Жаңалықтар

Ермек Маржықбаев жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын отандық атлеттердің жайымен танысты

Ермек Маржықбаев жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын отандық атлеттердің жайымен танысты
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі 18.01.2024 19:09 877

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығы Канвон провинциясының Каннын қаласындағы Олимпиада қалашығына барып, спортшылар және бапкерлермен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ермек Маржықпаев IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысуға келген атлеттеріміз орналасқан бөлмелерді аралап, жалпы жиналыс өткізді.

Бәріңізді осында, жарыс өтетін жерде көргеніме қуаныштымын. Қаншама қонақ пен спортшылардың келгенін өздеріңіз көріп жатырсыздар. Барлығы 70-тен астам елден 1800-ге жуық спортшы бар. Сіздерге күнделікті тынымсыз еңбектің арқасында осында келудің сәті түсті. Отбасыларыңыз, жанкүйерлер мен бүкіл Қазақстан сіздерге көз тігіп, қолдау көрсетіп отыр. Айтарым, тек қана алға!, - деді Ермек Маржықпаев.

Осыдан кейін Олимпиадаға дайындық бойынша штабтың басшысы министрге делегацияның жұмысы туралы баяндады. Делегация өкілдері қазіргі таңда Қазақстаннан келетін спортшылардың екінші кезегін қалашыққа орналастыру, жаттығу кестесін үйлестіру бойынша жұмыс істеп жатыр.

Жиыннан кейін Ермек Маржықпаев делегацияның жауапты өкілдеріне командаға барлық жағдай жасауға атсалысуды тапсырды.

Айта кетейік, IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасының салтанатты ашылу рәсімі ертең, 19 қаңтарда Каннын қаласындағы конькимен жүгіру спорт кешенінде (Gangneung Oval) өтеді. Ал жабылу салтанатын 1 ақпанда «Gangneung Olympic Park» спорт кешені қабылдайды.

Канвон-2024 ойындарына 14 пен 17 жас аралығындағы әлемнің 80-ге жуық елінен келген 1800 спортшы қатысады. Мұнда 7 спорт түрінің 15 бағдарламасы бойынша 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан намысын 5 спорт түрінен 41 атлет қорғайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға