Ерлердің бас киімі
Ұлттық киімнің негізгі құрамдас бөлігі ретінде бас киім аса мәнді, сәнді де ерекше көрінеді. Онда жас, жыныстық және аймақтық ерекшеліктер берік сақталған. Қандай да бір бас киімді киген адамның әлеуметтік мәртебесін немесе діни ерекшелігін анықтауға болады. Мысалға, мұрақты Шыңғыс ханның ұрпақтары болып саналатын төрелер ғана киген (XIX ғасырдың еікші жартысынан бастап «қарасүйек» қазақ шонжарлары да кие бастаған).
Көптеген халықтардың дәстүрлі наным-сенімі бойынша шаш – жанның тұрақтайтын орны. Шаш қойысы мен бас киімінің өзгеруі адамның және оның жанының есейуін білдіреді. Балалардың, қыз бойжеткендердің әлеуметтің мәртебесі жиі өзгеріп отыруына байланысты, олардың бас киімдеріне тағылатын тіл-көзден сақтауыш үкі қауырсыны мен көз тастары айрықша қызмет атқарады. Ырым-тыйымдар жүйесінде бас киімнің төңкеріліп қойылмауы, теріс қаратылып киілмеуі, жерге тасталмауы сияқты салттық жоралғыға негізделген қызметтері де айқындалады.
Мұрақ – лауазымды адамдар киетін, екі жағы қошқар мүйізденіп келген, салтанатқа ғана арналған қалпақ түрі. Мұраққа қарап халық мансапты адамды айырады. Оюлап, өрнектеп, әртүрлі алтындаған, күмістелген жіптермен зерленеді. Мұрақты әр жерде әртүрлі атпен айыр қалпақ, сәукеле қалпақ деп те атап келген. Мұрақты киюдің өзіндің тәсілі болды: оны тік арнайы тігілген шошақ қалпақтың сыртынан киетін болған. Бас киімнің бұл түрінің тек ғұрыптық, салтанаттық қана маңызы болғандығы сондықтан. Өкінішке орай, мұрақтың қазіргі қолданысы мен жасалу техникасы дәстүрлі үлгіге мүлдем келмейді.
Қалпақ – төбесі шошақ, етегі кең келген ерлер бас киімі. Көбіне күзем жүні мен ешкінің ақ түбітін қосып басқан шымыр жұқа ақ киізден тігіледі. Киізден жасалған, ұшы үшкір бас киім алғаш рет Пазырық қорғанынан табылған. Қалпақ төрт және одан да көп сайдан құралып, жиегі қайырмалы болады. Салтанатты ақ қалпақтарды ақ жібекпен кестелеген, айналдыра күміс оқамен көркемдеген, ал шетін жиектеп бау тігістермен әшекейлеген. Осындай қалпақты қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы да киген. Бұл қалпақ Эрмитажда сақтаулы тұр.
Тымақ терісіне қарай сусар, елтірі, түлкі, барыс, бұлғын, далбай, сеңсең, жабағы тымақ, қарсақ, пұшпақ тымақ және пошымына қарай жаба салма, қайырма, төрт сай, дөңгелек төбе, шошақ төбе, жекей тымақ деп бөлінеді. Түлкі пұшпағы, сусар, құндыз терісінен жасалған тымақтар сәнді де бағалы болып саналады. Түлкі тымақты қыста, пұшпақ, жекей тымақты жаз, күз айларында тақия немесе шыт сыртынан да кие береді. Олардың көп түрлері Санкт-Петербургтегі ориенталлиттер көрмесінде көрсетілген.
Малақай – ішкі жағына қатты материал салып немесе жұқа етіп мақта күсіп сырылған, қыста киетін жылы бас киім түрі. Малақайды тысты, тыссыз бітеу деп бөледі. Тысты малақайларды қымбат былғарымен тыстаса, бітей тымақтардың тысы тұтастай аң терілерінен жасалынады.
Бөрік – «бөрі» қасқыр деген сөзден шыққан. Ал, қасқыр түрік тайпасының байырғы тотемі саналған. Бөрік қозы, қой немесе түрлі аң терілерінен әртүрлі үлгіде тігіледі. Төбесі көбінде төрт сай немесе алты сай болып келеді. Қыздар киетін бөріктің төбесіне үкі немесе әртүрлі шашақ тағып, зерлі жіппен кестелеп, меруерт, маржан тізбелер мен алтын немесе күміс түймелер таққан. Аталуы жиегінің белгілі бір аң терісімен көмкерілуіне байланысты болды: құндыз, сусар, пұшпақ бөрік және т.б. Камшаттың үлбірімен көмкерілген бөрік – камщат бөрік деп аталынған. Махмұт Қашқари үлбірлі тымақтарды «камач бөрік» деп атаған. Эрмитажда сақтаулы тұрған камшат үлбірімен көмкерілген бөрік Ш.Уәлихановтың әкесі Шыңғыстікі деп саналады.
Тақия – тысы сыру, кестелеу, қол кестелеу әдісімен тігілген жеңіл әрі шағын бас киім. Жасалу техникасына қарай зерлі, оқалы, үкілі, бедерлі, сырма деп бөлінсе, пошымына қарай шошақ төбе және тікше деген түрге бөледі. Етегі аласа,төбесі төрт сай болып келетін кестелі шошақ тақиялар Оңтүстікті, ал тегеріш тақиялар Орталық және Шығыста көбірек кездессе, жалпақ төбелі, етегі биік, тостаған сияқиы түрлері Батыс өңірге тән. Оны Маңғыстау өңірінде телпек, шығыстағы қазақтар кепеш деп атайды. Іші елтіріден немесе аң терісінен жасалатын, матамен тысталатын бөрікті Арқада тақия дейді. Қазақтардың киетін тақиялары жібек, зер жіптермен кестеленіп, моншақ асыл тастармен безендіріледі. Ертеректе оның шеттері ақ тиіннің, сусар мен бұлғынның үлбірлерімен көмкерілген, күміс және алтын ызбалармен әшекейленген. Суретші П.Қошқаров тақияның нақышталған, қымбат матадан жасалған суретін салған. Ш.Уәлиханов және Жанайдаровқа тиесілі әдемі тақиялар ориенталистердің көрмесінде экспонатқа қойылған.
Жалбағай, балшық, далбай, күлпара деп аталатын бес киім түрлері тымақ тәрізді қалың немесе жұқа матадан да, жұқа ақ киімнен де тігіледі. Олардың пошымы бір-біріне ұқсас. Кең, мол пішілген, бас киімнің ту сыртынан киіліп, иықты жауып тұратын, жауын, желден қорғайтын бас киімнің ерекше түрі. Жаз, күз, көктем айларында киеді. Жаңіл, жылы, қолайлы жұмыс киімі –күлпараның төбесін шошақ етіп пішіп, екі қабат матадан сырып тігеді.