Жаңалықтар

Ерлан Әбіл: Мемлекеттік қызметшілер – қоғамның қаймағы

Ерлан Әбіл: Мемлекеттік қызметшілер – қоғамның қаймағы
Фото: ©ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы/Бақдәулет ҚАРЛЫБАЙ 23.06.2023 12:00 2236

23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күні. Осы орайда ел үшін қызмет ететін азаматтар мемлекеттің айнасы іспетті. Олар билікте жүріп, еліміздің өсіп-өркендеуін, қоғамдағы өзекті мәселелерді халықтың игілігіне шешілуін тікелей қамтамасыз етеді. Мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілмен сұхбаттасуды жөн көрдік.

El.kz: Ерлан Қуанышұлы, мерекеге орай сұхбат беруге уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет. Мемлекеттік басқару академиясы – мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша заңмен бекітілген мәртебесі бар жалғыз жоғары оқу орны. Осы орайда мемлекеттік қызметтің кадр құрамының сапасын арттыру аясында Академия қандай стратегиялық бағыттар бойынша қызмет етеді?

Ерлан Әбіл: Біздің ұйым мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру жолында өз үлесін қосып жатыр. Біріншіден, ол мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырып, оқытып, құзыреттілігін жоғарылатады. Ал екіншіден, мемлекеттік органдарға ғылыми аналитикалық жұмыс пен қолданбалы зерттеу жүргізеді. Үшіншіден, біздегі инфрақұрылымды жақсартады. Оның ішінде цифрландыру, ақпараттандыру, филиалдардың желісін нығайту мәселесі бар. Төртіншіден, озық елдердің белді ұйымдарымен ынтымақтастық орнатады.

El.kz: Академия мен оның филиалдарында жылына қанша мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырады?

Ерлан Әбіл: Елімізде жылына шамамен 25 мың мемлекеттік қызметші академияда білім алады. Олар тек Астана бойынша ғана емес, әрбір облыста орналасқан орталықтарымызға келіп, қысқа мерзімді семинар-тренингке қатысады. Оның үстіне біз қосымша әрбір мемлекеттік органның ұсыныстары мен тапсырыстары бойынша да жұмыс істейміз.

El.kz: Академияға оқуға кімдер түсе алады? Жылына үкіметтен қанша грант бөлінеді?

Ерлан Әбіл: Мемлекеттік қызметшілер – қоғамның қаймағы
©ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы/Бақдәулет ҚАРЛЫБАЙ

Ерлан Әбіл: Бірінші кезекте – академияда мемлекеттік тапсырыс негізінде тек қана мемлекеттік қызметшілер ғана оқи алады. Ол үшін қойылатын белгілі бір талаптар бар. Алдымен үміткерлердің мемлекеттік қызметте ең кем дегенде 2 жыл еңбек өтілі болуы тиіс. Ал докторантураға оқуға түсу үшін 5 жыл еңбек өтілі болуы керек. Кейбір мамандықтар бойынша аталған еңбек өтілінен бөлек, басшылық лауазымда қызмет ету тәжірибесі сынды бір санаты болуы қажет. Сонымен қатар қазақ тілі мен ағылшын тілін білу деңгейін растайтын сертификаттың да болуы қадағаланады. Ағылшын тілі бойынша сертификат докторантура мен «Халықаралық қатынастар» бағдарламасына ғана талап етіледі.

Жыл сайын Үкімет қаулысымен 132 грант беріледі. Оның ішінде 120-сы магистратураға, 12-сі докторантураға бөлінеді. Сол грантты ұтып алу үшін біз конкурс жариялап, үміткерлерді іріктеутен өткіземіз. Бұл орынға потенциалы мол, келешекте қызметін жоғары деңгейге көтере алатын мемлекеттік қызметшілер таңдалады.

El.kz: Ал ақылы негізде оқуға түсетіндердің санына қандай да бір шектеу қойылған ба?

Ерлан Әбіл: Мемлекеттік басқару академиясында ақылы негізде білім алушылардың санын көбейту мәселесі күн тәртібінде жоқ. Олардың санына өзіміз шектеу қойып отырамыз. Үміткерлерді әр жылы әрқалай қабылдап аламыз. Бірақ олардың саны 10-15-тен аспайды.

Академияның оқуына ақылы бөлімді қосудағы себебіміз, аудиторияда мемлекеттік қызметшілермен бірге бизнеспен айналысатын, мемлекеттік емес ұйымда, квазимемлекеттік секторда қызмет ететін, тәжірибесі бар мамандар білім алғаны дұрыс деп есептейміз. Егер олар мемлекеттік қызметшілермен бірге оқитын болса, арада пікірталас пайда болады. Ол мемлекетте қызмет ететін азаматтардың саясатына басқаша көзқарас береді. Сондықтан бізге келген ұсыныстарды іріктеп, мықты деген мамандарды қабылдаймыз.

El.kz: Биыл оқуға қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізілді ме?

Ерлан Әбіл: Иә, осы жылы енгізілген бірқатар өзгерістер бар. Жоғарыда атап өткендей, енді үміткерлердің докторантураға оқуға түсу үшін бұрынғыдай 3 жылдық емес, 5 жылдық еңбек өтілі болуы тиіс. «Халықаралық қатынастар» бағдарламасы негізінде оқу мерзімі сыртқы саясат пен халықаралық ынтымақтастықты іске асыру үшін кадрлар даярлауды күшейту, оның ішінде шет тілдері бойынша тілдік даярлықты күшейту мақсатында 2 жылға дейін ұзартылды. Биылғы тағы бір ерекшеліктердің бірі – мемлекеттік жолдаманы тапсыру мерзімін тамыз айының ортасына дейін емес, маусым айының 29-на дейін қысқарттық. Сонымен қатар осы жылдан бастап модульдік оқыту қағидаты бойынша магистратура мемлекеттік қызметші емес тұлғаларға, яғни квазимемлекеттік және жеке сектор өкілдеріне ғана арналады.

El.kz: 2023 жылы мемлекеттік қызметшілерді даярлауға қатысты заңнамалық актілерге бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Сол жаңашылдықтардың маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.

Ерлан Әбіл: Заңнамаға енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру және мемлекеттік қызметкерлердің дәрежесін жоғарылату. Ал енді осы мақсаттағы өзгерістерге рет-ретімен тоқтала кетейін. Біріншіден, академия түлектеріне жағдай жасаланды десе де болады. Заң бойынша қазір академияны жақсы бағамен тәмамдағандары конкурстық іріктеусіз жергілікті мемлекеттік органдарға орналаса алады. Ол үшін тек қана мемлекеттік істер агенттігі немесе аймақтық департаменттің келісімі қажет болады. Бұл – түлектерге жасалған жеңілдік пен Мемлекеттік басқару академиясының оқу бағдарламасына деген сенім деген сөз. Біз үшін ол – жауапкершілік. Екіншіден, алдыңғы жылдары мемлекеттік қызметшілер академияны бітіріп шыққаннан кейін мемлекеттік қызметте 3 жыл жұмыс істеп, бірінші жыл мемлекеттік органда қызмет етуі керек болатын. Қазіргі кезде бұл норма өзгерді. Оған сәйкес, енді түлектер жалпы 3 жыл қызмет етуі қажет. Яғни мемлекеттік қызметшілер оқуын аяқтаған соң басқа жерде, басқа мемлекеттік органдарда, өңірлерде қызмет ете алады.

El.kz: «Жаңа формация басшысы» жобасының саяси мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырудағы маңыздылығы қандай?

Ерлан Әбіл: Жалпы Мемлекеттік басқару академиясында әр санаттағы мемлекеттік қызметшілер біліктілігін арттырады. Әрине, олардың көбі сарапшылық деңгейдегі және орта басқарушы лауазымдағы азаматтар. Десе де «А» корпусындағылар мен саяси мемлекеттік қызметшілерге де жағдай жасалған. Сол саяси қызметшілерге арнайы «Жаңа формация басшысы» бағдарламасы әзірленді. Биыл олар үшінші жыл қатарынан оқытылады. Бұл бағдарлама аясында біз Назарбаев университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі (NU GSPP) мен Сингапурдағы Ли Куан Ю саяси мектебімен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатырмыз. Бұл жолы да солай болады.

Келешекте «А» корпусындағы мемлекеттік қызметшілерді де арнайы бағдарламамен оқыту жоспарда бар.

El.kz: Жақында өмірден өткен белгілі мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев соңғы бір жылда Академияда дәріс оқыған екен. Ол кісінің дәрісін тыңдауға қызығушылық жоғары болды ма?

Ерлан Әбіл: Өкінішке қарай, Бердібек Мәшбекұлы дүниеден ерте кетті. Ол әкім болып қызмет еткен кездері біздің өңір-өңірдегі филиалдарымызға қолдау көрсетіп жүрді. Жамбыл облысындағы кездесу кезінде бір сөзінде «академияға келіп, дәріс оқығым келеді» деп айтып қалды.

Бердібек Сапарбаев өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Мемлекеттік басқару академиясының профессоры болып арнайы дәріс оқыды. Басшылық лауазымында жүрген мемлекеттік қызметшілерге «Өңірлерді тұрақты дамыту» пәнін жүргізді. Бердібек тек білімі ғана емес, тәжірибесі мол маман болды. Сонымен қатар біз бір курспен шектелмей, қонақ дәрістерді де өткізіп отырдық. Мұндай дәрістерге қатысу мемлекеттік қызметкер үшін үлкен мәртебе болды деп ойлаймын.

El.kz: Сондай тәжірибесі мол қоғам қайраткерлерінен кімдерді шақырып тұрасыздар?

Ерлан Әбіл: Бердібек Мәшбекұлы іспеттес керемет тұлғалар арамызда бар. Бірінші Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі, Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының профессоры Төлеутай Сүлейменов, есеп комитетінде бірнеше жыл қызмет еткен қаржы саласының маманы Алтай Зейнеғабдин. Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов өзінің арнайы курсын өткізіп тұрады. Сондай-ақ Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Қырымбек Көшербаев қонақ дәрісін жүргізді.

Одан басқа мол тәжірибе жинақтаған, өз ойымен бөлісе алатын азаматтарды қуана-қуана қарсы алып, академияның мінбесін беруге дайынбыз. Бірақ мұнымен ғана шектелмей, қазіргі кездегі саяси мемлекеттік қызметшілерді, министр, әкімдер мен олардың орынбасарларын, комитет төрағаларын шақырып, қонақ дәріс өткізіп отырамыз.

El.kz: Мемлекеттік қызметкерлер арасында әлі күнге дейін БАҚ өкілдерімен және қоғаммен дұрыс коммуникация орната алмай жүргендер бар. Академия тарапынан сол бағытта курстар өткізіле ме? 

Ерлан Әбіл: Мемлекеттік қызметкерлердің өзінің кәсіби және жеке бас құзыреттіліктері жақсы дамығын болуы тиіс. Біз кәсіби құзіреттіліктің ішінде коммуникациялық дағдыларға аса маңызды мән беріп отырмыз. Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметкерлердің бәрі бірдей сөз байлығы көп БАҚ өкілдерімен жеңіл сөйлесіп, саясатты қарапайым тілмен түсіндіре алады деп айта алмаймыз. Сондықтан оларды іріктеп алып, медиа өкілдерімен, телерадио кешендерімен бірлесе отырып семинар-трениг өткізіп жатырмыз. Жақын арада Қазақстан телерадио кешенімен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесе отырып, үлкен іс-шара ұйымдастырдық. Ол тек елордада ғана емес, өңірдегі филиалдарымызда да өткізілді.

Болашақта БАҚ өкілдерімен еркін сөйлесіп, арнайы сөзбен жазылған заңдарды қарапайым сөзбен айта алатын мемлекет қызметшілерінің қатары көбейеді деп сенемін.  

El.kz: Жақында су секторы саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін басқарушылардың жаңа буыны даярланады деген жаңалық шыққан еді. Академия бұл бағытта қандай жұмыс жүргізеді?

Ерлан Әбіл: Экология – күн тәртібінде өзекті мәселелердің бірі. Жергілікті органда істейтін мемлекеттік қызметшілер халықтың әл-ауқатын жақсарту ісінде, басқарушылық шешімдерді қабылдауда жан-жақты болуы керек. Мысалы жоспарды 3-5 жылға құру үшін міндетті түрде тек экономикалық жағдайларды ескермей, сондай-ақ климаттың немесе су тапшылығының өзгеруін, адамдардың миграциясын ескеру қажет. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану сынды түрлі өзекті мәселелерді шешу мақсатында түрлі оқу орындарымен бірлесіп қызмет етіп жатырмыз. Бұл жұмысты «Erasmus +» бағдарлама аясында жүргізіп бастадық. Оған 11 жоғары оқу орны мен 5 аналитикалық орталық қосылды. Келешекте мұндай курстардың саны да, сапасы да көбейеді.

El.kz: Алдағы уақытта академияда тағы қандай өзекті мәселелер қаралады?

Ерлан Әбіл: Бүгінде бізге оқытушыларымыздың, магистранттарымыз бен докторанттарымыздың жазған еңбектері, жобалары, ізденіс қорытындыларын мемлекеттік органдарға жеткізу өзекті болып отыр. Академия тарапынан біршама іс атқардық, агенттік тарапынан толық қолдау бар. Енді мемлекеттік органдармен бір жүйелендіру керек. Аталған мәселе жақын арада өз шешімін табады деген ойдамын. Бұл – біздің бірінші міндетіміз. Екіншісі – мемлекеттік апаратты кәсібилендіру кезінде мемлекеттің қызметшілерді дағдыландыру, құзіреттіліктерді дамыту қызметі бойынша әрбір мемлекеттік органдарда персоналды басқару орталықтарымен тығыз жұмыс істеп, олардың сұраныстары негізінде арнайы бағдарламалар жасау.

El.kz: Мемлекеттік қызметшілер күніне орай тілегіңізді арнасаңыз

Ерлан Әбіл: Мемлекеттік қызметшілер – қоғамның қаймағы. Елім, жерім деп соққан адал жүректі, көкірегі ояу, ойы терең, білімі бар азамат пен азаматшалар болғаннан кейін, қоғам үшін жұмыс істеймін деген ниеті болған соң, олардың болмыса да өзгеше. Әрине, қиыншылықтар да, сын-пікірлер де көп. Бірақ мемлекеттік қызметкерлер күні тек Қазақстанда ғана емес, жалпы БҰҰ-ның шешімімен ұйымның барлық мүшелерімен тойланатын үлкен мереке. Біз осы мерекеде мемлекеттік қызметшілердің тағы бір рөлін, адал еңбегін, олардың жасап жатқан игі істерін тағы бір атап өткеніміз жөн. Мен шын көңілден мемлекеттік қызметшілерді құттықтаймын! Қажырлы еңбек жолында тек табыс тілеймін!

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға