар Қазақстан Үкіметінің ұйғарымымен Сібір суларын Қазақстанға бұру мәселесі белгісіз бір уақыттарға дейін тоқтатылуына байланысты әзірге күн тақырыбында тұрған жоқ. Үкіметтің бұл мәселеге жуық уақыттар ішінде қайта оралмайтындығы анық. Ал «Ертіс өзенінен Семей СЭС-ін салудың балама жобасы» атты екінші еңбекте қарастырылған мәселе нағыз қазіргі күн тәртібінде тұрған іс болып табылады. Мәселен, Үкіметтің «Электроэнергетиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасында» бұл мәселе жайында «Шүлбі СЭС-інің белгіленген қуатын толық пайдалану үшін оған қарсы реттегіш болып табылатын қуаты 78 МВт Семей СЭС-ін 2006-2010 жылдар аралығында салу қажет. Бұл СЭС құрылысын жүргізу Сантри Пауэр Лимитед компаниясының инвестициялық міндеттемесіне еңгізілген» деп анық жазылған. Бірақ өкінішке, ал бәлкім қуанышқа орай, бұл су электр стансасы әлі салынға қойған жоқ. Тіпті, оны айтасыз, Семей СЭС-інен бұрын салынуға тиіс Шүлбі СЭС-інің табанындағы Бұлақ СЭС-інің құрылысы да әлі қолға алына қойған жоқ. Сондықтан Семей СЭС-іне Тоқтар аға ұсынып отырған балама жобаны талқылауға әлі уақыт бар деп есептейміз.

Ал енді Тоқтар Басабиков ақсақал ұсынып отырған бұл балама жобаның қандай артықшылықтары бар? Енді осыған келейік. Ол үшін Тоқтар Айтымұлының өзіне сөз берейік.

«Қазақстан үшін Ертіс суының маңызы зор. Жылына бұл өзенмен 30 текше шақырымға дейін су ағып өтеді. Осы судың басым бөлігі Қазақстанның өз ішінде қалыптасады. Себебі Қытайдан келетін Қара Ертістің суы соншама мол емес. Ол шамамен алғанда 4,5 текше шақырымды ғана құрайды. Ертіс суы негізінен Зайсан көліне келіп қосылатын өзендер мен бұлақтар суынан байып шығады. Жол-жөнекей оған Қалжыр, Күршім, Нарым, Бұқтырма, Үлбі, Ұба, Шар, Шаған және басқа да өзендердің суы келіп қосылады. Осылайша еліміздің бүкіл шығыс өңірінің суларын бойына жинап, қуат алған ұлы өзен Ресей аумағына өтеді де, Обьқа барып құяды. Демек Обь суының бір бөлігін Қазақстан мен Орта Азияға бұрудың Юрий Лужков айтқан жобасы жүзеге асатын болса, онда біз өзіміздің Ертістің суын қайта сатып алатын болып шығамыз. Осы істе қандай әділеттілік бар? Бұл – бір.

Екіншіден, осы уақытқа дейін Қазақстан Ертіс суын негізінен алғанда электр қуатын өндіру мақсатында пайдаланып келді. Осы мақсат үшін Ертістің үстінен Өскемен, Бұқтырма, Шүлбі су электр стансалары салынды. Ертіс суын шаруашылық мақсатына пайдалану ісі Қаныш Сәтпаев атындағы Ертіс-Қарағанды каналы салынғаннан кейін ғана барып дұрыс мәнінде жүзеге аса бастады. Қазір Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астананың халқы осы каналдың суын ішіп, тұрмысқа пайдаланып отыр. Бұл Ертіс суының Қазақстан үшін қаншалықты пайдалы екендігін білдіретін қосымша бір фактор.

Сонымен сайып келгендей айтарым, Қазақстаннан су электр стансаларын салу үшін Ертісті үш жерден бөгеген кезде негізінен электр қуатын өндіру мақсаты ғана алға қойылды. Олардың құрылысын жобалаған адамдар мен ұйымдар судың ертеңгі күн үлкен тауарға айналатындығын, сондықтан оны іркіп ұстап тұрудың, осы арқылы өңірлерді ылғалдандырып, ауыл шаруашылығына су берудің мүмкіндіктерін ескермеген. Әйтпесе, ондай мүмкіндіктер әбден болған. Мәселен, соңғы салынған Шүлбі СЭС-інің су қоймасы бар болған 2,5 текше шақырым суды ғана ұстап тұра алады. Ал егер осы бөгеннің биіктігін тағы да 20 метрге көтерген жағдайда ол 12 текше шақырымға дейін суды ұстап тұра алар еді. Қосымша 10 текше шақырым су дегеніміз – Қазақстан үшін үлкен байлық қой. Біз бұл мол суды ауыл шаруашылығы мақсатына, балық өсіруге және басқа да халық шаруашылығы мақсаттарына пайдаланған болар едік. Бір жақсысы, кезінде жіберген бұл кемшілікті әлі де түзетуге, яғни Шүлбідегі бөгенді әлі де көтере түсуге болады. Оған бөгеннің беріктігі жеткілікті. Бұл жобаны мен ғана емес, біздің бұрынғы Су шаруашылығы министріміз Нариман Қыпшақбаев та қолдайды. Ол кісі бұл мәселе жөніндегі өзінің ұсыныс-пікірлерін талай айтқан да болатын», дейді ақсақал.

Ендеше Тоқтар Басабиков ұсынып отырған осы бір пайдалы да қызықты идеяны неге қарастырып көрмеске?! Бұл – біздің Үкімет назарына салар бірінші ұсынысымыз.

Енді, екінші, яғни негізгі мәселеге келейік. Тоқтар Басабиков өзінің «Ертіс өзенінен Семей СЭС-ін салудың балама жобасы» атты ондаған жыл уақытын сарп етіп әзірлеген еңбегінде Ертіс суын ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланудың тағы бір маңызды идеясын ұсынады. Ол – осы уақытқа дейін жобаланып, бірақ әлі күнге дейін жүзеге асырылмай келе жатқан Семей су электр стансасының (СЭС-тің) орнына, дәлірек айтсақ, одан сәл төменірек жерден Семей су жинақтау электр стансасын (гидроаккумулирующая электростанция (ГАЭС) салу. Тоқтар Басибеков аталған еңбегінде бірқатар техникалық есептеулер арқылы оны қалай жүзеге асырудың нақты жолдарын көрсетіп берген.

«Әлемде қазір 400-ден астам су жинақтау электр стансасы жұмыс істейді. Бізде әлі біреуі де салынған жоқ. Ал электр қуатын пайдаланудың тиімділігін арттыруда біздегі су электр стансаларына қарағанда су жинақтау электр стансасының маңызы зор. Мәселен, бізде электр қуаты күндіз көбірек пайдаланылады. Түнде оған деген қажеттілік азаяды да электр қуатының 30 пайызға жуығы босап қалады. Міне, осы артылған қуат басқадай пайдалану мүмкіндігі болмағандықтан босқа кетеді. Егер біз су жинақтау электр стансасын салсақ, осы артылған қуаттарды пайдалана алар едік. Бұған Ертіс өзені өзінің табиғи ерекшеліктеріне байланысты жақсы мүмкіндік береді. Себебі Ертіс әлемдегі ең жайылмасы мол өзендердің бірі болып табылады», дейді Тоқтар аға.

Т.Басабиковтың айтуынша, Кеңес Одағы кезінде Ертістің оң жағалауындағы 95 мың гектар бос жатқан жерді суландырып, өнім алу жөнінде нақты жоба болған. Ол жобаны жүзеге асыру басталғанымен аяқсыз қалған. Яғни Ертіс суын ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалану мәселесі сол кездің өзінде көтеріліп, іске асырыла бастаған. Бірақ, аяғына дейін жеткізілмеген. Тоқтар Басабиков осы мәселені енді жаңа қырынан және неғұрлым ауқымды түрде қайта көтеріп отыр. Өйткені Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігінің 1980 жылғы зерттеулері бойынша Ертістен жылына 10 текше шақырым суды басқа мәселелерге зиянын тигізбейтін жағдайда алуға болады. Міне, осы суды ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалану үшін Семей қаласынан 11 шақырым төмен жерден секундына 450 текше метр су жұмсайтын, қуаттылығы 350 мВт. болатын су жинақтау электр стансасы салынуы қажет. Бұл станса салына қалған жағдайда оның қызметі арқылы біз қандай жерлерді суара аламыз?

Тоқтар ағаның зерттеулерінде көрсетілгеніндей, Семей-Павлодар- Шарбақты үш тағанындағы Құлын стансасына дейінгі жол бойында 3 миллион гектардың қара топырақты құнарлы жері жатыр. Семей су жинақтау электр стансасын салу арқылы соның 1 миллион гектарын еркін суаруға болар еді. Өйткені станса күндіз аққан судың есебінен электр қуатын өндірсе, түнде оның насостары жоғарыға су көтеріп, оны жағалаудағы қара топырақты жерге жаюға қызмет еткен болар еді.

«Бұл дегеніңіз жылына миллиондаған тонна кепілді астық қоры, мыңдаған тонна көкөніс пен бақша өнімдері деген сөз. Әбетте жаңбыр суларымен өнім беретін тәлімі егістерге қарағанда суармалы жерлердің өнімділігі бірнеше есе артық болып келеді. Мәселен, аталған өңірдегі қара топырақты жердің жүз жылдық кестесі бойынша жүргізілген талдау ол жерден жылына бар болған 5 центнер ғана астық алынып келе жатқандығын көрсеткен. Себебі, қара топырақты өңір суға әбден шөлдеп тұр. Егер осы өңір қолдан суаруға көшірілсе, онда оның әр гектарынан жыл сайын ең кем дегенде 25 центнерден астық алуға болар еді. Мұны Шортандыдағы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелері дәлелдейді», дейді Т.Басабиков.

Ал енді Тоқтар аға суландыру үшін қарастырып отырған өңірдің жағдайына келейік. Ол өңір өзінің оңтүстік батысында Ертіс өзенінің бойымен Семей қаласынан Павлодар қаласына дейінгі жерді, солтүстік шығысында Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жерді, ал оңтүстік-шығысында Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданының бірқатар аумағын алып жатыр.

Көрсетіліп отырған аумақтың жалпы көлемі – 251,40 шаршы шақырым. Міне, осы аумақтың 1,2 миллион гектарын көп шығын жұмсамай-ақ жеңіл жағдайда суландыруға болар еді. Бұл жердің 1040 мың гектары Павлодар облысының, 160 гектары Шығыс Қазақстан облысының аумағына кіреді.

Көрсетіліп отырған аумақ Құлынды жазығының оңтүстік шығыс бөлігін қамтиды.

Кезінде Кеңес Одағының Мемлекеттік жоспарлау комитеті қарастырған «Сібір өзендері суларының бір бөлігін Орталық Азия мен Қазақстанға бұру жобасының» техникалық - экономика негіздемесінің негізгі ережелерінде жалпы су балансында Ертіс өзені неғұрлым халық шаруашылығы мақсатында, соның ішінде егістерді суландыру мақсатында пайдалану үшін қолайлы өзен ретінде атап көрсетілген болатын. Соның ішінде Ертістің Семей қаласынан басталып Ресейдің Омбы облысымен шектесетін аралығында жатқан жердің болашақ үшін суландырудағы маңызы зор екендігі көрсетілген.

Сондай-ақ 1976 жылы «Казгидроводхоз» институты жасаған «Ертіс өзені бассейінінде суармалы жерлерді орналастыру схемасында» аталған аймақтың алқаптары суландыру мақсатында пайдалану үшін неғұрлым қолайлы екендігі жазылған.

Мұның сыртында Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігі «Сібір суларының бір бөлігін Орталық Азия мен Қазақстанға бұрудың» техникалық-экономикалық негіздемесін қарай келіп, Ертіс өзені бассейнінде орналасқан осы өңірдің 2-2,5 миллион гектарын суландыру жөнінде ұсыныс жасаған еді. Әңгіме міне, аталған жердің Қазақстан аумағындағы бөлігін суландыру туралы болып отыр.

Демек, Тоқтар Басабиков көрсетіп отырған далалық алқапты суландыру мүмкіндіктері осыдан көп бұрын білікті мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен әбден зерттелген. Оны енді қайта зерттеп жатудың да қажеті жоқ. Тек ақсақал айтып отырған Семей су жинақтау электр стансасын салу мүмкіндіктерін қарастырып, оның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлесе жетіп жатыр. Ал бұл жобаның тиімді екендігін кезінде білікті мамандардың пікірлері дәлелдеген. Мәселен, соның бірі техника ғылымдарының докторы, профессор А.Тұрсыновтың осыдан ширек ғасырдай уақыт бұрын бұл еңбекті оқып таныса келе берген мына бір тұжырымына назар аудара кетейік.

«Т.А.Басабиковтің «Ертіс өзенінде Семей СЭС-ін салудың баламалы схемаларының бірі» атты еңбегінде Семей СЭС-інің орнына су жинақтау электр стансасының торабын салу жөнінде ұсыныс жасалады. Бұл екі стансаның да қуаттылығы бірдей. Бірақ Басабиков ұсынып отырған су жинақтау электр стансасы бірқатар артықшылықтарға ие. Бұл жоба Семейден 11 шақырым төмен жерден Ертістің бойында биіктігі 10 метрлік бөген тұрғызуды көздейді. Сонда осы бөген бойында сиымдылығы 180 миллион текше метрді құрайтын шағын су қоймасы пайда болады. Бұл су қоймасының бір ерекшелігі ол өзеннің бойымен ұзағынан созылып жататындықтан оның маңайындағы көп жерлер су астында қалып кетпейді.

Екіншіден, бөген арқылы қалыптасатын су қоймасының ұзынынан созылып жатуы өзен ағысын баяулатып, жинақталған судың жылынуына және онда кеме жүздіруге жағымды ықпал етеді.

Жобаның тағы бір басты артықшылығы – оны салу шығынының аздығы. Ол Семей су электр стансасын салуға қарағанда шамамен алғанда 2 еседей арзанға түседі. Оның үстіне, су жинақтау электр стансасының салынуы энергожүйенің пайдалану сапасын әлдеқайда арттырады. Өйткені, мұндағы жылу стансасы тұрақты түрде жұмыс істейтіндіктен оған жұмсалатын отын шығындары және жылу агрегаттарының тозуы әлдеқайда азаяды. Сөйтіп онда өндірілетін электр қуатын мейлінше тиімді жағдайда пайдаланылатын болады». Тоқтар Басабиков ұсынған жобаға берген қорытындысында А.Тұрсынов бұл жобаның басқа да артықшылықтарын атап көрсеткен.

Сонымен қорыта келгенде Тоқтар Басабиковтың бұл жобасын жүзеге асырған жағдайда біз не ұтамыз?

Біріншіден, еліміз қосымша 1 миллион гектар жаңа суармалы жерге ие болады. Қазіргідей азық-түлік бағасының жылдан-жылға шарықтап отырған кезеңінде бұл Қазақстан үшін жаңа байлық көзі болып есептеледі. Себебі, біздің қолымыздағы кейбір мәліметтерге қарағанда, Қазақстандағы суармалы жер көлемі өте аз. Оның қазіргі көлемі 1 миллион гектар ғана. Алайда осы азғана жерден алынған өнімнің құны республика бойынша алынған жалпы өнімнің 25 пайызын құрайды екен. Демек 6 гектар тәлімі егістен алынатын өнімді бір гектар суармалы егістен алуға болады. Міне, сондықтан да суармалы жер дегеніміз біздің барша жер байлығымыздың алтын қоры болып табылады. Ертіс суын егінге пайдалану арқылы біз осы байлықты еселей түсетін боламыз.

Екіншіден, жаңа салынған станса жыл бойында тұрақты жұмыс істейді. Егер жерді суландыру үшін пайдаланылатын насос стансасы жылына ең әрі кеткенде үш-төрт ай ғана жұмыс істеп, басқа уақыттары бос тұратындығын, бірақ соған қарамастан оны күту мен күзету үшін қызметкерлердің едәуір штаты ұсталып, олар тұрақты түрде еңбекақы алып отыруға тиіс екендігін есепке алатын болсақ, стансаның тұрақты жұмыс істеуі жағдайында осының өзінен талай қаржы үнемдеуге болатындығына көз жеткіземіз. Мәселен, осы уақытқа дейін Бесқарағай далалық өңірінде 96 насос стансасын, Лебяжі далалық өңірінде 19 насос стансасын орнату мәселесі қарастырылған болатын. Бірақ осыншама көп насос стансасы бар болғаны 95 мың гектар аумақты ғана суаруға арналып орнатылмақ. Ал Басабиковтің жобасы болса, 1 миллион гектар аумаққа дейін суару мүмкіндігін береді.

Семей қаласының адамдары үшін жазда суға шомылып, демалатын жаңа бір орынның пайда болатындығы, кеме жүзу мүмкіндігі қалыптасатындығы – жобаның тағы бір артықшылығы.

Тағы бір үлкен артықшылық, егер 1 миллион гектар жерді қолдан суару мүмкіндігі пайда болса, осы өңірде жүздеген жаңа шаруашылықтар құрылып, адамдар тиімді де пайдалы еңбекпен шұғылдана алар еді. Олар ең кем дегенде миллиондаған тонна астық пен бақша өнімдерін, малазықтық дақылдарын өндіріп, еліміздің азық-түлікпен қамтылуына орасан зор үлес қосатын болады.

Сондай-ақ 60 гектар жерге ағаш отырғызу мүмкіндігі пайда болып, Семейдің қылқан жапырақты орманын қалпына келтірудің және дамытудың қосымша жолдары пайда болады.

Сонымен «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, бұл жоба кезіндегі Сібір суларын Қазақстанға бұру мәселесіне кішігірім балама да болып табылған болар еді. Бар айырмашылық, Обь өзені арқылы Торғай үстіртіне су шығару мәселесі кейінге қалдырыла тұрады. Оның есесіне, біз Ертіс суындағы өз үлесімізді Ресей мүддесіне және су бөлудің халықаралық тәртібіне нұқсан келтірмейтіндей деңгейде өзімізде алып қалатын боламыз. Осы арқылы өнім жақсы шығатын қара топырақты өңірді суландыру мүмкіндігіне ие боламыз.

Тоқтар Басабиков ақсақал ұсынып отырған жобаны жүзеге асырудың осындай көптеген пайдалы жақтарын және білікті мамандардың бұл жобаны қолдаған пікірлерін ескере келе осы мәселені еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде жариялап, оны Үкімет пен оның Инвестиция және даму министрлігінің, Су ресурстарын басқару комитетінің және осы іске мүдделі болуға тиіс Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары әкімдіктерінің назарына салғанды жөн көрдік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға