Ермек Маржықпаев Грекиямен өтетін матч алдында Қазақстан құрамасына қолдау білдірді
Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы плей-офф кезеңінің жартылай финалы аясында сырт алаңда Грекия футболшыларымен шеберлік байқасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл – екі құрама үшін де өте маңызды ойын. Жеңіске жеткен құрама Еуро-2024 турнирінің финалдық кезеңіне шығуға тағы бір қадам жасаса, жеңілген құраманың Қарт құрлық біріншілігінде доп тебу мүмкіндігі тағы төрт жылға шегеріледі.
Ұлттық құраманың маңызды матчы алдында Туризм және спорт министрі футболшыларға қолдау білдіріп, үндеу жасады:
Біздің жігіттерді сырт алаңда маңызды матч күтіп тұр. Миллиондаған қазақстандықтың арманы орындалуына бірер қадам қалды. Жігіттер, сендер үлкен тарих жасап жатсыңдар! Бүгінгі кездесуде сіздер ел намысы үшін бар күш-жігеріңізді жұмсап, алаңның әр бұрышындағы доп үшін таласта аянып қалмайтындарыңызға сенімдіміз»,- деді Ермек Маржықпаев
Қазақстан мен Грекия құрамалары бұған дейін жасыл алаңда екі мәрте кездесіп, екеуінде де қарсыластардың мерейі үстем болған. Бірінші матчта Грекия өз алаңында 3:1 есебімен жеңіске жетсе, Алматыдағы қарымта кездесуде 1:2 есебімен басым түскен еді.
Грекия – Қазақстан матчы 21 наурыздан 22 наурызға қараған түні Афина қаласында өтеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 00:45-те басталады. Бәсекені Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады.