Жаңалықтар

Ерлан Қарин Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысын өткізді

Ерлан Қарин Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысын өткізді
Фото: Akorda.kz 22.05.2024 22:00 510

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Отырыста көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру барысы қаралды. Сондай-ақ жиында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлау алдындағы бағдарламасында көлеңкелі экономика деңгейін төмендету міндеті қойылғаны айтылды.

Бұл бағдарламаны іске асыру және бақыланбайтын экономикаға қарсы іс-қимыл аясында жұмысты жүйелі түрде жалғастыруды қамтамасыз ету үшін Үкіметтің былтыр 2023-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарды бекіткені атап өтілді. Атап айтқанда, құжат мұнай және мұнай өнімдерінің, дәрі-дәрмектің, цифрлық активтердің айналымы сияқты бағыттарға қатысты іс-шаралармен толықтырылды.

Осы мәселе бойынша Қаржы мониторингі агенттігі, Қаржы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция министрліктері, «Самұрық-Қазына» АҚ басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Мемлекеттік кеңесші кешенді жоспарда қарастырылған іс-шараларды сапалы орындаудың, негізгі көрсеткіштерге қол жеткізудің, тәжірибені ескеріп, көлеңкелі қызметке бейім басқа салаларды анықтаудың және қабылданып жатқан шараларды жаңартып отырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Мемлекеттік органдар мен мекемелерге жоспардағы тиісті шараларды толық орындау туралы тапсырма берілді. 

Жиын барысындағы талқылауды ескере отырып, комиссия нақты ұсынымдар әзірледі. Отырысты қорытындылай келе, Мемлекеттік кеңесші бірқатар тапсырма берді және оның орындалуы бақылауға алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға