Ермұхамед МӘУЛЕН: "Бізге комментаторларды даярлайтын курс керек!"
Қазақ спорт комментаторларына "Журналистер күні" (Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні) қарсаңында алты сұрақ жолдап отырмыз. Өйткені, қазір футболдан Әлем чемпионатының ең қызған шағы. Көрермен қазақ комментаторларының әр сөзін бағып, сынын да, құрметін де жеткізіп жатыр. Осыған байланысты бүгінгі қазақ комментаторларының аз-маз пікірлерін білуді жөн санадық. Бүгінгі қонақ – «ҚазСпорт» арнасының журналисі, спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен!
Сұрақтар:
1. Қазір отандық спорт комментаторларына көңілі толмайтындар жетерлік. Айтылып жатқан сын шаш етектен, осыған не дер едіңіз?
2. Өзіңізді кәсіби спорт комментаторымын деп есептейсіз бе?
3. Футболдан алғаш Әлем чемпионатын жарыстың басы қасында жүріп жүргізу қаншалықты артықшылық, қаншалықты жетістік?
4. Бізге комментаторларды даярлайтын мектеп керек пе?
5. Ресей комментаторларынан кімді үлгі тұтасыз?
6. Салалық спорт түріне қарай бейімделуге қалай қарайсыз? Бізді құртатын осы «әмбебаптық» емес пе?
Жауаптар:
1. Комментаторлар тарапына сын айтыпты деген бұрыннан келе жатқан үрдіс. Комментатор елдің бәріне бірдей ұнапты дегенді естіген емеспін. Месси мықты ма, Криштиану мықты ма деген сияқты ол да бір даулы мәселе. Біреу бір сөзіңді ұнатса, біреу тура сол сөзге қадалып алады. Мені сынайтын бірнеше адам бар. Сол кісілердің сынына құлақ асамын. Қалғаны мен үшін маңызды емес. Көшеде үрген әр итке жауап бермеймін. Сынның өзі үшке бөлінеді. Қарапайым көрерменнің пікірі мені аса қатты толғандырмайды. Егер жалпы бұқараға жүргізгенім ұнамаса басшылар мені қызметімнен алып тастар еді.
2. Мен қазір өзімді кәсіби комментатормын деп есептемеймін. Бірақ, соған жақындап келе жатқан сияқтымын. Уақыт өте ол биікке де жетермін. Әзірге бір басымда екі жұмыс бар. Екі қызметті қатар алып жүрмін.
3. Әлем чемпионатын алғаш рет жарыстың басында жүріп жүргізу бұл әрине, тамаша! Бірақ, алғашқы тәжірибе болғандықтан техникалық ақаулар орын алды. Эфирдің бергі жағында көрермен не болып жатқанынан бейхабар. Комментатордың жарыстың басы қасында жүріп қызмет еткені бұл Қазақстаннан өзге мемлекеттерде аса қатты жаңалық емес. Дәстүрге айналған. Біз де соған ұмтылуымыз керек.
4. Комментаторлар даярлайтын мектеп керек. Мектеп емес дәлірек айтқанда арнаулы курс болса. Шамамен 3 ай сол курсты оқып, сертификат алса жеткілікті деп білемін. Ол арнаулы курста білімді, тәжірибиелі адамдар, тіл мамандары сабақ беруі керек. Негізі оны ұйымдастыру аса қатты қиын шаруа да емес.
5. Ресейлік комментаторлардан Владимир Стогниенконы үлгі тұтуға болады. Оның жүргізу стилі сараптамалық әдіс. Біздің Қазақстанның аудиториясына жақсы келеді. Таза футбол туралы. НТВ-ның өзге комментаторлары да мықты. Черданцев, Дементьевтер өте сауатты, әрі тамаша әңгіме өрбіте алады. Бірақ, тура солардың айтқан әңгімесімен пара-пар қалжың айтсаң, Қазақстанда «кешірілмес күнә» жасағандай сынға ұшырайсың. Өйткені, біздің жанкүйерлердің де, көрермендердің де деңгейі Ресейдегідей емес. Ғаламторды қарап-қарап футбол тарихын жатқа білетіндер өздерін шолушымын деп есептейді.
6. Бір салаға бейімделу жалпы ойымда бар. Негізгі жүргізетін салам футбол ғана болмақ. Түбі комментаторлар әмбебаптықтан салалыққа көшуі керек. Мен тек қана қолдаймын. Және соны алғашқы болып өзім бастағым келеді.