Жаңалықтар

Ерлік пен қаһармандық қасиеттерін танытқан тарихи тұлғалар

Өшпес есімдер
Ерлік пен қаһармандық қасиеттерін танытқан тарихи тұлғалар
Фото: © El.kz 15.07.2021 12:44 8013

Сонау бір өткен дәуірдегі елім деп еңіреген ата-бабаларымыздың ерлік істері көптеген кітаптарда аталып жүргенімен, олардың жеке өмірі мен өсу жолы жөнінде мәліметтер жеткіліксіз. El.kz порталы Байахмет Жұмабайұлының «Өшпес есімдер» деп аталатын кітабына сүйене отырып, Алтай өңірін мекен еткен, Шыңжаңның әр жеріндегі елге аты мәлім тарихи тұлғалардың жалпы өмірі туралы сыр шертеді.

Елінің есіл ері, ерен көшбасшысы

1894 жылы болатын, мына Алтай Керейлерінің бір кезде Әбілпейіске дейін барып «Еліміз иесіз қалды. Хан тұқымынан адам апарып елімізге ие етпесек, көршілес елдің қақпайына ұшырайды екенбіз» деп қиыла жүріп Көгедай, Жабағы, Самен атты үш ұлын шешелері Тұмар ханыммен бірге көшіріп әкеліп, өздері Көгадайды хан көтергеннен бастап Төре ауылындағы бұлжымас көп қағидалардың бірі «Төре Төреден қыз алып, қыз бермесе, қарадан қыз алып, қыз бермейді» деген қағида сақталып келді. Сол қағиданы Көгедайдың бүгінгі ұрпағы Жеңісқан күң бұзып, бұрынғы әйелі Айпараның үстіне қарадан шыққан Түгелбайдың жас қызы Метікені ханымдыққа алатын болғанда мынау ортадағы Төре мен қара таңдайын қағып, таң қалыспағаны болмады.

Ақылды да зерек қыз Метіке орта шарықты отбасында өскендіктен, бар мен жоққа көнімді, пысық та қағылездігін көрсетіп, Төре ордасының жұмыстарына араласып қана қоймай, күңнің оң қол уәзіріндей сенімді ақылшысы болғанымен, алты жылдай бала көтермей жүріп, жетінші жылы шекесі торсықтай, балпанақтай ұл тапты. Ханымның шілдеханасы, балаға ат қою, бесікке салу деген рәсімдер рет-ретімен думанды өтіп жатты, осы қуанышта бұл өңірде беделді, әжептәуір оқымысты сары абыздың тұқымы Сәбит дамолла кітап ашып, сәбиге ат қоюын өтінеді.

Мынау ерке Ертіс пен тентек Қыран өзенінің құйғанында дүние есігін ашқан сәбидің бақыты мен болашағына кітап ашқан дамолла осы қасиетті қос өзеннің бойында Төре ауылында дүниеге келген нәрестенің ертең-ақ елінің қасиетті адамына айналуын тілеп, араб тіліндегі қасиет, яғни «Шарап» деген сөзге тоқтап, «Амандық болса, осы тұқымның ертеңгі жалғастырушы мұрагері болары қақ қой» деп болашақ хан болуын тілек етіп, Шәріпқан деп азандап ат қояды.

Қасиетті ананың сары уызынан мәйек алып, апасы Айпараның ақылымен ер жеткен Шәріпқан бейне ертегілердей толысып өсіп, өте тұлғалы, бойшаң, басы қара қазандай, жанары оттай болып ержетіп, зор үміт байқатады.

Метіке шеше ендігі жерде ордадағы ұрпақтарының білімді болып өсуіне айрықша мән беріп, Семейден татар Біләл хазіретті, Сәбит дамолланы, Қайырдин хазіреттерді алдырып, Шәріпқанға діни сауат аштырумен қатар орыс тілі, басқа да пәндерден дәріс бергізіп жүйелі оқуын қаузады, басқа балалардай емес, айтылғанды екі етпейтін, алғыр да зерделі Шәріпқан ұстаздарының назарына ілігіп, отбаасында қуантып, ертеңінен зор үміт күттірген.

Сөйтіп білімге ынтық Шәріпқан ауыл балаларымен ойнап жүріп моңғол тіліне жетілсе, орысшаны және араб, парсы тілдерін игеріп шығады да, ендігі жерде өз білімін бұдан да тереңдете түсу үшін 1922 жылы қазіргі Қазақстанның Жайсаң өңіріне барып, орыс мектебінен білім алмақ болып жатқанда, сол кездегі қоғамдық жағдай оның бұндағы оқу орайынан айырып, амалсыз еліне қайтады.

Шәріпқанның жаста болса еті тірі, өжет, әрі өмірге талпынғыш болғаны сонша, сол кездегі саяси ортаға құлағын тұрумен қатар өз ортасындағы артықшылықтар мен кемшіліктерді тез аңғарып, елді қалай басқару жұмысына дейін көңіл бөліп, өз пікірін ашық ортаға салып алға басарлығын аңғартып отырды, сондықтан жас Шәріпқан елдің ертеңіне бақыт жарату арманымен Үрімжі қаласына барып, үкіметтің аудармашысы болған Баймоллаға кезігіп, өзін қалай да өлкелік үкіметтің төрағасы Яңзыңшыңға жолықтыруын өтінеді.

Шәріпқан бұл жолы зор үміт, асқақ арман арқалай келгендіктен, Яңзыңшыңға арнап сый ретінде қазақтың жабдықтаулы киіз үйін тарту етуге әкелген болатын. Яң төраға киіз үйді көрген жерден, осындай ірі тарту ала келген әрі жол-жосынға қанық Шәріпқанға сүйене қарап, одан зор үміт күтеді де, оның надандық жайлап, оқу-тоқусыз жатқан көшпенді моңғол, қазақ ұрпақтарына арнап Үрімжі қаласынан бір мектеп ашып беру талабын табанда орындайды. Міне, Шәріпқанның арманы іске қосып, өлкелік оқу-ағарту мекемесінің жауаптысы Люуынлуңның ұйғаруымен сол кездегі заң мектебінің (фажың шуетәң) бірнеше бөлмесін босатып, Моңғол-Қазақ «Мың-ха шуе таң» мектебін ашады. Шәріпқан осы мектептен бірінші қатарда өзі оқи жүріп өлкелік үкіметтің ақылшысы міндетін атқарумен қатар мектептің жауаптысы жұмысын да қоса атқарады.

Шәріпқан талабымен ашылған Моңғол-Қазақ мектебіне 1923 жылы жер-жерден 80 оқушы оқыса, 1924 жылы оқушы саны 150-ге жеткенде, Яңзыңшың өзінің төңірегіне тек надандарды топтап ұстап, білімділерге тежеу салу саясатын қолдану мақсатында бұдан кейін мектепке оқушы санын шектеп қабылдауды өтінеді.

Шәріпқан Үрімжі сияқты мәдениет орталығында тұрғандықтан, мұндағы Совет консулы Тәжиденмен қарым-қатынас орнатып, орысша үйреніп, түрлі кітаптар алып оқыса, қытайша сауатын да жетілдіріп, ішкі аймақтарда шығатын «Шығыс журналы», «Азат ұлт әдебиеті», «Дүние» журналдарын оқып, өзінің дүниеге деген көзқарасын айқындап қоймастан, өз төңірегіне алға басар адамдарды топтап, саясат, заң, замана жөнінде талқы өрістетін болды.

Шәріпқанның Үрімжідегі ықпалы жыл сайын артып, оның біліміне тамсанатындар, болашағынан үміттенетіндер молыға бастағанын көрген Яңзыңшың мұндай пәлекетті төңірегінен тез кетіруді ойлап, 1927 жылы оны қаншама тобыр адамның ішінен өзінің Шыңжаң көлемінде тұңғыш рет қазақ халқынан әкім шығарып отырғанын алға тартып, үкіметтің Шәріпқаннан зор үмітті екенін айта отырып, Алтайдың Бурылтоғай ауданының әкімдігіне тағайындайды да, сөйтіп, Үрімжіден жылжытып жібереді.

Шақаң бұл жұмыстан бас тартпады, Бурылтоғайға келген сәттен, біріншіден, үкіметтегі парақорлыққа күрес жүргізсе, екіншіден, тың жер ашып, халықтың кілең малмен ғана шұғылданбай, егіншілікпен айналысуын ұйымдастырады. Жолы болғанда осы бірінші жылдың өзінде егіншілер мол өнімге қол жеткізіп, алдағы жерде басқалардың егіншілікке деген белсенділігін оятты.

Шәріпқан қайда болса да, «Ұлттың болашағы, ұрпақтың бақыты оқу-ағартуда» дейтін өмірлік мұратын мұнда да іске асырып, кезінде Жайсаңда оқыған білімді Құрманғали молда сияқты адамдарды арнаулы іздеп барып, оларды өзіне шақырып, Ахмет Байтұрсынұлы әрпінде бала оқытуына шарт-жағдай жаратады. Осылайша халықтың тұрмысын түзеп, ұрпақтарды мектеп құшағына молынан енгізген Шақаң Бурылтоғай ауданы Алтай аймағына үлгі болып, барлық жақсы нәрсені Бурылтоғайдан үйрену науқаны басталады.

Барған жерінде арынымен де, дарынымен де төбесін көрсеткен Шәріпқанның ықпалы Алтай аймағының дауыңы (уәлиі) Жаң Миң Уа да Шәріпқанмен байланысып, осы кездегі саяси жағдайларды бірге әңгімелесе жүріп, ел экономикасын арттыруға ат салысады.

Бұл кезде Шыңжаңдағы дара билеушілердің тек халық байлығын өздері ғана иеленіп, олардың тұрмысымен есептеспей отырған жағдайын көрген Шәріпқан кезінде Алтай аймағы Бейжіңге төте қарап, өзін-өзі басқаратын аймақ болып тұрған жағдайын қайта қалпына келтіргенде ғана Алтай халқының еңсесін көтеруге болатынын түсінеді. Бұл жөнінде жоғары-төменге шапқылап, ел ағалары мен зиялылардың қолын қойдырып, орталық үкіметке арыз жазу әзірлігін көреді.

Шәріпқанның мұндай идеясын саяси өзгеріс жасау қимылы деп сезіктенген олар бір топ жансыздар арқылы Үрімжі үкіметіне жеткізеді, бұдан хабар алған Яңзыңшың дереу адам жіберіп, Шәріпқанды қайта Үрімжіге шақырып алады.

1930 жылы Үрімжіге келген Шәріпқан ендігі жерде мынау тынышсыз ортада еркіндік, бостандық іздеп торғайдай тозы шығып, Шанхай, Гәнсу өлкелеріне дейін босқан халыққа тыныштық орнату жұмысымен айналысса, бір жағынан Жыншурын үкіметіне қарсы диқандар көтерілісін тыныштандыру үшін оны Қожаниязға (Ұйғыр) елшілікке салғандықтан, бұл кездегі былыққан ортадан баз кешкен Шәріпқан бір түнде Үрімжідегі үйін Алтайға көшіріп зытып береді. Мұнда келісімен Алтайдағы Уи Жіңгоны талқандап, Алтай халқын азаттыққа жеткізу үшін көтеріліс қосын топтайды.

1933 жыл болатын, Шақаң енді өзі армандаған Алтай халқының тұрмысын жақсарту, оқу-ағартуын дамыту, мәдениетін өркендету жұмыстарына кіріседі. Совет одағынан баспа машинасын алдырып, «Шыңжаң Алтай газеті», «Ерікті Алтай» журналдарын шығарады. Зайсан өңірінен түрлі оқулықтан 3000 дана әкеліп, ауылдан бастауыш мектептер ашады. Сөйтіп, ұрпақтар көкірегіне білімнің шамшырағын жағады. Халық тұрмысын жақсарту үшін Совет Одағынан екі трактор, бұлық, соқа, шөп машиналарын алғызып, елдің егін шаруашылығымен шұғылдануына жұмылдырады, сауда-саттыққа жол ашып, шекара саудасын жандандырады.

Шақаң осылайша елінің көсем серкесі болып, енді арындап-дарындап келе жатқан Совет Одағымен қол ұстасып, «Алты ұранды» жолға қойып отырған Шыңшысай Герман соғысының Москваға өткенін көріп, Советпен достасу үмітін үзеді. Советтің ықпалында болғандардың көзін жоймағанмен, өзіне де қауіп-қатер екенін сезінген Шыңшысай Шәріпқан бастаған ықпалдыларды «Қазақ, Қырғыз, Моңғол құрылтайы» деген сылтаумен 1939 жылы Үрімжіге шақыртып алады да, оларды үйқамаққа қамап, көп ұзамай жан түршігерлік қинап өлтіреді.

Мәнкей мәңгі ел есінде

Арғы атасы Жұртбай, бергі әкесі Мәмидей ізгілікті, инабатты отбасында 1899 жылы дүние есігін ашқан Мәнкейдің азан аты Сыражидин еді. Бірақ, жанары отты, алғыр әрі жұмысқа алымды, нағыз тектінің ұрпағы болған баланың жүріс-тұрысы, қимылына разы болған үлкендер еркелете жүріп Мәнкей деп атап кеткендіктен, тірлікте Мәнкей атымен ел-жұртына танымал болған тұлға.

Мәнкей Алтай өңірінде тұңғыш ашылған мектеп «Абақиядан» білім алды, әкесі Мәмидің тірлігінде халқының қасиетін арттырып, қадірін жеті қат көкке көтеретін бірден-бір жол «Оқу – білім» екенін ескеріп, зыр жүгіре жүріп ашқан Абақиядан білім алғанда, сол кездегі Қазан, Уфа, Бұхар қалаларынан келген ірі зиялылардың қолында оқыған Мәнкей араб, парсы, түрік тілдерін үйренді. Сөйтіп, оның өз дәуірінің алға басар абзал адамдары қатарында халқының оқу-ағартуын дамыту жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, зыр жүгірген еңбегі ел жадында қалды.

Мәнкейдің дарыны мен талантына өзінің оқытушылары ғана емес, ел ағалары да тәнті болды. Сондықтан ол 13 жасында бейсі ордасының хатшысы секілді ел жұмысына араласса, 15 жасында Мингө орталық үкіметі, яғни 1904 жылы 9-айда «Ерке сардар» деген шен беріп, қоғамдық жұмысқа араласу құқығына ие етті.

Мәнкей тәрбиелі отбасында өсіп, әрі жастайынан мұндағы қоғамдық жұмыстардың шет жағасына араласқандықтан, ата-бабасынан келе жатқан «Елді оқу-білім арқылы жетілдіру» дейтін мұратына мұрагерлік етіп, Абақия мектебінің көлемін кеңейту, жабдығын жақсарту, оқу сапасын көтеру үшін басқа да бөлімше мектептер ашып, ұрпақтың кеудесіне білім шырағын жағу жолында сол дәуірдегі билік иелерімен, үкіметпен және байлармен байланыса жүріп, жыл өткен сайын өз арманын іске асыра берді.

1933 жылы 12-айда «Алтай аймақтық әкімшілік мекемесінің» бас хатшысы, «Алтай қауымдық қоғамының» меңгерушісі, «Алтай қазақ, қырғыздарының мәдениетін ілгерілету қоғамының» бастығы, «Жиынгерлікке қарсы тұру ұйымы 5-бөлімшесінің» үгіт жорасы сынды қоғамдық міндеттер арқалайды.

Мәнкей өзіне жүктелген халықтық жұмыстарға белсене кірісті, бәрінен де Алтайдың оқу-ағартуының өркендеуіне, тіптен ұйғұр, моңғол сияқты бұл өңірде жасаған басқа да ұлттардың өз тіліндегі оқуын дамытуға Шәріпқан дутыңмен келісе отырып, айрықша күш салып отырды. Ал халықтың тек көшпенді тұрмыспен ғана емес, егін салу, сауда жасау, алтын қазу сияқты түрлі шаруашылық жұмыстары арқылы елдің әл-ауқатын көтеруіне жол жорық жасап, олардың белсенділігін арттыра білді. Алтай өңірінде «Мәнкей құрған су диірмен», «Мәнкей құрған жүн жуатын мөңкелерді» ашты. Сөйтіп, Мәнкейдің қоғамдағы белсенді іс-әрекеттері жалпы халықты ұйымдастырған жұмыстарынан зор нәтижелер болып жатты.

Мәнкей жасаған дәуір аумалы-төкпелі дәуір болғандықтан, мұнда үркін-қорқын, жаугершілік жағдай көп болып, ел арасындағы тынышсыздықтан бассыздық, дау-шар да молынан кездесіп тұрды. Мәнкей осылардың бәрін тура жолмен шешіп отырды. Бәрінен «Қырық үй қоржа» аталатын қытайлар мен Саржайсаң жауапты раңқайларының мүдделерін қорғау, олардың бас амандығына заң орындарының және үкімет орнының мән беруін қаузаулап, осы ортада берекенің бесігін тербетті. Сондықтан сол кездегі қариялар өз ұрпақтарына Мәнкейдің талай қырғыннан, қылыштың жүзінен өздерін аман алып қалған хикаяларын айтып, Мәнкей мен жүйеден қазақ халқының адамгершілігін, мейірімі мен шапағатын ұмытпау жөнінде ұрпақтарына өсиет қалдырып отырған екен.

Ел үшін ерен еңбегімен көзге түсіп, арындап жұмыс істеп келе жатқан ел ағасының басына 1933 жылы Шыңжаңның билігін қолына алған Шыңшысай 1938 жылдан бастап қара бұлт қаптатты. Алтай өңірінде «Бір тал сіріңке» делосы, «Мылтық жасыру делосы», «Құпия ұйым делосы» деген жалған фактілерді топтап, мұндағы ел ағасы Шәріпқанды алдап-арбап қолға түсірген соң екінші кезек Мәнкейді әкетеді. «Мәнкей қолға алыныпты» деген хабар тұтас Алтай халқына жеткенде, Өр-Алтайда жатқан ел ағалары Сарсүмбедегі Шыңшысай үкіметіне лап қоймақ еді, Ақтеке бастаған бір топ адам ашулы елге басу айтып, өздері бірнеше адам аяулы ұлдары жолында бастарын қатерге тігіп, Сарсүмбе қаласына дейін барып, үкіметке наразылық білдіріп қайтады.

Айқанында тұрмайтын үкіметтің қылығына кектенген Өр-Алтай халқы және де бақан-балтасын көтеріп, соғыс отын қозғап, аяулы ұлдары Мәнкейді қайтарып беруді өтінеді, бірақ, ашулы ел бұл кезде қапыда қалған еді.

1938 жылы 10-айдың 1-күні Мәнкейді Шыңшысай үкіметі арнаулы айропланмен Үрімжіге әкеп түрмеге қамайды, 1940 жылы енді ғана 41 жасқа келген есіл ерімізді қараңғы қапаста қастандықпен өлтіреді. Халықтың қаһарын көрген Шыңшысай үкіметі 1941 жылы елді тыныштандыру үшін аяулы ұлдарының сүйегін халыққа табыс етеді. Ақылгөй ұлы Мәнкейден айырылған ел-жұрт еңірей жүріп, оның сүйегін әкесі Мәмидің қабірінің қасына жерлейді.

Ұлт азаттығы жолында алпарысқан жауынгер

«Игілік пен ізгілікті қайтсем халқыма арнаймын» деп тірліктерін тынымсыздыққа шегіп жүрген осы шаңырақ әулеттерінде үлкен әкелері Ақтай, Жылқышы, одан кейін өз әкесі Сүгірбай өтсе, ендігі салмақ қаршадай Дәлелқанның өзіне түспесі барма.

1906 жылы Қобданың (сырт Моңғолия) Баян-өлгей ауданында дүние есігін ашқан Дәлелқан ақ ордаларында үнемі болып тұратын жер дауы мен жесір дауының бітімдеріне, елдің ертеңгі тірлігі жөніндегі кеңестеріне құлақ түріп өсіп, сәби санасына ой түйіп жетілсе, ал оқу жасына жеткесін ауыл молдаларының алдын көріп, білім алып, діни сауатымен қоса моңғолша, арапша, тіпті парсыша, орысшаны үйреніп, өз ортасына дарыны мен талантын танытып есейген Дәлелқан бір отбасының ғана емес, бүкіл елінің үмітін арқалаған азамат болып ержетеді.

Дәлелқанның балалық дәуірі Қобда өңірін Шиң хандығы басқаруына алып, бірде Қобданы өз алдында билік жүргізуіне рұқсат етсе, енді бірде Алтай ауданымен қосып басқаратын алмағайып заманда елдің үркін-қорқыны молайып, соғыс оты үдеген шақта өтіп, шекаралары тынышсыз дәуірді көріп өседі. 1911 жылы ішкі патшалық Ресей әскері Ұланбатырды (Моңғолияның орталығы) басып алып, артынша Алтайға көз тігеді.

1917 жылы Ресейде Қазан төңкерісі бұрқ етіп, 1921 жылдары жеңіліске ұшыраған орыс патшасының қалдық күштері – Бәкеш бастаған он мыңнан астам ақтар армиясы Алтай арқылы Моңғолия жеріне өтіп, ондағы Сүгірбай ауылынан мол жәрдем тілейді. Бұл кезде, яғни 1918 жылы Сүгірбай дүние салып, ел билігі ұлы Дөрбітқан қолында еді. Ақтар армиясының қара ниет, қаныпезерлігін көрген және олардың мақсатын түсінген Дөрбітқан оларға жәрдем беруден бас тартып, Совет большевиктерінің шекара қорғаныс орнына хабар жібереді, бұны сезген ақтар табанда Дөрбітқанды атып өлтіріп, мал-мүлкін талан-таражға салады. Осы қырғыннан қашып құтылған бала Дәлелқан ел басына төнген ауырлықты өз міндетіне алады да, Совет шекара қорғанысына барады және қызылдар армиясына ақтарды жоюға жәрдемдесіп, ағасы Дөрбітқанның кегін алады. Міне, осыдан бастап Дәлелхан Совет большевиктерінің ықпалында болып, олардың теңдессіз құдыретіне бас иіп өтеді және өзінің азаматтық жолын таңдайды.

Моңғолияның азат болуына және бесінші құрылтайға қатысқан Дәлелхан елдің азаттығы, ұлттардың берекесі жөнінде сөз сөйлеген дейтін деректерді де естідік.

Жасынан ыстық-суыққа пісіп-жетіліп өскен, өзіндік көзқарасы айқын Дәлелқан ақылына қайраты сай болып ержеткендіктен, елінің назарына бірден ілінеді де, ел бастар көсем серкеге айналады.

Дәлелқан Моңғолия жерінде тұрған кезінде ата жұрты Алтайға кетуді көксейді, сондықтан 1930 жылдары алғаш отбасын Алтайға жөнелтіп, көп ұзамай өзі де оралады. Мұнда келгесін Дәлелхан қаншама халықты соңынан ерте жүріп, ел ішіндегі саяси өзгерістерге құлақ түреді.

1933 жылы 8-айда Шыңжандағы «12-сәуір» өзгерісімен Шыңжанның дубаны (жеке билеушісі) Шыңшысай «Совет үкіметімен ынтымақтасу» сынды алты ұранды көтеріп, халық көңілінен шығатын саясаттарды жолға қойса, Чиңхай, Гәнсу өңіріндегі дүнген қосымдары Алтайға топ-топ әскер жіберуі арқылы «Мұсылман мемлекетін» құруға келген Мәмиң бастаған дүнген сарбаздары ел арасын былықтыра бастайды.

Дәлелқан Шыңшысайдың «Алты ұранын» барынша қолдап, Алтайдағы Шәріпқанның төңірегіне топтасып, көздегені басқа Мәмиң тобын бұл ортадан қуып шығу соғысына белсене қатынасады, атамекенін жат жұрттықтарға бермеу жолындағы майдан берік болды.

Шыңшысайдың «Совет Одағымен ынтымақтасу, жиынгерлікке қарсы тұру» ұранының арқасында ішкі Қытайдан көптеген коммунистер мен демократтар Алтайға енеді. Дәлелқан солардың ықпалында қалады. 1937 жылғы Алтайдағы «Жиынгерлікке қарсы тұру ұйымы» бесінші бөлімшесінің белді мүшесі болады, жапонға қарсы соғысқа халықты ұйымдастырып, қыруар жәрдем көрсетеді. Осылайша көптің көзіне түскен Дәлелқан 1939 жылы 9-айда Үрімжіде ашылған моңғол, қазақ, қырғыз үш ұлт уәкілдері бас қосқан құрылтайға шақырылады, міне, бұл кезде Шыңшысай «Совет Одағымен ынтымақтасу» дегеннен баз кешіп, ішкі Қытайдан енген коммунистерді қырғындау, қызылдардың ықпалында болған адамдарды тұтқындау сияқты саяси өзгерістер туғызады.

Дәлелхан осы жолы, яғни 1939 жылы Үрімжіге келіп, денсаулық мекемесіне жауапты қызметке алынады. Гәнсу, Шаңхайға ауған қазақтарды ата жұртына қайтуға үгітші болады, осы жылы 9-айда Шыңжаң дубан мекемесінің ақылшысы Жу Жың Жиң бас болған «Тексеру комиссиясымен» бірге Алтайға келіп, малшылардың қолындағы мылтықтарды жинау қимылына қатынасады.

1940 жылы орынсыз қоқай көрсетіп, жоқ жерден бәле тапқан Шыңшысай үкіметінің қылықтарына кектенген Көктоғайдағы Есімхан бастаған малшылар Шыңшысайдың Көктоғайға қойған әкімі Шұй Арлиң бастаған он екі адамның басын алып, малшылар көтерілісін бастайды. Осыдан кейін Алтайда Шыңшысай мен халық арасындағы қиян-кескі соғыс үдеп, ақыры Шыңшысай малшыларға уәкіл жіберіп, соғысты тоқтатуды өтінеді, осы уәкілдер ішінде Дәлелқан да бар еді, әрі Алтай ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалады.

Ыза кегі қозған малшылардың көтерілісі толастамады. Шыңшысай үкіметі түрлі әдіс-тәсілдермен ел ағаларын қолға түсіре бастайды, ендігі кезек өзіне келерін түсінген Дәлелқан Алтайдағы Совет консулының көмегімен жасырын түрде Майқапшағай шекарасынан Совет еліне өтіп, Алматы қаласының іргесіндегі Кигіз өңіріндегі тәрбиелеу мектебіне оқуға түседі.

1943 жылы 7-айда Алтайдағы төңкеріс басшысы Оспан Сіләмұлы Моңғолиямен де дипломатиялық байланыс орнатқандығынан Совет үкіметінің жәрдемімен Моңғолия арқылы еліне қайтуға бұйрық алған Дәлелхан ақылшы, кеңесші, телеграфшы деген 11 адам ертіп, Оспанға қосылады. Оспанның әскери командирлерінің бірі болған ол Алтайды азат ету төңкерісіне қатынасады. «Халықтың Шыңшысайға қарсы ұйымы», «Алтайдағы қазақ ұлтын көркейту комитеті» деген ұйымдар құрады, оның басшысы Оспан, ал Дәлелқан орынбасары болып төңкеріс бастайды.

Дәлелқан осыдан бастап Алтайды Гоминдаң үкіметінен азат ету жолында қан кешіп, қар жастанып, мұз төсеніп жүріп, бораған оқ астында соғыс жүргізеді, соның нәтижесінде 1945 жылы тұтас Алтайды азат етеді.

1945 жылы 9-айда «Шығыс Түркістан Республикасы уақыттық үкіметі» төрағасы Әлихан Төре, Ахметжан, Сәйпиден бастаған адамдар Алтайға келіп, мұндағы үкімет құрамын, әскери қосындарды қайта жасақтап, сұрыптап құруды бұйырады. Оспан Алтайға әлі келіп жетпесе де басшылық сайланып, Әріпбай, Шәмсилер орынбасарлыққа тағайындалады және «Алтай атты әскерлер 3-полкі» құрылып, Дәлелхан полк командирі болып бекітіледі. Бұған Оспан разы болмай, «Шығыс Түркістан» уақыттық үкіметі тарапынан өзіне берілген «Дербестік» ордені және подполковник шенін қабылдамай, өзінің алты жыл бойы қан кешіп соғысқандығынан еңбегі еленбей, Өр-Алтай азаматтарынан бүгінгі күні қақпақылға ұшырап отырғанын алға тартады. Сөйтіп, жеңістің нәтижесін жол ортадан қосылғандар мен Советтен келді дегендердің иеленіп кеткеніне наразылық білдіреді.

Міне, осыдан кейін Оспан мен Дәлелқан арасына жік түсіп, ақыры қиян-кескі соғыс жүреді. Дәлелқан өзінің жалпылық мүддеді тұрып, тек бір өңір емес, тұтас елдің азаттығы үшін күреске ынтымақтасу қажеттігін дәріптегенімен, Оспан Дәлелқанды «Қызылшылсың» деп кінәлап, енді өзінің Гоминдаң үкіметімен бірігетіндігін ашық айтады. Сондықтан Дәлелхан Совет үкіметінен мол қару-жарақ және әскери күш алып, ақыр соңында Оспанды Алтайдан қуып шығады.

Дәлелқан халқының тұрмысын жақсартып, оқу-ағарту, мәдениетін дамыту жолында барлық күш-қуатын жұмсайды, соғыстан кейінгі зардаптарды азайтып, елді егін салуға ұйымдастырып, мектеп аштырып, бала оқытумен қатар жетім балаларды бағатын жетімханалар салуға шақырады, ең бастысы, жаңа Алтай құруға үндейді. Соның арқасында 1949 жылдың өзінде Алтай аймағы бойынша 60 жерден әр түрлі мектеп ашылса, оның оқытушы, оқушы сандары 7000-ға жетеді, 50-ден астам орта мектеп оқушылары Құлжаға барып, жоғары мектепте оқу арқылы білімін жоғарылатуға аттанады.

Дәлелқан осындай жеңісті еңбек нәтижелеріне дандайсымай, халықты әлі де дамыған дәуірге жеткізуге құлшынады. Алтайдың уәлиі, әскери командирі Дәлелқан 1948 жылы 9-айдың 13-күні «Шыңжаңда тыныштық және халықшылдықты қорғау одағының» Алтайдағы бөлімшесінің төрағасы болып бекітіліп, осы жылы үш аймақ үкіметі жағынан бірінші дәрежелі «Азаттық» орденімен марапатталады.

1949 жылы 8-айда Жуңхуа Халық Республикасының азат болуына байланысты Бейжіңде ашылатын саяси мәслихаты жиынына қатысу құрметіне ие болған ол оған аттанар алдында Алтайдағы аудан жауаптыларына атқарылар қызметтерді қадағалай отырып тапсырады да, 8-айдың 19-күні Құлжаға бет алады. Құлжадан Ахметжан, Әбдікәрім, т.б. бастаған адамдармен 8-айдың 27-күні ұшаққа отырып Совет Одағының, Байқал ауданының әуе кеңістігіне жеткенде ұшақ апатқа ұшырайды.

Ұлт азаттығы үшін өзінің тұтас ғұмырын арнаған жауынгер азамат осылайша күтпеген қазаға тап болды. 1950 жылы туған халқы аяулы ұлы Дәлелқанның сүйегін туып-өскен топырағы Алтай қаласына әкеліп жерледі.

Елім деп еңіреген ел серкесі

Ата-бабасынан қара көктің тұқымы болған Бұқат 1894 жылы Алтайдың Қыран өзенінің бойында дүниеге келген, әкесі Қанапия 1934 жылдары дүниеден көшкен соң ақылды да парасатты болып өскен Бұқат сол кездегі бейсілікке (қазына басқару министрі негізіндегі уәли лауазымы) ие болады.

Қанапия ордасында зиялы, саудагер, саяхатшылардың шоғыры үнемі бас қосып, ел мен жердің, дау-дамайдың келісімі қозғалып, біліктілердің бітімі өтіп тұратындықтан, осындай ортада өскен Бұқат жақсы мен жаманды көкірегіне түйе өсумен қатар ауыл молдаларынан діни сауатын ашып, беделді әкенің қамқорында орысша оқып жетілсе, өздігінен моңғол тілін үйреніп алады, әкесінің бейсілік лауазымын өз қолына алған соң халқымен етене араласып, адал да әділ билік жүргізеді, соның арқасында елінің қадіріне бөленіп, мәртебесі асқақтай түседі.

Бұқат 1930 жылдардың өзінде аяулы әкенің баулуында Алтай өңіріндегі халыққа оқу-ағарту орындарын ашу, елді егіншілік шаруашылығына ұйымдастыру, мәдениет жұмыстарын өркендету сияқты халықтық жұмыстарға ат салысып, өзін шыңдай түседі. 1934 жылы тақ мұрагері болған соң Алтай көлеміне Совет жерінен зиялы қауымдарын кіргізіп, мұндағы оқу-ағарту жұмыстарын барынша дамытумен қатар әрбір аудандардағы мектептерде ойын-сауық үйірмелерін, дала театрларын ұйымдастырады. Сондай-ақ, елдің теңдікке, бостандыққа қол жеткізуін, езгіден арылып, әйелдер теңдігін алуын өзінің биік мақсаты ретінде қояды, ұлтаралық қатынастарды жақсарту арқылы қоғамның дамуына, адамдар санасының өсуіне барынша мән береді. Өндіріс пен өнеркәсіпті өркендету үшін Совет елінен шаруашылық саймандарын алса, саудагерлердің де көптеп келуіне айрықша көңіл бөліп, олардың сауда жасауына жол ашты.

Өз халқының болашағы үшін өмірін арнап, ерен ерлігімен, ақыл-парасатымен күш жұмсап келе жатқан ел басшысын 1939 жылы Шыңшысай үкіметі Шәріпқан бастаған 40 адаммен қосып, Үрімжідегі «Моңғол, Қазақ, Қырғыз құрылтайына» әдейі алдап шақырып, оларды әуелде үйқамаққа алса, көп ұзамай ресми түрде түрмеге жабады. Сөйтіп, оларды Совет үкіметімен байланысты адамдар ретінде «Қызылдарсыңдар» деп көзін жоймақ болып жатқанда, Көктоғай малшылар көтерілісшілері Алтайдағы Шыңшысай әскерлеріне қырғидай тигендіктен, осы соғысты тоқтату мақсатында Бұқат, Қалел тәйжі, Нәзір, Дәлелқан, Қалман бастаған адамдарды түрмеден босатып, көтерілісші қосынды тоқтамға келтіруге жібереді.

Осы жолы көтерілісші малшылар «Түрмедегі ел ағаларын шығарып беруге» алты түрлі тоқтам шартымен үкіметпен келісіп, соғысты тоқтатады. Бірақ, Шыңшысай үкіметі уәдесінде тұрмай, халықты қырғындап, ел ағаларын нақақтан күстаналауды тоқтатпайды. Әсіресе, 1941 жылы «Жиын» деген сылтаумен Бурылтоғай ауданының Қаратас деген жерінде Қалел бастаған 13 адамды қолға түсіріп, Бұқатты да қоса ұстап, Алтайдан Үрімжіге ұшақпен жөнелтеді. Мұндай бассыздықты көрген Көктоғай малшылары қайтадан атқа қонып, соғыс отын тұтандырады, бірақ егеске қысас қылған жау Шәріпқан, Бұқат бастаған ел ағаларын Үрімжі түрмесінде жан түршігерлік қинаулармен 1943 жылы өлтіреді. Сөйтіп, елім деп еңіреп өткен ел серкесі, есіл ер бұл дүниеден аттанады. Бірақ, оның ізгілікке толы еңбектері елінің жадынан мәңгі өшпей, тарих бетінен орын алды.

Еңіреген ер еді

Ақыл-парасатты, адуын мінезді, ержүрек батыр, қамшыгер әрі шешендігімен төңірегіне танымал болған Сұлтаншәріп әкесі Зуқаға көп ілескендіктен, даланың тұрмысына қанық, заңына жетік білімді азамат болып ержетіпті. Әкесі Зуқа айтқандай: «Осы ұлым өзімнен аспаса кем болмас» деген үмітін ақтаған жаужүрек, парасатты болды.

Сұлтаншәріп барымта-сырымтаның бәріне де қайдан салсаң содан шығатын қырандай болып ержеткен кезінде 1927 жылы сол кездегі Мәгчиң үкіметі әкесі Зуқаның басын алған соң 1935 жылы 150 түтінді соңынан ертіп, Баркөл жеріне кетеді. Сол жылы 15-қазан күні Шонжы жерінде үлкен мал базарын ашып, халықты саудамен шұғылдануға насихаттайды. 1937 жылы мың түтін Шыңшысайдың өктемдігіне қарсы болып, еркіндік аңсап, Дұнхуаң өңіріне барып мекендейді. 1939 жылы Гәнсу, Чиңхай өңіріне қоныс аударса, 1948 жылы Баркөл жеріне қайта оралады. Алайда, 1951 жылы 40 түтінмен 180 жанды бастап, Гималай тауын асып шетелге өтіп кетеді.

Сұлтаншәріптің халықшылдығы, шешендігі, қысылтаяңда ақыл тапқыштығы жайында талай аңыз бар. Оларды бұдан бұрын басылып шыққан «Сағыныш» романынан толығымен оқи аласыздар.

1935 жылдары Баркөл өңірінде тәйжі әрі уаң сайланған Сұлтаншәріпті үкімет өзін халыққа әдейі айдап саларын сезіп, Баркөлден Чиңхай жеріне ауып кетеді, 1948 жылы Сұлтаншәріпті Гоминдаң үкіметінің қалдық күштері Зәкария, Жүзбай, Ырғайбай (шаңия) қатарлылармен бірге жиын деп шақырып алып, оларға: «Ел қолындағы құралды, алман-салықты уағында жинамадыңдар» деп бастарын қатерге қалдырғанын, «Көзеулі бірнеше адамның қолындағы мылтықты жинап, үкіметке тапсыруға уәде бермесеңдер, түрмеде шірітеміз» деп құқай көрсеткеннен соң көп ойланған Сұлтаншәріп бұл қысымға мақұл деп көнеді де, жолдастарын жау қолынан алып шығады. Сұлтаншәріп сол кеткеннен ежелгі түріктер асқан Гималай тауынан мың бір машақатты бастан кешіре жүріп, соңынан ерген елді аман-сау еркіндігі бар ел-жұртқа жеткізуге үдере тартады. Ақыры Үндістан арқылы Түркия еліне жетіп өмір кешеді. Содан 1954 жылы бұл дүниеден өтеді.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға