Жаңалықтар

«Ерлік білекте емес, жүректе»

Өрттен бір отбасын аман алып қалған қызылордалық Көлік полицейі Дархан Әбдікәрімов туралы
«Ерлік білекте емес, жүректе»
Фото: © El.kz 05.02.2021 16:25 6839

Ішкі істер органдарында сын сағатта өміріне төнген қауіптен арашалап адамдарға қол ұшын созып, ерлік көрсетіп жүрген полицейлер жоқ емес. Бейбіт күннің батырлары қашанда мақтау мен марапатқа лайық. Сондай тәртіп сақшыларының бірі – Көліктегі Полиция Департаментінің Қызылорда станциясындағы Желілік полиция бөлімінің Штаб бөлімшесінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Дархан Есенгелдіұлы. Ішкі істер органдарында 2004 жылдан бастап қызмет атқарып келе жатқан тәртіп сақшысы өткен жылы қазан айында бір отбасыны өрттен аман алып қалған болатын.

«Ерлік білекте емес, жүректе»

Бұл оқиға 2020 жылы орын алды. Әдеттегідей таңертең жұмысқа барып, түскі үзіліске үйге келдім. Түскі асымды ішіп болғаннан кейін   жатын бөлмеге барып, теледидар қарап, тынығып алайын деп жатқан болатынмын. Көзім ілініп кетіпті. «Көмектесіңдер, көмектесіңдер... аға өрт, өрт», – деп айқайлап пәтердің сыртқы есігін тоқтаусыз соққан көрші келіншек Жайнаның дауысынан оянып кеттім... – деп әңгімесін бастады көлік полициейі Дархан Әбдікәрімов.

Өрт Қызылорда қаласы Нұрорда мөлтек ауданында көпқабатты үйлердің бірінде орын алған. Дархан да сол үйде тұратын. Ол төменгі қабаттағы көршісінің үйіне көмекке ойланбастан жүгіріп барады. Өрт жуынатын бөлмеден шыққан екен. Алғашында келіншек пен үйдегі қарт әжесі екеулеп өртті сөндірмек болыпты. Кейін оттың өршіп кеткенін көріп, көмекке адамдар шақыра бастайды.

«Ерлік білекте емес, жүректе»

- Іле-шала жалын лапылдап жатқан көршінің үйіне жүгірдім. Барсам үйдің іші көк түтінге ораныпты. Жағдайды бақылап, тез арада электр жарығын толық сөндірдім. Содан кейін үйдегі үлкендер мен кішкентай балаларды оқшауладым. Өзімді ерлік жасадым деп есептемеймін. Менің орнымда болған кез келген адам осындай әрекетке бей-жай қарамай көмекке келер еді деп ойлаймын. Бұл адамгершілікке жатады. Мен қолымнан келгенін істедім, – дейді полицей.

Тәртіп сақшысының сөздерінен оның қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын күзетуді алдына мақсат етіп қойған қырағы полиция қызметкері екендігіне көз жеткіземіз. Өрт шыққан пәтердің иесі Мадина Омарқұлова:

- Біз екінші қабатта тұрамыз. Иіс келіп жатты. Сасқанымыздан көмекке адамдарды шақыра бастадық. Көпқабатты үйде ешкім жоқ. Көбісі жұмыста. Дархан баламның полицей екендігін білетінбіз. Осы әрекетінен-ақ қызметіне деген адалдығын көрдік. Сол күні түскі үзіліске келген уақыты екен. Келінім көмек сұрап барғанда ойланбастан жалаңаяқ көмекке жүгіріп келіпті. Ол өрт сөндірушілер келгенше су тасып көк түтін болып кеткен пәтерімізді, бізді өрттен оқшаулады. Балама алғысымызды білдіреміз. Елге қызмет ету – абыройлы міндет. Осындай ержүрек полицейлеріміз көп болсын, – деп алғысын білдірді.

«Ерлік білекте емес, жүректе»

Полиция аға лейтенанты Дархан Есенгелдіұлы Көліктегі Полиция Департаментінің Қызылорда станциясындағы Полиция бөлімінің Штаб бөлімшесінің аға инспекторы болып қызмет атқарып келеді. Ол қызметіне дейін Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасында Патрульдік полиция батальонының полицейі, Тылдық қамтамасыз ету тобының старшинасы қызметін атқарған. Сонымен қатар Қызылорда станциясы желілік полиция бөлімінің қызметкерлерінің ғимараттарына жарық, сумен қамтамасыз ету, келісім шарттарға отыру, қызметкерлерді киім-кешекпен қамтамасыз ету, бүкіл кіріс-шығыстарымен айналысады.

- Маған өз қызметім ұнайды. Тәртіп сақшысы болу – менің бала күнгі арманым. Елге қызмет ету – мен үшін үлкен бақыт, – дейді бейбіт күннің батыры.

Ішкі істер органдарында қызмет атқарған жылдары абыройлы қызметінің арқасында полицей тәжірибелі маман ретінде көптеген марапаттар мен наградаларға ие болған. Дархан Әбдікәрімов 2019 жылы Көлік полицейінің 100 жылдығына Ресей Федерациясының ұсынылған медалімен марапатталаған. Ішкі істер министрлігінің 2020 жылғы жарлығымен «Құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, «Қазақстан полициясына 25 жыл төсбелгісімен» наградталған. Сонымен қатар қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жұмыста жоғарғы нәтижеге қол жеткізгені үшін және Тылдық қамтамасыз ету саласында 2020 жылы үздік танылғаны үшін ІІМ Көліктегі ПД бастығының алғыс хаттарымен марапатталаған.

«Ерлік білекте емес, жүректе»

Көлік полицейі 1997 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы С. Сейфуллин ауылындағы №137 қазақ орта мектебінде білім алған. Сол жылы Алматы Есеп-технологиялық колледжінің «бухгалтер және есеп» мамандығы бойынша оқып, 2000 жылы аяқтаған. Одан кейін Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «қаржы және несие» мамандығы бойынша жоғары білім алып шыққан. Алғаш 2004 жылы Қызылорда желілік полиция бөліміне электрик болып жұмысқа орналасады. Одан кейін есеп жөніндегі жетекші инспектор болып қызмет атқарады. Офицерлік атақ алу үшін 2017 жылы заңгер мамандығы бойынша Шымкент қаласындағы аймақтық әлеуметтік иновациялық университетінде сырттай білім алады.

«Ерлік білекте емес, жүректе»

Дархан Есенгелдіұлы 2004 жылы отбасын құрған. Полицей бүгінде екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған қамқор әке, адал жар. Тәртіп сақшысының ата-анасы да құқық қорғау саласындағы адал және абыройлы еңбек етіп келе жатқан перзенттерін мақтан тұтады.

- Менің әкем өте мейірімді жан. Біздің қорғанымыз. Мен және інілерім әкемізден үлгі аламыз. Ол – полицей. Адамдарға көмектеседі, бұзақыларды ұстайды, алаяқтарды тәртіпке салады. Көп уақытын жұмыста өткізсе де, бізге уақыт тауып, ойнайды, сабағымызға көмектеседі. Мен әкеммен мақтанамын, – дейді көлік полицейінің қызы Нұрай.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрақтылық пен тыныштық жолында қызмет етіп жүрген ержүрек полицейдің қызметіне табыс, ерлігіне алғыс білдіреміз.

 (Суреттер: Кейіпкердің жеке мұрағатынан алынған)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға