Ерлікке тағзым
Ажал мен азапқа толы, талай боздақтың өмірін қыршыннан қиған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 73 жыл толды. Бұл тарихтағы ең ауқымды әрі адамзат баласын орасан қырғынға ұшыратқан алапат соғыс болды. Қан майданда төрт жылға созылған фашизмге қарсы күрес батыр бабалардың арқасында жеңіспен аяқталды.
Қан мен тер арқылы келген Жеңіс күнін жақындатуға қазақстандықтар да өлшеусіз үлес қосты. Жауға қарсы атылған он оқтың тоғызы қазақ даласынан шыққан болаттан құйылды. Отан қорғауға аттанған ерлеріміздің ерлігін дәріптеу, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, мақтан тұту – біздің борышымыз.
Ардагерлердің қатары жыл өткен сайын сиреп келеді. Сұрапыл соғыстан аман қалып, ортамызға оралған ардақты ардагерлерді әрқашан да сый-құрметке бөлеу – перзенттік парыз. Оңтүстік Қазақстан облысында майданға жасақ жинау 1941 жылдың 24 маусымында басталды. 1941 жылдың қыркүйегінде Мемлекеттік қорғаныс комитетінен түскен қаулы бойынша халықты майданға дайындау жүргізілді. Әсіресе, 8-10 сынып оқушылары мен студенттерді дайындау қолға алынды. 1941-1944 жж. Шымкент мұғалімдер институтында 326 пулеметші, 58 граната лақтырушы дайындалып, олардың ішінен 175 студент Қызыл Армия қатарына шақырылды.
Бүгін біз майдангер атамыз Қарабай Қалтаевтың ерлігін дәріптегіміз келеді. Шымкент темір жол училищесін бітіріп, слесарь-автоматшы болып жұмыс істеп жүрген Қарабай Қалтаев да 1942 жылдың қыркүйек айында майданға аттанды. Ол 1923 жылы 5 мамырда Шымкент облысы, Ленгір ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген еді. Әкесі Қалтай шаруа отбасынан шыққан. 1929-1930 жж. ұжымдастыру кезінде Қалтайдың мүлкі кәмпескеленіп, 1930-1932 жж. ашаршылық кезінде аштықтан көз жұмады. Жетім қалған Қарабайды және ағасы мен әпкесін анасы Шымкенттегі балалар үйіне өткізеді. 1933 жылы анасы қайтыс болып, аштықтан ағасы мен әпкесі де өмірден өтеді. Жалғыз қалған Қарабайды жақын ағайындары асырап алады.
Қарабай Шымкент қаласындағы Қ. Спатаев атындағы қазақ орта мектебін тәмамдаған. Мектепті бітірген соң, медициналық техникумға түскенімен, стипендия төлемегендіктен оқуды тастауына тура келеді. 1940 жылдың күзінде Шымкент темір жол училищесіне оқуға түседі. Оқуды бітіріп, слесарь-автоматшы болып еңбек жолын бастады.
1942 жылы армия қатарына шақырылып, Ивановск облысы, Тейково қаласындағы әуе десанты дивизиясына қабылданды. Онда екі айлық әскери дайындықтан өтеді. Кривой-Рог ауданында шайқасқан 15-ші гвардияшы атқыштар Харьков дивизиясының 20-шы гвардияшы танкіге қарсы дивизионының құрамында соғысты. Ингула, Ингульец өзендеріндегі соғыстарда Қарабай Қалтаев станокты пулемет пен 25-30-ға тарта немістің көзін жойды. Осы ерлігі үшін қатардағы Қ. Қалтаев ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Сол кезде СОКП қатарына қабылданады.
Қарабайға Молдавия, Польша аумақтарындағы көптеген отты жолдардан өтуге тура келеді. 1945 жылы 27 қаңтарда Холбендороф ауданындағы соғыста сержант Қалтаев екі танкіні және екі қауіпті қаруды, екі қол пулеметін қиратып, 25 немістің көзін жояды. Ерлігі мен төзімділігі үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.
1945 жылы сәуір айында үш танкіні, төрт зеңбіректі, төрт станокты пулеметті және жаудың елуден астам солдаты мен офицерінің көзін жойды. Ерлігі мен әскери шеберлігі үшін старшина Қалтаев 1945 жылы 15 мамырда І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталып, аталған орденнің толық иегері атанды. Ол соғысты Прага қаласында аяқтайды.
Қарабай Қалтаев соғыстан 1947 жылдың наурызында оралды. Шымкент қалалық комитеті оны милиция органына жұмысқа қабылдайды. Қатардағы милиционер, учаскелік инспектор қызметін атқара жүріп, Ташкент қаласындағы КСРО Ішкі істер министрлігінің екі жылдық мектебіне оқуға жіберіледі, оны жақсы дипломмен бітірген майор Қалтаев 30 жылдай милиция органында қызмет етті. Бұл қызметте де көптеген наградаға ие болады. «Милиция үздігі», «Мінсіз қызметі үшін», басқа да бірнеше Құрмет грамотасымен марапатталған.
1983 жылы Днепропетровск облысы, Криворожский ауданы, Чкалов ауылдық кеңесіне аудан-ауылдардың бостандық алуының 40 жылдық мерекесін атап өту салтанатына шақырылады. Жастарға патриоттық тәрбие беруге белсене араласқаны, «Ингулецкий плацдарм» мұражайын құруға көмек көрсеткені, ауылды неміс солдаттарынан азат етуге қатысқаны үшін Чкалов ауылдық кеңесінің атқару комитеті Қ. Қалтаевқа Чкалов селосының «Құрметті азаматы» атағын берді.
Ал, 1995 жылы Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» атағын да алды. 1996 жылы Шымкент қаласындағы бір көшеге оның аты берілді. Сол кездегі «Новый поселок» көшесі қазір «Қарабай Қалтаев» атымен аталады. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Құрмет орденімен марапатталды.
Бүгінде Ұлы Отан соғысының ардагері Қарабай Қалтаев дүниеден өтсе де, артынан ерген ұл-қыздары, қазақ халқы ол кісінің жасаған ерлігін ешқашан ұмытпайды.
Кейбір мәліметтер Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметінен алынды