Жаңалықтар

Еркін Қыдыр «Құрмет» орденінің құрметін асырды

Республика күні қарсаңында біздің Ерекең «Құрмет» орденімен марапатталыпты
Еркін Қыдыр «Құрмет» орденінің құрметін асырды
22.10.2022 18:18 4052

Журналистикаға бет бұрған кезде Еркін Қыдыр ағамыздың «Ұсақтама, Үкімет» кітабы қолымыздан түспейтін. Көзбен көріп, тілдесіп, бағыт-бағдарын алмасақ та кітабын оқып, жазу өнерінің өзіндік ерекшеліктерін үйрендік. Содан ағамызбен кездесуге құмар болдық. Журналистиканың қыр-сырын меңгеріп, сөздің қасиетін танып, бір жолға түскеннен кейін, Ерекеңнің кітабы жұмыс үстелімде құнды кітап ретінде өз орнын тапты...

Биыл қазақ журналистикасында өзіндік орны бар медиаменеджермен жүзбе-жүз кездесудің сәті түсті. Жоқ! Қызметтес болудың бағы бұйырды!

Өзі «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің сапына қосып, қоғамның түйткілді мәселелері туралы тапсырмарды үйіп-төгіп бере бастады.

Студент кезден кітабын оқығандықтан, ескі таныс адамдарша араласып кеттік те.

Мінезі орнықты. Көзі ойлы, сөзі салмақты. Қарапайым, кішіпейіл.

Берген тапсырмасының маңызын түсіндіріп, мәнін ашып береді. Тек дерек іздеп, спикер таңдап, сөйлетіп, жүйелеп шықсаңыз болды.

– Нұрлат, Қазақстандағы ең өзекті мәселенің бірі – демография. Елдің өркендеуі демографиялық көрсеткішпен есептеледі. Соңғы жылдары бала туу көрсеткіші жақсарғанымен, солтүстік облыстарда бала туу көрсеткіші төмен. Жалпы Өзбекстанмен салыстырсақ, көп нәрсенің мәні ашылады, – деп бағыт көрсетті.

Зерттедік. Зерделедік. Шынында біз «дамып кеттік» деп мақтанып жүрсек, демографиялық ахуалға қарасақ, бәрі керісінше секілді. Бір ғана мысал, 30 жылда Өзбекстан халқына 14 млн адам қосылса, Қазақстанда 2 млн адамға ғана көбейгеніне көз жеткізуге болады. 1989 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бойынша Қазақстанда 16 миллион 536 мың адам болса, Өзбекстанның халық саны – 19 миллион 810 мың адамды құрады.

Өзбекстанда әр 5 жыл сайын 2 миллион адамнан қосылды. Мәселен, 2000 жылы – 24 миллион 591 мың, 2005 жылы – 26 миллион 254 мың, 2010 жылы – 28 миллион 292 мың, 2015 жылы – 30 миллион 680 мың, 2020 жылы – 33 миллион 226 мың адамға жетті. Қазақстанда 2000 жылы – 14 ­миллион 900 мың, 2005 жылы – 15 миллион 75 мың, 2010 жылы – 16 миллион 204 мың, 2015 жылы – 17 миллион 417 мың, 2020 жылы – 18 миллион 632 мың адамға жетті. Елімізде демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтен кейін бұл саланы зерттейтін мамандарды табу қиын. Үкімет те демографиямен бас ауыртып жатқан жоқ. Дәл қазір бала туу көрсеткіші жақсы. 10-15 жылдан кейін бұл көрсеткіш қалай болады? Соған сай әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту маңызды емес пе? Мұнымен кім айналысады?

Міне, Ерекең осының мәнін терең түсініп, өзекті мәселеге қалам тартуды тапсырды. «Санымыз өспей, өркендеу жоқ» деп тақырыпты өзі таңдап берді. Елордалық газетте осылайша көлемді сараптамалық мақала жазуға ұйытқы болды.

Айтқым келгені, Еркін Қыдырда «редакторлық түйсік» бар. Өміршең тақырыпты таңдап, дұрыс бағдар бере біледі. Бәрініне бұрын, ерекше тақырып қоюдың шебері. Бауыржан Омарұлының сөзімен айтқанда, «Еркін – еркін ойдың адамы». 

Сөйтсек, Ерекеңнің журналистиканың жүйрігіне айналуының бірнеше себебі бар екен. Біріншісі, оқушы кезінде-ақ «Аспанда – ақ көгершін» деген суреттеме жазып, «Қазақстан пионерінің» сол кездегі редакторы Бейбіт Қойшыбаевтың ықыласына бөленіп, сөз өнеріне қосылады. Екіншісі, студенттік ортасы «сен тұр, мен атайын» деген мықты жастар болды. Үшіншісі, мықты ұстаздардың алдын көрді. Студент кезінен «Лениншіл жас» газеті бас редакторының орынбасары Ержұман Смайылдың тәлімін көріп, көсіле жазғанын былайғы жұрт жақсы біледі. Расында Ерекең ұлағатты ұстаздардан жолы болған қаламгер. Өзі Шерағаңды құрмет тұтады, ұстазы ретінде сыйлайды. Жазушы Оралхан Бөкеймен сапарлас, дәмдес болғанын мақтан етеді.

Өтпелі кезеңдерде «Егемен Қазақстан» газетінің еңсесін тіктеп, «ел газеті» ретінде брендке айналуында көп еңбек сіңірді.

Республика күні қарсаңында біздің Ерекең «Құрмет» орденімен марапатталыпты.

Құтты болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға