Жаңалықтар

Ермек Маржықпаев Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президентімен кездесті

Ермек Маржықпаев Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президентімен кездесті
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі 22.03.2024 10:11 689

Ермек Маржықпаев пен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев елордадағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоғанмен кездесіп, алдағы Ойындарды ұйымдастыруға қатысты бірқатар мәселені талқылады.

Атап айтқанда, тараптар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын елдердің географиясын кеңейту, демеушілерді тарту, Ойындардың халықаралық телехабарларын ұйымдастыру және 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушыларын әуетасымалдау бойынша жәрдемдесу жайын сөз етті. Сонымен қатар Ермек Маржықпаев пен Біләл Ердоған кездесу барысында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Қазіргі уақытта Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы – әлемдегі серпінді дамушы спорттық ұйымдардың бірі. Жақында Анталиядағы 6-шы этноспорт форумы ұйымның қазіргі уақытта әлемдегі дәстүрлі спорт пен ойындарды дамытудың негізгі қозғаушы күші екенін растады.

Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бірлесіп ұйымдастырушысы мәртебесін алуымен құттықтаймын. Бірлескен күш-жігер арқылы қатысушы елдердің кең географиясы қамтыла отырып, Ойындар жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. 2022 жылы Изник (Түркия) қаласында ұйымдастырылған төртінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аса жоғары деңгейде өткенін айтқым келеді. Әлемнің 102 елінен 3000 астам спортшының қатысуы – Ойындардың ауқымды болғанының көрсеткіші. Бұл сөзсіз Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы командасының үлкен үлесі», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Сонымен қатар жиын барысында Ермек Маржықпаев пен Біләл Ердоған келесі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізетін елді анықтау мәселесін қарастырды. Бұл мәселені Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің жастар және спорт министрлері отырысының күн тәртібіне енгізу ұсынылды.

Кездесу соңында министр Ойындарды ұйымдастыру комитеті ресми іс-шараларға қатысу үшін Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының делегацияны қабылдауға дайын екенін жеткізді. Ал Біләл Ердоған өз тарапынан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ойдағыдай өткізуге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға