Ерлік жолын таңдаған жас офицер

Қазіргі жас буын – ел болашағының негізі. Егер аспанды бұлт торлап, қиын-қыстау кезең туындаса, оны алғаш болып еңсеруге жастар бел буары сөзсіз. Әрине, ондай күннің тумағаны жақсы. Алайда, әрбір азаматтың ел қорғауға әзір болуы – міндет. Осындай патриоттық сезімі жоғары, жүрегі Отан деп соғатын жандардың бірі – лейтенант Қасымжомарт Рахымжан.
Ол бүгінде – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының Арнайы және әскери тасымалдар орталығының офицері. Оның өмір жолы – Отанға деген адалдықты қызметтен де биік қойған жас офицердің тағдыр тарихы.
Қасымжомарт әскери салада қызмет еткен отбасында дүниеге келген. Оның балалық шағы Сарыөзек гарнизонында, әскери қалашықта өтті. Қатар-қатар орналасқан казармалар мен әскери алаңдар оның тұлғалық болмысының қалыптасуына ықпал етті. Гарнизон халқының ұйымшылдығы, бір-біріне деген қолдауы, ортақ қуаныш пен сынақты бірге көтере білуі оның жадына терең сіңді. Балалық шағында оны қоршаған орта офицерлердің балалары болды. Ол кішкентайынан тәртіпке бағынып, еңбекқорлық пен жауапкершілікке дағдыланды.
жеке мұрағат
Спортпен шұғылдану, күн тәртібімен өмір сүру, үй ішіндегі тәртіпті сақтау, қарындасына қамқорлық таныту – бәрі оның күнделікті әдетіне айналды. «Болам деген баланың он бесінде басы пісер» дегендей, ата-анасы жұмыста көп уақыт өткізгендіктен, ол ерте есейіп, тұрмыстық дағдыларды тез меңгерді.
Жасөспірім шағында, нақтырақ айтқанда он бес жасында, Қасымжомарт болашақ мамандығы туралы терең ойлана бастады. Сол кездері ол әскери бағыттағы арнайы білім беретін «Арыстан» лицейі жайында біліп, оны арманына айналдырды. Ашық есік күніне қатысқан сәтте лицейдегі тәртіп пен білім үйлесімі оған үлкен әсер қалдырды. Ғимараттың сәулеті, оқу үлгісі, әскери тәртіп – барлығы оның ынтасын оятты.
Арыстанға түсу оңай болған жоқ. Мұнда біліммен қатар, ішкі тәртіп, төзімділік пен моральдық дайындық бағаланды. Генерал-майор С.С.Таулановтың жетекшілігімен біз тек білім алып қана қоймай, тұлға ретінде де қалыптастық. Осы жерде жақсылық пен жамандықты ажырата білуді, ар-намыс пен достықты бағалауды, үлкенге құрмет пен ұстанымға адал болуды үйрендім, — дейді ол.
Лицей қабырғасынан кейін Қасымжомарт Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы А.В. Хрулёв атындағы Әскери академияның Теміржол әскері институтына оқуға түсіп, оны үздік дипломмен тәмамдайды. Бұл — оның талапшылдығы мен кәсіби дайындыққа деген жоғары деңгейінің дәлелі.
Елге оралған соң, ол Астана қаласына жолдамамен келіп, Ұлттық ұлан қатарында қызметін бастайды. Бүгінде Қасымжомарт – өз ісіне берілген жас офицер. Әскери формасын мақтанышпен киіп, күнделікті жұмысын ел тыныштығына арнайды.
Ұлттық ұлан — жауынгерлік жанұя. Мұнда жас офицерлерді қызметтің қыр-сырына баулиды. Әсіресе, жауынгерлік қызмет Бас басқармасында ішкі қолдауды анық сезінесің. Әріптестеріме және басшылыққа алғысым шексіз, — дейді лейтенант Қасымжомарт.
Бүгінде оның ең жақын достары — «Арыстан» лицейіндегі сыныптастары. Жылдар мен сынақтардан өткен сол достық нағыз бауырластыққа айналған. Қасымжомарт өз орнын тапқанына сенімді. Ол отбасына, ұстаздарына, тәрбиелеген командирлеріне шын жүректен алғыс білдіреді. Оның ісі — қызмет ету. Оның мақсаты — қорғаушы болу. Оның болашағы — парызға деген адалдықта. Қасымжомарт секілді жас әрі білімді офицерлер көп болса, еліміздің іргесі берік, көк туымыз мәңгі желбірері анық.
