Жаңалықтар

Ернияз Нұрғабылов: Өмірдің өзі математикалық есептен тұрады

Әлемдік додаларда топ жарған жас ғалыммен сұхбат
Ернияз Нұрғабылов: Өмірдің өзі математикалық есептен тұрады
07.09.2017 11:42 7924

 Назарбаев Университетінде оқу - әрбір талапкердің арманы. Дегенмен, бұл білім ордасының шәкірті атану кез келгенге бұйыра бермесі анық. Талмай еңбек етіп, ғылымға ұмтылған адамға қай оқу орны болмасын есігін айқара ашады. Сондай жандардың бірі  - Ернияз Нұрғабылов. Қарапайым ауыл баласының жеткен жетістіктері - көпке үлгі. Осы орайда, математикадан әлемдік жарыстарға қатысып, ел намысын қорғап жүрген жас ғалыммен сұхбат құрған едік.

— Ернияз, білім саласындағы жетістіктеріңе қарап, алдына мақсат қоятын және соған жете білетін адам екеніңді аңғаруға болады. Жалпы, болашаққа жоспарды қалай құрасың?

—  Кез келген адам болашағын жоспарлау керек деп ойлаймын. Ал жоспардың жүзеге асуына қажетті уақыт мөлшері сіздің алға қойған мақсаттарыңызға байланысты болады. Керемет бір мақсатқа жету үшін, 50 жыл бұрын жоспар құрып жататындар бар. Дәл сол сияқты бір-екі жылда қол жеткізуге болатын мақсаттар болады. Ең бастысы жоспар құру емес - сол жоспарды жүзеге асыратын жолдарды таба білу. Сонда ғана жоспарың — айқын, мақсатың — қолжетімді болады.

— Өзің жайлы, сенің математикаға деген сүйіспеншілігіңді оятқан, алғаш мектеп табалдырығын атттаған мекен жайлы айтып өтсең.

— Талдықорған қаласының маңында Бақтыбай деген кішігірім ауыл бар. 6-сыныпқа дейін осы ауылда оқыдым. Кейін білімімді тереңдету керек екендігін түсініп, қаладағы лицейге бардым. Осылайша, 7-сыныптан бастап күнделікті ауылдан қалаға келіп оқып жүрдім. Ол үшін әрине таңертең сағат 6-да тұрып, жолға шығып такси ұстап, қалаға жеткен соң ары қарай автобусқа отырып баратынмын. Алғашқы кездері мен отырған таксидің артынан әкем өз көлігімен еріп отырған екен. Мен оны білмеппін, кейін бір байқап қалдым. Менің ынтамды байқаған ата-анам бетімнен қақпағанымен, мен үшін іштей қатты алаңдаулы болған екен. Көп ата-ана «перзентім қиыншылық көрмесін» деп баласына барлығы қолжетімді болатындай жағдай жасайды, қалаған нәрсесін сатып алып береді. Бұл — қателік. Осылайша ата-ана өз баласының бойындағы талпынысын, мақсатқа деген ұмтылысын жояды. Иә, ата-анасы көмектесуі керек баласына, бірақ бағыт-бағдар беруші ретінде ғана. Мысалы, бір зат керек болса, оны бірден сатып алып бермей, оған қалай қол жеткізуге болатынын түсіндіріп, бағыттау керек. Яғни, балаңыз жақсы оқу орнына түссін десеңіз, бірінші оның білімге деген махаббатын ашу керек деп ойлаймын. Маған ата-анам ешуақытта «мына мектептен оқы болмаса мына университетке түс» деп айтпаған. Олар тек менің білімге деген ықыласымды оятып, ары қарай барлығын өз қолыма табыстады.

— Математикаға деген қызығушылық қалай пайда болды?

Бұл қызығушылық менде бала күнімнен болды. Басқасын білмеймін, әйтеуір есеп-қисапқа жүйрік болдым. Жалпы, математика сол мектептегі косинус, синуспен, болмаса теңдеулерді шешумен аяқталып қалмайды. Оның аясы өте кең. Өмірдің өзі математикалық есептен тұрады. Мысалы, бүгінде көпшілігіміздің интернетсіз күніміз жоқ. Ал осы жүйенің өзі математикадан құралған. Қазір отырып Америкадағы бір досыңызға хат жазсаңыз, сол хатыңыз түрлі алгоритмдердің арқасында жетеді. Бүгінде мобильный банкинг деген бар, иә. Сіз ақшаңызды біреуге жібересіз немесе үйде отырып-ақ бір сайтқа ақша аударасыз. Жіберген ақшаңызды алаяқтар жолда ұстап алып, өздеріне алып қалмауы үшін, қандай да бір қауіпсіздік керек. Осыған орай, математикада жай сандар деген болады. Сол жай сандардың ерекше қасиеті интернеттегі қауіпсіздікті қаматамасыз етеді. Жалпы, мен өзімнің осы математикаға жақын екенімді түсінгеннен кейін олимпиадаға қатысамын деп жоспарладым. Лицейде оқып жүргенде өзімнің болашақ жаттықтырушым - Сергей Полянскиймен таныстым. 7-сыныптан бастап сол кісінің жетекшілігімен түрлі олимпиадаларға қатыса бастадық. 9-сыныпқа көшерде қаламызда Назарбаев зияткерлік мектебі ашылатыны жайлы естідім. Математика мен физикадан емтихан тапсырып, нәтижесінде сол мектепке түстім. Жалпы бұл мектеп біздегі білімнің фундаментін қалап берді десек те болады. Бір қызығы, менімен бірге осы мектепке жаттықтырушы ұстазым да ауысты. Сол кісінің көмегімен көптеген республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы болдым. Осы мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ, мен Назарбаев университетіне түсуді жоспарладым  әрі түсетініме де сенімді болдым. Бұл оқу орнының бізге берер мүмкіндіктері мені бірден қызықтырды.

— Қатысқан олимпиадаларың жайлы айтып өтші.

Әлемдік деңгейде International Mathimatical Olympiad деген олимпиада өткізіледі. Оған бүкіл әлемнен 150 мемлекет қатысады. Бұл олимпиада математика саласы бойынша ең жоғары дәрежелі сайыс болып есептеледі. Осы олимпиадаға мен екі рет қатыстым. 10-шы және 11-сыныпта. Аргентинада өткен алғашқы жарысымда күміс медаль алдым. Ал 11- сынып оқыған тұста бұл жарыс Колумбия қаласында өтті. Бұл кезде жүлдем қоладан болды.

Назарбаев университеті - еліміздегі бірегей оқу орны. Осы университеттің түлегі ретінде бұл білім ордасының қандай артықшылықтарын атап өте аласың?

Бұл университет шәкірттеріне тек білім берумен ғана шектелмейді. Бізге мұнда еркін ойлауды, орынды пікір айта білуді үйретті. Біз мысалы ұстаздармен тек дәрісханада ғана емес, университеттен тыс, қоғамдық орындарда да емін-еркін сөйлесе береміз. Кез келген уақытта олардың кабинетіне кіріп, өзімізге керек сұрақтарды қоя аламыз. Ол сұрақтар тек сабаққа ғана қатысты болмауы мүмкін. Болашақ жайлы, қандай саланы таңдағанымыз дұрыс немесе белгілі бір қиын жағдайдаларда ақыл сұрап, жиі кеңесіп тұрамыз. Жалпы, университеттегі 4 жыл көзді ашып жұмғанша өтіп кетті. Диплом алатын күннің қалай жақындап қалғанын байқамай қалдым.

— Дипломыңды қолға алып, жас маман ретінде жұмысқа кірісіп кеткен боларсың?

4-курста оқып жүрген кезімде мені computer vision technologies деген IT компания жұмысқа шақырды. Сол компанияда мен көлік қозғалысының қауіпсіздігімен айналысып келемін. Бүгінде Астанамыз үлкейіп жатыр, соған байланысты халықтың саны да көбейіп отыр. Жаңа жолдар мен ғимараттар салынып жатыр. Мұның барлығы қаладағы көліктердің көбеюіне әкеп соғуда. Мұндай қалада өмір сүру қолайлы болу үшін көлік қозғалысы қауіпсіз болу керек. Менің жобам осы салаға байланысты болып келеді. Біз қаладағы көліктердің қозғалысын реттейміз. Ол үшін осы көшеде ілініп тұратын камераларға арнайы программа жаздық. Кімде-кім тым жылдам жүретін болса, немесе қандай да бір ережелерді бұзатын болса, соны біз автоматты түрде программамен анықтаймыз және бірден ескертеміз. Бұл салада жұмыс істеу маған өте қызық. Мұнда біз түрлі алгоритмдерді ойлап тауып, өзіміз үшін түрлі жаңалықтар ашамыз. Кейде тым қызығып кетіп кешкі сағат 10-11- ге дейін тапжылмай отыратын кездеріміз болады.

«Еліміздің болашағы - жастардың қолында» дейміз. Бүгінгі жас ұрпақ қандай боуы тиіс? Көз алдыңа қалай елестетесің?

Қазіргі жастарды new generation деп атайды ғой. Қазіргі жаңа буынның көзқарасы, танымы басқаша. Заманның ағымына сай, мына ақпараттық технологиялар дамыған тұста жастар тоқтап қалмай, үнемі өздерін жетілдіріп отыруы керек. Елбасымыз да үздіксіз білім жайлы жиі айтады және мен онымен толықтай келісемін. Себебі қазіргі уақытта қолыңа бір диплом алып, сонымен 50 жыл бойы жұмыс жасауға болмайды. Білім үздіксіз болуы тиіс. Қандай да бір жаңалық шықса, бірден соны меңгеру керекпіз. Сонда ғана біз бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіре аламыз. Сондай-ақ, болашақта жер шары қандай болады?  Жер шарындағы экологияның жағдайы не болмақ? Міне осыған жастар бас қатыруы керек. Мына елімізде өткен ЭКСПО-2017 көрмесі бізге көптеген мүмкіндікке жол ашты. Бұл көрме арқылы отандық ғалымдардың көбі өз жобаларын көрсетіп, инвесторлар тапты. Әлемде болып жатқан жаңалықтарды бірінші болып меңгеретін күн туды. Қазір бүкіл әлем жасыл экономкаға ауысып жатыр. Міне, соның барлығын мына біз, жастар жақсылап меңгеріп, қолданысқа енгізіп, ел игілігіне айналдыруымыз керек. Ал оны лезде меңгеру үшін жан-жақты әрі үздіксіз білім қажет. Қазіргі уақытта үш тілді еркін меңгерген жас өзіне кез келген жерден ойып орын ала алады. Сондықтан үш тілді жетік білуге ұмтылуымыз керек. Әрине, қазақ тілі - ана тіліміз. Оны жетік білу -парызымыз. Ал орыс тілі мен ағылшын тілі бізге ғылым-білімді игеріп, оны қолданысқа енгізу үшін қажет. Және ең бастысы, заманның ағымына ілесемін деп білім қуып, қанша ілгері ұмтылсақ та өткеннен қол үзбеуіміз керек. Яғни, өзіміздің төл тарихымыды, ұлттық мәдениетімізді, ата-бабаларымыз жасаған ерліктерді ұмытпауымыз керек. Яғни өз жеріміздің, еліміздің, ұлтымыздың патриоты болуымыз қажет. Сонда ғана біз мәңгілік ел боламыз.

— Әңгімеңе рахмет! Ғылыми жаңалықтарың көп болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға