Ерлан Қошанов Бақытжан Базарбекке екінші рет ескерту жасады
Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутат Бақытжан Базарбекке тағы ескерту жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өйткені депутат цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілін президент саясатына қайшы әрекет етіп, Жер кодексінің нормаларын орындау саласында интеграцияны дамытпай отыр деп айыптаған еді.
Сіздер президенттің саясатына қайшы келіп отырсыздар. Біз сіздерге арнайы уақыт береміз, осы уақыт ішінде eGov арқылы заңсыз алынған жер телімдері туралы хабарламаларды электронды түрде алу жүйесін іске асыруларыңыз керек. Егер бұл орындалмаса, мен сіздердің президент тапсырмасына қарсы екендеріңізді айтамын, - дейді мәжілісмен.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутатқа жауап ретінде ескерту жасады.
Бақытжан Базарбек, сіз бүкіл министрлікті президент саясатын орындамады деп айыптап тұрсыз, бұл — өте ауыр айып. «Мемлекет басшысының міндеттері ішінара орындалды» деп айту дұрысырақ болар еді, сондықтан әр сөзіңізді бақылап сөйлеңіз, – деді ол.