Жаңалықтар

Ерлан Дәкенов: Сайлау – азаматтық ұстанымымды көрсететін мүмкіндік

Ерлан Дәкенов: Сайлау – азаматтық ұстанымымды көрсететін мүмкіндік
Фото: gov.kz 20.01.2023 10:31 1317

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Оның нәтижесінде Жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісі таратылып, кезектен тыс сайлау мерзімі 19 наурызға бекітілді. Осыған қатысты Астана қаласының мәслихатының бұрынғы депутаты Ерлан Дәкеновтың пікірін сұрадық, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.  

Мемлекет басшысы 19 қаңтардағы мәлімдемесінде Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарын сайлау форматын толық түсіндірді. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізімдер бойынша, ал 30 пайызы  бір мандатты округтер бойынша сайланатын болады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына депутаттарды сайлау аралас сайлау жүйесі бойынша елу де елу арақатынасында өтеді. Ал Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен облыстардың мәслихат депутаттары партиялық тізім және аудандық мәслихат депутаттары бір мандатты округ бойынша сайланады, – деді ол.

Сондай-ақ Ерлан Дәкенов жаңа саяси партияларға қойылатын талаптың жеңілдетілгенін атап өтті.

Саяси партияларды тіркеу үшін талап етілген мүшелер саны азайтылды. Бұл жаңа партиялардың құрылуына үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға депутаттық мандаттың 30 пайызы бөлінді. Ол заңмен бекітілді, – дейді экс-депутат.

Ерлан Ерғазыұлы алдағы өтетін депутаттар сайлауына қатысуға ниет білдіріп отыр.

Депутаттыққа халықтың нағыз жанашыры, билік пен халық арасын байланыстыратын, өзекті мәселелерді нақты шеше алатын, қоғам өміріне белсенді араласып, жақсартуға жұмыстанатын азаматтар мен азаматшалар сайлануы керек. Сайлау – азаматтық ұстанымымды көрсету мүмкіндігі. Сондықтан мен де сайлауға қатысамын, – дейді.

Бұрынғы депутат сайлаудан кейін жаңа құрам жасақталуы тиіс деп есептейді. Жастарға да жол беру керек екенін айтты.

Жаңа Қазақстанда жаңа дәуір басталды. Сондықтан жаңа тұлғалардың келгені дұрыс. Шыны керек, бұрынғы құрамға халық тарапынан сенім азайды. Қазір жалындаған жастарға орын беру қажет. Қазіргі жастар өте белсенді, білім алуға, кәсіби дағдыларды игеруге құштар әрі еркін. Олардың тәуекелге баруға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға күштері толық жетеді деп ойлаймын, – деді Ерлан Дәкенов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға